Aqyl Life жобасы басталды
Елордада «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен қала әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп есірткі қылмысы мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі Aqyl Life-2024 жобасын бастады. Іс-шараның алғашқы басқосуы №28 мектеп-лицейде 8-11 сынып оқушылары арасында өтті.
Aqyl Life жобасы оқушылар мен студенттерге дағдыларын дамыту, білім алмасу және жаңа идеяларға шабыт алу мүмкіндігін береді. Жиынға Туризм және спорт министрлігінің өкілі, ҚР ізгі ниет елшісі, қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников, әлеуметтік кәсіпкер, GreenTal компаниясының негізін қалаушы, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров қатысты. Спикерлер кітап оқудың маңызы, кітаптың қиындықтармен күресуге тигізер пайдасы, дамуға шабыттандыратыны және саналы өмір салтын қалыптастыруға көмектесетіні туралы әңгімелеп берді.
Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров бизнесте даму үшін жылына 50 кітап оқу керегін айтты.
– Қазір әлемде 400 мыңға жуық мамандық бар. Жыл сайын оның 500-і жойылып отырады. Бұл маман иелерінің орнын роботтар басып жатыр. Мен мұнымен ешкімді қорқытқым келмейді. Алайда шындық осы. Сондықтан біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Ол үшін жан-жақтылық танытып, түрлі бағыттағы кітаптарды оқуымыз қажет, – деді ол.
Ал қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников кез келген хоббиді монетизациялау арқасында бизнес бастауға болатынын айтты.
– Қазір түрлі аудиокітап бар екенін білемін. Бірақ кітапты парақтап оқу адамға ерекше әсер етеді. Сондай-ақ ақпаратты тез қабылдап, мазмұнын оңай түсінесіз. Себебі бар зейініңіз тек сол кітапта болады. Мен қазір тек бір бағыттағы кітаптарды оқымаймын. Поэзияны да, бизнеске арналған кітаптарды да оқимын. Бұл жан-жақты дамуға көмегін тигізеді, – деді ол.
№28 мектеп-лицейінің директоры Айгүл Құсайынова да өз сөзінде оқушылардың тәрбие мәселесіне көбірек көңіл бөліп жатқанын атап өтті.
– Кітап оқудың оқушылар үшін тәрбиелік мәні көп. Бұл олардың білім алуына көп көмектеседі. Бүгінгі іс-шарадан біздің балалар көп жақсы эмоция алды, – деп түйіндеді сөзін мектеп басшысы.
Есірткі қылмысына және лудоманияға қарсы жоба аясында кітап оқуға байланысты кездесулер, пікірсайыс турнирлері және интеллектуалдық ойындар өткізу жоспарға алынып отыр. Бұл іс-шаралар жастардың сарапшылық ойлауын, шешендік қабілетін және топтық рухын дамытуға ықпал етеді.
– Бүгінде жастардың көбі бос уақытын тиімсіз өткізеді. Мұның соңы лудомания мен есірткіқұмарлыққа алып келуі мүмкін. Осы орайда біз балалардың бос уақытын интеллектуалды ойындарға аударып, қызықты кітап оқуға тарту мақсатында осы жобаны іске асырып жатырмыз. Дебат ойындары кезінде өзекті деген 15-20 тақырып қамтылады. Дебат британдық форматта өтеді. Бір топта екі адам болады. Жастар өте күрделі тақырыптарды талқылай отырып, топтық рухты сезініп, білім жолында жеңімпаз атанып, пайдалы іспен айналысады, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» орталығының маманы Олжас Амангелді.
Aqyl Life жобасы аясында қатысушылар үш қызықты компонентке еніп, тәжірибе алмасады. Жобаның бірінші бөлігі – кітап туралы кездесулер, онда танымал спикерлер өздеріне көбірек әсер қалдырған үш кітаппен бөліседі. Яғни, бұл – жаңа шығармалармен танысып қана қоймай, пікірлестермен оны жан-жақтылы талқылап, пікір алмасу мүмкіндігі.
Екінші бөлігі – дебаттық турнирлер, бұл студенттер арасында дебатты дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай жарыстар – өзекті тақырыптарды талқылауға, оған аргументтер келтіру мен сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуға арналған алаң. Қатысушылар өз пікірлерін білдіреді әрі қорғауға мүмкіндік алады.
Үшінші бөлігі – зияткерлік ойындар, олар елорданың жоғары және орта арнайы оқу орындарының студенттері арасында өтеді. КВИЗ форматы қатысушыларға өз білімдерін көрсетіп және басқа қатысушылармен бәсекелесуге шыңдайды.
Бұл жоба биыл күздің жарқын оқиғаларының бірі ретінде қатысушыларға жаңа білім, идеялар мен ұмытылмас әсер сыйлайтыны анық.
А.Бимендиева