Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы маңызды матч алдында қатардан шығып қалды

/
Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы маңызды матч алдында қатардан шығып қалды
ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының және "Ахмат" клубының вингері Максим Самородов жарақатына байланысты алдағы екі матчке қатыспайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, Самородов УЕФА Ұлттар лигасы аясында сырт алаңда өтетін Фарер аралдары және Словакия құрамаларына қарсы кездесулерді өткізіп алады.

"Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Максим Самородов жарақатына байланысты УЕФА Ұлттар лигасының сырт алаңда Фарер аралдары мен Словакияға қарсы өтетін матчтеріне қатыспайды. Ұлттық құраманың өз алаңында Молдова мен Фарер аралдарына қарсы ойындарына қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Ол құраманың медициналық штабының бақылауында болады", – деп хабарлады ҚФФ.

Осылайша, Самородов жарақатына байланысты ұлттық құрамадан тыс қалған Ислам Чесноков, Әлібек Қасым және Дастан Сәтпаевтың қатарына қосылды.

Қазақстан құрамасы 26 қыркүйекте Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын Фарер аралдарына қарсы өткізеді. 29 қыркүйекте команда сырт алаңда Словакиямен кездеседі.

Бұдан кейін Қазақстан құрамасы Молдова және Фарер аралдарына қарсы үй матчтарын өткізу үшін Астанаға оралады.

Самородов – Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы

Transfermarkt порталының соңғы бағалауында Максим Самородовтың трансферлік құны 4 миллион еуроға жеткен.

Осы көрсеткішпен ол Дастан Сәтпаев, Ислам Чесноков, Бахтиер Зайнутдинов және басқа да құрама ойыншыларын басып озып, Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы атанған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары