262
Елімізде 20 мыңға жуық азамат әскерге барудан қашып жүр
Әскерден қашу фактілеріне қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған
2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде Қазақстанда 20 мыңға жуық жас азамат әскерге барудан бас тартқан. Келген шақыру қағаздарын елемей жүрген жастар саны артып келеді. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары түнгі рейдтер ұйымдастырып, көшелер мен қоғамдық орындарда жастарды әскерге шақырып, шара қолданып жүр, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері Отан алдындағы борышын өтеуден қашатын жастардың санының азайып келе жатқанын айтқанымен, бұл проблема әлі де бар екенін жоққа шығармайды. Әскерден қашу фактілеріне қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
«Рейдтер заң аясында жүргізіледі. Әскери басқару органдары шақыру қағазын тапсыра алмаған жағдайда, бұл іс жергілікті ішкі істер органдарына беріледі. Көшелерде, қоғамдық орындарда әскерге барудан жалтарғандарды анықтау үшін рейдтер өткізу — заңды шара», — деді ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.
Айта кету керек, биыл Қазақстанда әскер қатарына 40 мың адамды шақыру жоспарланып отыр.