Қазақстандық блогер Түркіменстанда қамауға алынды
Ақпаратты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.
Түркіменстанда «Евро Союз» деген лақап атпен танымал саяхатшы блогер Ерхат Құсайынов ұсталды.
Блогер Алматыдан Абу-Дабиге автостоппен баруды жоспарлап, сапарда болған. Соңғы рет 17 қарашада байланысқа шығып, Самарқанд пен Бұхарада болғаны туралы айтқан. Осыдан кейін блогер әлеуметтік желілерден байланысқа шықпай қалып, достары алаңдаушылық білдірді.
Ерхаттың жоғалып кеткені туралы оның Диас есімді блогер досы бірінші болып хабарлады. Ол өз парақшасында оқырмандарынан көмек сұрап, видео жариялады. Кейінірек Диас Ерхаттың табылғанын, ол Түркіменстанға келіп, мемлекеттік органдармен қиындықтарға тап болғанын жазды.
«Достар, Ерхат табылды! Қазіргі уақытта ол байланысқа шыға алмайды. Тек оның тірі және Түркіменстанда екенін білеміз. Шамасы, сол жақтағы мемлекеттік органдарға қатысты мәселелер бар, визаға немесе құжаттарға байланысты болуы мүмкін, бұл әлі анық емес», – деп жазды блогердің досы.
Ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.
«Оны түркімен шекарашылары өзбек-түрікмен мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін ұстады, біздің елшілік бұл мәселеден хабардар, консул ұсталған азаматпен кездесуді сұрады», – деді Смадияров.