Павлодарда науқасқа асыққан жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады

/
Павлодарда науқасқа асыққан жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады
pixabay.com

Павлодарда шұғыл шақырту бойынша науқас тасымалдап бара жатқан жедел жәрдем көлігі жеңіл автокөлікпен соқтығысты. Жол апатынан дәрігер мен фельдшер зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 19 қазанда Павлодар қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында болған. Алайда жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат 21 қазанда әлеуметтік желілерде бейнежазбалар тарағаннан кейін белгілі болды.

Павлодар облыстық полиция департаменті аталған жағдайды растады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жол үстінде Hyundai маркалы жедел жәрдем көлігі мен Audi 100 жеңіл автокөлігі соқтығысқан.

"Audi 100 көлігі арнайы тұраққа қойылды. Тексеру жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"Ирбис TV" телеарнасының хабарлауынша, жол апаты болған кезде жедел медициналық көмек бригадасы бірінші санаттағы шұғыл шақырту бойынша жұмыс істеп жатқан.

Медицина қызметкерлері науқасты тасымалдап, арнайы дабыл белгілерін қосып қозғалған. Алайда жолда Audi 100 автокөлігімен соқтығысып, салондағы дәрігер мен фельдшер жарақат алған. Павлодар облыстық жедел медициналық көмек станциясы зардап шеккен қызметкерлердің жағдайына қатысты түсініктеме берді.

"Audi 100 маркалы көлігімен соқтығысқаннан кейін бригаданың дәрігері мен фельдшері зардап шекті, екеуі де амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Audi 100 жүргізушісін дәрігерлер оқиға орнында қараған, алайда оған медициналық көмек қажет болмады", – деп мәлімдеді станция өкілдері.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар