Қостанай облысында өрттен бес баласынан айырылған анаға пәтер берілді
Жітіқара ауданының әкімі анаға материалдық көмек көрсетіліп, өтемақы төленгенін айтты
Жітіқарада өрттен қайтыс болған бес баланың анасына пәтер беріліп, материалдық көмек көрсетілді.
"Информбюро" бағдарламасындағы мәлімет бойынша, қайғылы оқиғадан кейін арнайы құрылған мобильді топ көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды аралап шығып, мамандар угар газын анықтайтын датчиктерді тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Жітіқара ауданының әкімі анаға материалдық көмек көрсетіліп, өтемақы төленгенін айтты. Үлкен баласымен далада қалған әйелге екі кәсіпорын екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Қазіргі уақытта отбасы мүшелері түгел. Әкесі жақында түрмеден босатылған. Аудан басшысы қайғылы оқиғаға дейін отбасы әлеуметтік қызметкерлердің бақылауында болғанын, алайда ол жағдайы жақсы деп саналғанын айтты. Анасы дүкенде жұмыс істеп, балалары мектепте оқыған.
Еске салсақ, қайғылы оқиға қазан айында болды. Өрт кезінде тек 13 жастағы үлкен бала аман қалды. Үйде ересектер болмаған. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына түтін шығатын құбырда қалған газ баллоны себеп болуы мүмкін.