Алтынай Нөгербек: Netflix жобасына түсу – маған берілген сый

Алтынай Нөгербек: Netflix жобасына түсу – маған берілген сый
сурет: @altynay.nogerbek
723

Өткен аптада Испанияның Бильбао қаласында Қарлаг тұтқындарының тағдыры туралы фильмнің түсірілімі басталды. Қазақстан мен Испания киногерлері бірігіп түсіріп жатқан бұл кинотуындыға жаһан жұрты жастанып көрген «Қағаз үй» сериалымен танылған әйгілі режиссер Мигель Анхель Вивас жетекшілік етеді. Келесі жылы әлемдегі ең ірі стриминг платформасы саналатын Netflix-тен көрсетілетін бұл тарихи кинода әлем жұртшылығы «Қағаз үй» мен «Элита» туындылары арқылы танитын қос испандық әртіс Мигель Эрран мен Аарон Пиппер ойнайды. Ал қазақстандық әртістерден Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Нөгербек пен Сергей Уфимцев, Дина Тасболатова және Фараби Ақкөзов бой көрсетеді. Түсірілім тобына келесі жылдың басында қосылатын Алтынай Нөгербекке хабарласқан едік.

– «Қарлаг» туралы түсірілетін бұл фильмге қалай іріктелдіңіз? Кастинг Қазақстанда болды ма әлде?

– Иә, кастинг Қазақстанда өткізілді. Негізі, бұл жобаның басталғанына 5 жылдай уақыт болды. Кейін коронавирус салдарынан әлемді пандемия құрсап, жоба жұмысы тоқтап қалды. Сосын ұйымдастырушылар қайтадан кастинг жүргізді. Мен «Сен түсесің» деген нақты жауапты биыл ғана алдым. Біле білсеңіз, кинода «самопробы» деген формат бар. Біз берілген рөлді ойнап, оны таспаға түсіріп, режиссерлерге жібереміз. Мұнда да солай болды. Кейін продюсерлер ол таспаны Испанияға жіберген. Содан соң испан мамандары мұқият қарап, ескертпелерін айтқан. Сосын өз іріктеулерін жасаған. Екінші кезең Алматыда болды. Онда өзім барып, қатыстым. Режиссер Мигель Анхель өзі қатысады деп еді, өкінішке орай сол кезде ол келе алмады. Дегенмен біздің тараптағылар түсірілімдерді бірден оған жіберіп отырды. Содан соң нақты шешім қабылданды.

– Әлеуметтік желіден байқағанымыздай, түсірілім тобы өз жұмысын бастап кетсе керек. Ал сіз Испанияға қашан жол жүргелі отырсыз?

– Мен бұйырса келесі жылы қаңтар айында жол жүремін. Осыған дейін Мадрид қаласына екі рет барып келдім. Бірінші барғанымда режиссермен кездесіп, жобаны жіті талқылап, өз кейіпкерлеріміз туралы әңгімелестік. Екінші сапарда актерлармен чекап болды. Алайда менің серіктесім келе алмай, ақырында рөлді режиссермен бір пысықтап алдым. Бұйырса, өз серіктесіммен қаңтарда түсірілім алаңында кездесемін.

– Бұл жобадағы өз рөліңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз.

– Ондағы менің кейіпкерімнің есімі – Анар. Ол лагерь маңында орналасқан ауыл тұрғыны. Біз тарихтан қазақ халқы зұлмат заманда өзінің жағдайы жоқ болса да, өзгеге барын беріп, мейірімділік, жомарттық танытқанын білеміз ғой. Ата-бабаларымыз қиын-қыстау кезеңде киелі жерімізді мекен еткен барлық ұлтқа өз мейрімін шашып, шапағатын аямай көрсеткен. Осы кинода да менің кейіпкерім сондай кейіптегі ананың рөлін сомдайды. Режиссермен кездескен кезде «Анар ол – Отан» деп айтқан-тын. Сол сөз маған қатты ұнады. Жалпы, бұл туындыда Қазақстаннан менімен қосқанда 4 әртіс ойнайды. Дина Тасболатова Айсұлудың рөлін ойнайды. Ораз атты кейіпкердің рөлін көп жыл бойы Испанияда тұратын, кішігірім түсірілімдерге түсіп, тәжірибе жинақтап жүрген Фараби бауырымыз сомдайды. Сонымен қатар онда М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының белді әртісі Сергей Уфимцев те қатысады. Қалғаны – испандар, орыстар, басқа ұлт өкілдері. Анар Жер-анасы, сондай-ақ ел анасы болса, ал Ораз – қазақ интеллигенциясының бейнесі. Айсұлу – қазақ әйелінің, қазақ жарының кейіпі. Біздің қазақтың әйелдері адалдықты жүрегіне ту еткен жандар ғой. Еліне, жеріне, жарына адал болған. Мұны біз тарихтан да білеміз. Сол аласапыран кезде тұтқынға түскен әйелдерге «Күйеулеріңізден бас тартсаңыздар, балаларыңызды және өздеріңізді лагерьден босатамыз» деп шарт қойған екен. Кейбір әйелдер балаларының бақыты мен болашағы үшін бас тартуға мәжбүр болып, қолхат жазып, босап шығып кетсе керек. Ал көпшілігі, мысалы, сол лагерьде тұрған Мағжан мен Сәкеннің әйелдері өз жарына адал болып, қасқайып соңына дейін шыдаған. Біздің кейіпкеріміз Айсұлу да сол қайсар азаматшалар секілді  – қазақ әйеліне тән тазалық, адалдықтың символы. Қиын жағдайлар, тарихи оқиғалар қашан да көрерменге қызық деп ойлаймын... Көрермен тарихи шындық пен әдеби шындықтан өз шындығын көргісі келеді. Сондықтан бұл да сәтті жоба болар деп үміттенемін.

– «Әлемдегі ең ірі стриминг платформасы саналатын Netflix-тің фильміне түбі бір түсемін» деген мақсат болды ма сізде?

– Мүмкін мұным дұрыс емес те шығар. Дегенмен мен «Осындай жобаға түсемін, осындай режиссермен жұмыс істеймін» деп мақсат қоймаппын. Бар айтарым, шамам келгенше өз ісіме адал болуға тырыстым. Бой түзеп, актриса болғалы бері әрдайым осындай тарихи, салмақты, ой мен із қалдыратын жобаларды таңдап келемін. Көп жағдайда адам өмірі оның таңдауына байланысты өрбіп жатады ғой. Бұл маған Алланың берген сыйы шығар. Әлбетте, мен өте қуаныштымын. Мен түскен «Анаға апарар жол» киносы көп елде көрсетілді. Сол кезде Испанияға да жол түсіп, осы киноны көпшілік назарына ұсынған едік. Сонда бізді қарсы алған елші Бақыт Дүйсенбаев «Испандармен бірігіп, 
Қарлаг-та болған оқиғалары жайлы фильм түсірілсе...» деп айтып қалған еді. Сол кездесу осы жобаның дүниеге келуіне бастама болған іспетті.

– Өзіңіз Netflix көресіз бе?

– Netflix платформасы – рейтингі жоғары, өте сапалы, танымал, әлем аузында жүретін актерлар мен режиссерді қамтыған киноларға толы платформа ғой. Әрине, уақытымды бөліп, ол жерден кино көруге тырысамын.

– Ол платформадан көбіне қандай жанрдағы кинотуындыны қарайсыз? Ең сүйікті киноңыз? 

– Білесіз бе, «ең сүйікті туынды» дегенге жауап беру қиын. Уақыт өткен сайын, адам есейген сайын оның таңдауы да өзгереді. Ол – бір. Екіншіден, өнер деген шексіз ғой. Қазір айналамызда аһ дегізетін талантты режиссерлар мен актерлар көп. Әр жанрда, әр тілде, әр өнер тілінде сөйлейтін керемет жобалар бар. Солардың ішінен «Менің сүйікті кином», «сүйікті спектаклім», «осы режиссер – менің сүйікті режиссерім» деп айту мен үшін қиын. Сондықтан Netflix-тан мен сүйсіне қарайтын картина өте көп. Әр картинадан өз керегімізді аламыз. Мазалап жүрген сұрақтарға жауабымызды табамыз.

– Жуырда «Қорқыт ата» кинофестивалінен жүлделі оралғаныңызды білеміз. Сізді шетелдік киносайыстардан алған жүлдесі көп қазақстандық әртістердің бірі десек, қателеспейміз.

– Иә, мен мұны мақтанышпен айтамын. Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен «Қорқыт ата» түркі әлемі фильм фестиваліне белгілі режиссер, мені әлемге танытқан мықты маман Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» атты туындысын алып бардық. Мен онда Жаһан бегімнің рөлін сомдаймын. Ал Қасым ханның рөлінде ойнаған Данияр Оразаев «Үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алды. Мен ол үшін өте қуаныштымын. Одан бөлек, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген Сатыбалды Төкеевке «Түркі мәдениетіне қосқан үлесі» сыйлығы берілді. Бұл біз үшін мәртебе болды. Біз құр қол қайтқан жоқпыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары