Медитация ерекше нейрондық үлгілер түзетіні анықталды

Медитация ерекше нейрондық үлгілер түзетіні анықталды
сурет: istockphoto.com
437

Медитация ерекше нейрондық үлгілер түзетіні анықталды. International Journal of Psychophysiology журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, медитацияның әсері тек күйзеліс деңгейін төмендетумен шектелмейді, ол ерекше нейрондық үлгілерді қалыптастырады.

Зейінді медитацияның танымалдылығы артқанымен, оның ми мен денеге әсер ету механизмдері әлі де толық зерттелмеген. Нейробиологтар бұл тәжірибенің мидағы тета (4-8 Гц) және альфа (8-13 Гц) толқындарын белсендіретінін анықтады. Тета толқындары терең шоғырлану мен релаксациямен байланысты болса, альфа толқындары тыныштық пен сананың сергек күйіне жауап береді.

Зерттеуді Австралияның Вуллонгонг университетінің ғалымы Александр Т. Дуда басқарды. Ғалымдардың мақсаты – зейінді медитацияның ми белсенділігіне әсерін терең зерттеп, оның демалыспен салыстырғанда ерекшеліктерін анықтау болды.

Зерттеуге 18-35 жас аралығындағы 52 адам қатысты. Зерттеуден бұрын қатысушыларға кофеин, алкоголь сияқты заттардан бас тарту ұсынылды.

Нәтижесінде, зейінді медитацияның ми белсенділігінде айрықша өзгерістер тудыратыны анықталды. Тета және альфа толқындарының жиіліктерінде байқалған өзгерістер медитация кезінде зейінділік пен ішкі шоғырланудың жоғарылағанын көрсетті. Бұл нәтижелер медитацияның қарапайым демалыстан өзгеше екенін дәлелдеді.

«Зейінді медитация мидағы ерекше нейрондық белсенділікті тудырады. Бұл тек босаңсуды емес, сонымен қатар зейінді шоғырландыруды қамтиды», – деді Александр Т. Дуда.

Сондай-ақ, зерттеуде альфа толқындарының кейбір төмендеуі анықталды. Бұл медитацияның зейін мен сананы белсенді қатыстыруды талап ететінін көрсетті.

«Біздің зерттеуіміз зейінді медитацияның мидың күрделі белсенділігіне қалай әсер ететінін ашты. Бұл әдістер медитацияны және оның психикалық денсаулыққа пайдасын түсінуге көмектеседі», – деп атап өтті зерттеу авторлары.

Бұл зерттеу медитацияның миға әсерін түсінудегі маңызды қадам деуге болады. Оның нәтижелері медитацияны денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда қолдануға негіз бола алады.

Серіктес жаңалықтары