Астаналық паражүзушілер АҚШ-та топ жарды
Қазақстандық паражүзушілер АҚШ-тың Орландо қаласында ерекше қажеттілігі бар атлеттер арасында өткен АҚШ ашық чемпионатында 3 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде иеленді.
Аталған жарысқа үш санаттағы, атап айтсақ, интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар, Даун синдромы және аутизмге шалдыққан атлеттер қатысты.
Биыл Қазақстан пара атлеттері аталған біріншілікте алғаш рет бақ сынады. АҚШ, Канада, Колумбия, Мексика, Жапония, Португалия, Аустралия, Польша және Қазақстаннан келген 100-ге жуық спортшы өзара кім мықтыны анықтады.
Өз санаты бойынша кілең мықтылар жиналған бұл бәсекеде Қазақстан намысын екі астаналық атлет Валерий Югай мен Алпамыс Әмір қорғады. Қос атлет те тартысқа толы жарыста топ жарып, түрлі дисциплинада жеңісті қолдан бермей, жүлдегер атанды. Жарыс қорытындысы бойынша, 17 & Under санатында бақ сынаған Валерий Югай 50 м, 100 м, 400 метрге еркін жүзу сайысында 3 алтын, ал 200 метрге еркін жүзу жарысында 1 күміс жүлдені иеленді. Ал Алпамыс Әмір 18 & Over санатында 50 м, 400 м, 800 метрге еркін жүзу бәсекесінде 3 қола жүлде жеңіп алды.
Білікті бапкер Ернұр Сайлаубектің айтуынша, оның шәкірттері халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, мұндай жетістікке жету үшін тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізген.
«Біз пара атлеттеріміздің іріктеуден іркілмей өтіп, барлық дисциплина бойынша өткен финалдық жарыстарда сәтті өнер көрсеткенін мақтан етеміз. Ендігі кезекте команда 2025 жылы Таиландта өтетін Virtus әлем чемпионаты мен Ташкентте ұйымдастырылатын жасөспірімдер арасындағы Пара Азиада ойындарына дайындалады» – дейді Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының президенті Дина Темірғалиева.
Еске сала кетейік, Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы 2022 жылы ақпан айында құрылған. Бүгінде Қазақстанның 13 аймағында филиалы бар.