«Алты алаштың абыройы аса берсін»: Елдос Сметов Париж сапары жайлы айтып берді
Елдос Сметов Франция сапарын қорытындылады.
Олимпиада чемпионы әлеуметтік желіде Елисей сарайындағы кездесу жайлы жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Ардақты ағайын, жаңалықтан көріп көзайым болғандарыңыздай, Президентіміз Франция мемлекетіне ынтымақ сапарымен барып келді. Ресми сапардың соңғы күнінде Қасым-Жомарт Кемелұлының құрметіне орай Франция Президенті Эмманюэль Макрон мырза Елисей сарайында сән салтанаты жарасқан мемлекеттік қабылдау өткізді. Бұл маңызды шараға Францияның Үкімет мүшелері, белгілі саясаткерлер, іскерлік топ, ғылым және дипломатия өкілдері, сондай-ақ екі елдің көрнекті мәдениет және спорт қайраткерлері шақыру алды. Қатарда елім деп жүрген Елдос ұлдарыңыз да бар. Мен үшін бір қуанып қойсаңыздар болады. Кеш жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысының құрметті тобында болу мәртебесі бұйырған барлық замандасымызды көргеніме қуаныштымын. Франция мемлекеті біздің елмен ынтымақ достығының деңгейі қандай екенін Президентінің біздің көшбасшымызды қарсы алуынан-ақ көрген боларсыздар. Лайым алты алаштың абыройы осылай алты құрлыққа аса берсін», – деп жазды Елдос Сметов.