Баланың тамақты талғап жеуіне ата-ана кінәлі емес – зерттеу

Баланың тамақты талғап жеуіне ата-ана кінәлі емес – зерттеу
сурет: istockphoto.com
495

Британдық балаларды зерттеген ғалымдар тамақ талғау генетикалық факторларға негізделетінін анықтады. Зерттеу нәтижесі бойынша, бұл мінез-құлық барлық жаста генетикалық әсерге тәуелді, бірақ ерте балалық шақта қоршаған орта әсерінің де рөлі бар екенін көрсеткен. Бұл туралы Journal of Child Psychology and Psychiatry журналында жарияланды.

Тамақ талғау – бұл белгілі бір дәм мен тағам түріне ғана артықшылық беру. Мұндай адамдар жаңа тағам мен дәмдерді байқап көруден қашқақтайды. Әдетте, бұл мінез-құлық кішкентай балаларда байқалады, бірақ кей жағдайларда ересектерде де сақталады. Тамақ талғау балаларда тағам түрлері аз болғандықтан, оларға қоректік заттардың жетіспеушілігі қаупі төнеді. Бұл олардың ата-аналарына үлкен стресс пен қиындықтар тудырады.

Ғалымдар тамақ таңдағыштықтың даму барысын 16 айлық сәбиден бастап 13 жасқа дейінгі жас аралығында зерттеп, оның генетикалық және қоршаған орта факторларына байланысты қалай өзгеретінін анықтауды мақсат етті.

Зерттеуге Англия мен Уэльсте 2007 жылы туған егіз балалар тобы қатысқан. Бастапқыда зерттеуге 3,854 бала қатысқанымен, 13 жасқа жеткенде олардың саны 970-ке дейін азайған. Тамақ таңдағыштық деңгейі балалардың ата-аналары толтырған сауалнама арқылы 3, 5, 7 және 13 жасында бағаланған.

Нәтижелер генетикалық ұқсастығы жоғары бір жұмыртқалы егіздердің тамақ таңдағыштық деңгейі екі жұмыртқалы егіздерге қарағанда екі есе ұқсас екенін көрсетті. Бұл тамақ таңдағыштықтың генетикалық факторлармен негізделетінін дәлелдейді. Зерттеу көрсеткендей, бұл қасиет бала кезден жасөспірім шаққа дейін тұрақты болып қалады.

Генетикалық факторлар тамақ талғаудың 60%-дан 84%-ға дейінгі айырмашылықтарын түсіндіреді. Алайда, 16 айлық жаста қоршаған орта әсерінің рөлі жоғарырақ (25%) болғанымен, жас ұлғайған сайын оның ықпалы азайған.

Зерттеушілер: «Ата-аналар балаларының тамақ талғағаны үшін өзін кінәлі сезінбеуі керек. Оларды неғұрлым ерте бейімдеу бұл қасиетті азайтуға көмектесуі мүмкін», – деп тұжырымдады.

Дегенмен, зерттеудің кейбір шектеулері бар. Ата-аналардың балалардың мінез-құлқына қатысты хабардарлығы егіздердің тамақ таңдағыштық деңгейінің ұқсастығын артық бағалауға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, зерттеуден көптеген қатысушылардың шығып қалуы да нәтижелерге әсер етуі ықтимал.

Серіктес жаңалықтары