Адамзатты кітап құтқарады
Осы айдың 15-20 қазан аралығында Германияның Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse 2024 халықаралық кітап көрмесі өтті. Бұл – дүниежүзіндегі кітап индустриясын насихаттайтын, танымал баспалар мен қаламгерлердің басын қосып, өзара кітап алмасатын ең ірі кітап көрмесі.
76-рет өтіп жатқан танымал көрмеге биыл Қазақ елінен 30-дан астам мәдениет және өнер саласының өкілдері барды. Атап айтар болсақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ғалым, академик Оразалы Сәбден, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Steppe&World Publishing баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадыр қатысты. «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», ARMAN-PV, Steppe&World Publishing, ASTANA-KITAP, Аmal Books сынды отандық баспалар өз өнімдерін апарды. Осы шараға қатысқан ақын, жазушы Ырысбек Дәбейден әлемдік шараның мән-маңызы туралы әңгімелескен едік.
– Франкфуртта өткен кітап көрмесіне барып қайттыңыздар. Жалпы, бұл қандай шара екен? Қандай әсер алдыңыздар?
– Бұл әлемдегі ең үлкен кітап көрмесі ғой. Бұл көрменің әлемдегі беделі жыл сайын артып келеді. Өйткені осы көрмеге әлемнің 100-ден астам елінен 4 мыңнан астам баспа үйі мен әдеби агенттіктері қатысып, көрмені көруге 200 мыңнан астам оқырман-турист барады. Осы шараға арнайы 7 000-нан астам журналист барып, олар мыңдаған мақала жазып, ақпарат таратады. Олардың ақпаратын жершарының 850 миллионнан астам тұрғыны естіп, біледі. Ғаламдағы ең айтулы мәдени шараның бірі десек болады. Биыл да солай болды. Неше бөліктен тұратын кітап павильонын аралап біту мүмкін емес. Әр жерде әлемге танымал жазушылармен сұхбаттар, кездесулер өтіп, баспалар өздерінен шыққан кітаптарды таныстырып, әріптестер ара меморандумға қол қойылып, кітап алмасып, өздері қызыққан кітап авторларымен баспалар келісімшартқа отырып, аудару, шығару ісін де талқыға салып жатты. Осының бәрі әртүрлі тілде ақпараттық платформаларда жарияланып жатқаны белгілі. Мені осы шараны ұйымдастырушылардың биылғы үндеуі, кітап көрмесінің мазмұн-идеясы ойландырды.
– Олар қандай мазмұнды негізге алыпты?
– Демократия, адам құқығы, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, т.б. мәселелер сөз болған айтулы шарада ортаға тасталған негізгі ой: «Адамзаттың болашағы қандай? Біз қайда бара жатырмыз? Неге либерал-демократиядан бас тартып, қантөгіс пен соғысқа құмар болып барамыз? Бұдан шығар қандай жол бар?» деген негізге сүйенді. Бұдан сырт кітаптан экранға, одан жасанды интеллектке ұласқан ғаламдық өзгерістердің мәні мен мазмұны, адамзат тағдырына әсері де сөз болды. Жасанды интеллект кезеңіндегі автордың орны, жазушылықтың сыры да сарапқа салынды. Жалпы, әр павильонда неше түрлі тақырып көтеріліп жатты ғой. Қорыта келгенде, «Адамзатты тек кітап құтқарады» деген байлам ортаға тасталды десек болады. Өйткені әлемді алаңдатып отырған геосаяси және мәдени жанжалдардың дені білімсіздіктен, парасатсыздықтан туындап отырғанын сөз етті. Украинадағы, Таяу Шығыстағы қақтығыстың шығу себебін іздеді. Шараға әлемге танымал Ювал Ноа Харари, Элиф Шафак, Энн Апплбаум, Джон Стрелеки, Патрисия Евангелиста қатарлы жазушы-журналистер, бестселлер авторлары қатысып, оқырмандармен жүздесті. Олар әртүрлі тақырыпта мазмұнды ойлар айтты.
Айталық, әйгілі жазушы Элиф Шафак өз сөзінде: «Біз мейірімнен жырақтап, жазуды тоқтатқан сәтте, бүгін Газада, Украинада, Суданда не болып жатқаны туралы айтуды, ойлануды тоқтатқан сәтте философ Ханна Арендт ескерткен ауыр жағдайға аяқ басамыз. Әрине, жазушылар соғысты тоқтатып, өшпенділікті жоя алмайды. Бірақ біздің қолымыздан келетін дүние – бейбітшілік, бірге өмір сүру, жанашырлық пен адамдық қадір-қасиеттің алауын өшірмеу», – деді. Шынымен де, адамзатты кітап, одан алған білім құтқарады. «Кітап – білім бұлағы» деген сөзді де тегін айтпаймыз ғой.
– Биыл Қазақстан да осы көрмеге қатысты ғой. Қазақстан қандай кітаптарды апарды? Қандай іс-шараларға қатыстыңыздар?
– Бұл көрмеге Қазақстанның қатысуы еліміздің мәдениет, өнер саласындағы әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақ халқының мәдени, әдеби мұрасын әлемге таныту, халықаралық мәдени және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейтудегі нақты жол екені анық. Биылғы көрмеде Қазақстанның Ұлттық стенді құрылып, 250-ге жуық кітап қойылды. Ауқымды шарада отандық кітаптар мен баспа ісін әлемге көрсетуге ұйытқы болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, министр Аида Балаеваның еңбегін айрықша атап өткен жөн. Шара барысында Steppe&World Publishing баспа үйінің ди-
ректоры Раиса Сайран Қадыр, әдебиеттанушы Лаура Бердіқожа, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы, Аmal Books баспа үйінің директоры Бақытжан Бұқарбай ARTS+ Stage мінберіне көтеріліп, Қазақстандағы баспа индустриясы, қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, тіл, болмыс – деколонизация жайында және оның әдебиетке ықпалы туралы айтты.
Қазақстан Республикасының Майн-Франкфурт қаласындағы Бас консулы
Т.Үмбетбаев халқымыздың рухани кұңдылығын әлем назарына ұсынған Ұлттық стендке арнайы келіп, Қазақстан жазушылары, баспагерлерімен кездесті. Делегация мүшелерін Бас консулдыққа шақырып, кездесу өткізді. Кездесуде «Алматыкітап» баспасы «Менің Қазақстаным» сериясының кітаптарын, «Мектеп» және «Атамұра» баспасы, ARMAN-PV баспасы жаңа кітаптарын таныстырды. Steppe & World Publishing баспа үйі жақында неміс тілінен аударылған немістің әйгілі жазушысы Михаел Энденің «Аяқталмас хикая», «Момо» кітабын таныстырып, аталмыш екі шығарманың бүгінгі қоғам үшін өзекті тұстарын атап өтті. Т.Үмбетбаев мәдениет және әдебиет саласының өкілдерімен әңгімелесіп, бұл бағытты одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.
Биылғы, Frankfurter Buchmesse 2024-тің құрметті қонағы Италия елі болса, келесі – Frankfurter Buchmesse 2025-тің құрметті қонағы болу бақыты Филиппин республикасына бұйырыпты. «Бұл көрмеге Қазақ елі де қатысушы ғана емес, құрметті қонақ болса ғой» деген арзу арманымыз да
бар.
– Өзіңнің «Қоңыз» («The Beetle») романың ағылшынша аударылып, осы көрмеге қойылыпты. Шетелдік баспалардан қызығушылық танытқандар болды ма?
– Әр елден келіп, баспадағы кітаптарды көріп, қандай мазмұнда, не жайында деп сұрағандар болды. «Қоңызды» қолына алып, байланыс ақпаратымен алмасып, кітаппен танысқан соң, хабарласамыз деген баспалар да бар. Осы сапарға қолдаушы, демеуші болған Гете институтына және Раиса Сайран Қадыр ханым мен Нидерландыдан арнайы келген Лаура Бердіқожаға алғыс айтамын. «Қоңыз» жарық көрген уақытта сонау Нидерландтан алдырып оқып, кейін әлемде болып жатқан оқиғалар мен мәселелерге беделді академиктердің, журналистер мен саясаткерлердің жаңалықтары мен пікірлерін жариялайтын веб-сайт – openDemocracy-ға (Ұлыбританияда) сұхбат шығуға себепкер болған Лаура Бердіқожа қарындасымыз осы жолы да Франкфуртке арнайы келіп, менің романым туралы сөйледі. Алдағы уақытта қазақ жазушыларының шығармалары әлемді шарлауы үшін осындай игі шараға тұрақты қатысу аса маңызды екеніне көзіміз жете түсті. Шын мәнінде, әлемде конференция, жиналыс, форум көп қой өтіп жатқан. Солардың ішінде кітап көрмесі – ізігіліктің жаршысы сияқты сезіледі. Өзімізбен өзіміз тұйықталмай, қазақ қаламгерлерінің жақсы туындыларын өзге тілдерге көбірек аударуымыз керек екенін түсіне түскендей болдық. Өзге елдер өздерінің стендтерінде шетел тіліне аударылған кітаптарын тізіп қойғанын көрдік. Бізге де көркем әдебиетті аудару ісін қолға алғанымыз жөн.
– Аударма демекші, бізде де кітап нарығы қалыптасып келеді ғой. Шетелдің үздік туындылары мен аты жыраққа кеткен кітаптарын аударатын баспалар қалыптасып келеді. Ендігі меже қазақ жазушыларының үздік шығармаларын шетел тіліне аудару ісін қолға алсақ дейсіз ғой?
– Бұл өте күрделі мәселе, меніңше. Біріншіден, кәсіби аудармашылар мектебі керек. Өзге тілге қазақ тілінен төте аударма жасайтын тұтас буын қалыптаспай, бұл салада жақсы нәтижеге жету оңай емес. Екіншіден, біздің әдебиетшілер де заманауи әлем әдебиетінің бағытын, бағдарын, жаңалығын дер уақытында сезіп, оқып, содан үлгі алуы керек. Біздің әлем әдебиетінен үйренеріміз көп. Бізде жыл сайын «Букер» мен Нобель сыйлығын алған авторлардың шығармаларын дер уақытында қазақ тіліне аударумен айналысатын баспа жоқ. Көп автор аударылмайды, аударылса да кешігіп, біраз жыл өткен соң оқырманға жетеді. Күні кеше Нобель сыйлығын алған кореялық жазушы Хан Гаңның романдарын ел орысшадан оқып жатыр. Ал біздің әдебиетшілердің көбі оның атын енді естіп жатыр. 2016 жылы «Букер» сыйлығын алғанда-ақ аударуға тиіс ек. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы бірігіп, осы мәселені шешуге тиіс деп ойлаймын. Үшіншіден, жастар өз кітаптарын өзге тілде аудартуға, шетелдің мықты баспаларымен жұмыс істеуге ерте бастан құлшынса дейсің. Сондай-ақ әдеби агенттік жұмысын жетілдірген жөн. Біздегі «әдеби агенттіктер» авторды орынсыз мақтау, кез келген жерде жарнамалау деп түсінеді. Оның да мәдениеті, орны, даму үрдісі болады. Жас әдебиетшілер шетелге шығып оқыса, тіл үйренсе, білім қуса деп те армандайсың.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Т.ӨСКЕНБАЙ