Маңғыстау облыстық сотының үкімімен ерлі-зайыпты Р. және А. Қылмыстық кодекстің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот сотталғандардың күш қолданумен қорқыту және бопсалау арқылы интимдік қызмет көрсететін адамның клиенттері туралы мәліметтерді иемденгенін анықтады.
Өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, жәбірленушілерден 3 млн теңге талап еткен.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы айыптауды қолдап, сотқа сотталушылардың кінәсін растайтын дәлелдемелерді ұсынды. Аталған дәлелдемелер сотпен айыптау үкімін шығаруға жеткілікті деп танылды.
Сот А.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, ал Р.-ға жазаны өтеуді 1 жылға кейінге қалдыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Маңғыстау облысының прокуратурасы қорқыту және ақша беру туралы заңсыз талаптар туындаған жағдайда, дереу «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажеттігін еске салады.