Банк туралы заң: өзгерістердің бағыты қандай болмақ?

Банк туралы заң: өзгерістердің бағыты қандай болмақ?
сурет: istockphoto.com
643

Келер жылы елімізде банк саласын реттейтін жаңа заң қабылданады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында мәлімдеген еді.

Қаржы саласы мен жаңа технологиялардың интеграциясы банк секторының қызметіне айтарлықтай өзгеріс әкелді. Осылайша, мол мүмкіндікпен қатар, реттелуге тиіс, алдын алуға тиіс сын-қатер де көбейді. Осы және басқа да факторлар банк саласын реттейтін заңды жаңартудың алғышарты болып отыр. Себебі қолданыстағы заң бұдан 30 жыл бұрын қабылданған.

Қазіргі заң 30 жыл бұрын қабылданған 

Кейінгі жылдары онлайн банкинг кең тарала бастады. Тұтынушылар да, сәй­­­кесінше өнім мен қызмет көрсету түр­лерін ұсынушылар да қолма-қол ақшасыз тө­лем түрін дәсүрлі төлем түрімен қатар қолдануға көшті. Инфрақұрылым дамыған қалаларда, тіпті, қағаз ақшаға қарағанда онлайн төлемді қолай көретіндер көбейді. Қолма-қол ақшасыз экономиканың өсімі, цифрлық банк сервистерін дамытуда, қар­жы және мемлекеттік қызметтерді ин­тег­ра­ция­лауда айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Банк шотын ашу, несие рәсімдеу, ақша төлеу мен аудару, сондай-ақ мемлекеттік қызмет­тер сияқты негізгі қаржы қызметінің бар­лы­ғына цифрлық форматта, қашықтан қол жет­кізе аламыз.
Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, кейінгі 5 жыл­да халық арасындағы қолма-қол ақ­ша­сыз транзакция көлемі 10 еседен көп өс­кен және оның бөлшек тауар айналы­мын­дағы үлесі 89 пайызға жетіпті. Биылғы 9 айда Ұлттық Банктің банкаралық төлем жүйе­лері арқылы өткен транзакция айна­лы­мы­ның жалпы көлемі 
1 квадриллион тең­геден асып түскен. Дегенмен инновациялардың өмірімізге жыл­дам енуімен қатар киберқауіп пен он­лайн-алаяқтық та өршіп барады. Шілденің ая­ғында алаяқтықтың алдын алу үшін Ан­тиф­род-орталық іске қосылғанын жазған едік. Қазірдің өзінде орталық 500 млн тең­ге­ден астам соманы алаяқтардың иемденіп кетуінен сақтап қалған.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын­да қаржы технологияларын дамытуға жал­пыұлт­тық деңгейде басымдық беру екенін айт­қан болатын. Сондай-ақ цифрлық ак­тив­тердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін те­тіктердің тұрақты болуы маңызды екенін де назарға салды. Ал бұл үшін жаңа сын-қа­тер­ге тосқауыл бола алатындай жаңа тетік­тер, яғни жаңа заң қажет.
– Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қол­дау және финтех саласын қарқынды да­мыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң ша­мамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кез­де заман да мүлде басқа болды, – деген еді Президент. 
Көп ұзамай жауаптылар жаңа реттеу те­тіктерін әзірлеуге қамдана бастады. 10 қыр­күйекте өткен Үкімет отырысында Ұлт­тық экономика министрі Нұрлан Бай­ба­за­ров банктер мен несие ұйымдарының қыз­метін реттейтін жаңа заң жобасын 2025 жылғы маусымда енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
Қолданыстағы «Қазақстан Республика­сын­дағы банктер және банк қызметі тура­лы» заң 1995 жылы қабылданған. Осы жыл­дар ішінде заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елу жылда – ел жаңа. Әлемнің қазіргі қарқынына қарасақ, бұл мерзім тіпті қысқарғандай әсер береді. Әсіресе, бас-аяғы 5-10 жылда финтех сала­сын­да болған өзгерістер өмір салтымызға айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте соған сай заң қабылдау уақыт талабына айналып отыр.

Нақты қандай өзгеріс енгізілмек?

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, заң жо­ба­сы­н­да экономикалық белсенділікті ынта­лан­дыру, цифрлық активтер мен қаржы тех­нологияларын реттеу мәселелері басты на­­зар­да болады. Осы бағыттағы теңгерім­сіз­дікті жою үшін теңдестірілген салық сая­саты жүргізілмек.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі заң жобасын әзірлеу аясында жұ­мыс басталып кеткенін хабарлады. 
Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасы­мова­ның пікірінше, бұл заңда экономикаға не­сие беруді арттыруға баса назар аудару қа­жет. Яғ­ни, ірі және орта банктер үшін әмбебап ли­цензиялар және шағын банктер үшін рет­теу әдістері төмендетілген базалық ли­цензиялар болады.
– Қазіргі Президенттің тапсырмасы бойын­ша экономиканы либерализациялау ту­ралы Жарлық аясында банктер үшін әм­бебап және базалық лицензияларды енгізу қа­растырылуда. Қазір қолданыстағы банк­тер туралы заңда барлық банктер үшін бі­ры­ңғай лицензия және бірыңғай талаптар қарастырылған. Сонымен қатар халық­ара­лық тәжірибе көрсеткендей, шағын және ор­та бизнес пен микробизнесті несиелеу үшін орта немесе шағын банктерге төмен­де­тіл­ген талаптар қоюға болады, – деді Мә­дина Әбілқасымова Парламентте.
ҚНРДА төрағасының орынбасары Ол­жас Кизатов жақында Алматыда өткен Moody's саммитінде нақты қай бағытта өз­геріс ен­гізілетіні туралы айтып берген еді. 
– Біз бұл бағыттағы жұмысты бастап кет­тік. Мемлекет басшысы жаңа заңды цифр­лық технологияларды реттеуге және банк биз­несін цифрландыруға бағыттау туралы тап­сырма берді. Осы тұста біз қаржы инс­титуттарының финтех компанияларының капиталына қатысу үлесін арттыру мүмкін­дігін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ банк­терге кейбір операцияларды кеңейт­пек­піз. Сонымен қатар агенттік негізгі және әм­бебап лицензияларды енгізу мәселесін қа­растырып жатыр. Бұл лицензия түріне бай­ланысты пруденциялық нормативтерді рет­теу деңгейі белгіленетінін білдіреді. Яғ­ни, әмбебап лицензиясы бар банктер жо­ғары деңгейде қадағаланады. Бұл тұрғыда біз Ресей мен басқа да елдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз, – деп қосты ол. 
Төраға орынбасары ислам банк­те­рі­нің мүмкіндігін кеңейту мәселелері де талқыланып жатқанын айтты.
ҚНРДА өкілінің айтуынша, жаңа заң жо­басын әзірлеуге байланысты екінші деңгейлі банктермен кездесу өткен. Осы арқылы оларға өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік беріліпті. 
– Себебі олар тікелей жұмыс істейтіндік­тен, біз қаржы институттарына жаңа құ­жат­ты әзірлеу бойынша өз ұсыныстарын айту­ға мүмкіндік бердік. Жалпы алғанда, агент­тік банктер мен рейтингтік ұйым­дар­дың ұсыныстарын қабылдауға дайын, – деп түйіндеді ол. 
Заңгер Дәулет Әбжанның пікірінше, қол­даныстағы заңның негізгі мәселесі – оның қазіргі заманғы банкингтің дамуын толық есепке алмауында.
– Жаңартылған құжат екінші деңгейлі банк­терге өз экожүйесін кеңейтуге мүмкін­дік беруі керек, – деп сарапшы қысқаша пі­кірін білдірді.
Заң тетіктері талқыға шыққанда, нақты қай бағыттар бойынша жұмысты жетілдіру қа­жет, нені өзгерту қажет, нендей мәселе на­зардан тыс қалды деген сұрақтың жауа­бын іздейтін боламыз. Әзірге, жұмыстың бас­талғаны, оның қай бағытта жүретіні анық.

Қаржы технологиясы қарыштай бермек

Осы аптада Алматыда Central Asia Fintech Summit (Орталық Азия Финтех Сам­миті) өтті. Іс-шара алғаш рет ұйым­дас­тыры­лып отыр. Жиын финтех индустриясының сарап­шылары, қаржы реттеушілері мен 15 елдің орталық банк өкілдерінің басын қос­ты. 2 күнде цифрлық активтерден бастап қар­жы нарығында жасанды интеллектті қол­дануға дейінгі қаржы технологиялары са­ласындағы ең өзекті мәселелерді жан-жақ­ты талқыланды. 
Саммитте сөз сөйлеген Ұлттық Банк Төра­ғасының орынбасары Ақылжан Бай­ма­ғамбетов қаржы секторын цифрландыру GovTech саласынан бастап электрондық коммерция индустриясына дейінгі көптеген салаға оң мультипликативті әсерін тигіз­ге­нін жеткізді. Сондай-ақ қаржы қызмет­тері­нің цифрлық форматқа сәтті көшіп жат­қа­нын, біздің міндетіміз – осы бағытта одан әрі дамып, аймақта көшбасшы позициясын сақ­тап қалу екенін де айтып өтті. 
– Қазір біз ҚНРДА-мен, сондай-ақ нарық қа­тысушыларымен бірлесіп, алдағы 5 жылға ар­налған Қаржы реттеушілерін цифрлан­дыру стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Бұл стратегия біздің барлық «цифрлық» баста­ма­мызды біріктіріп, қаржы нарығындағы проинновациялық заңнамалық орта қалып­тастыру үшін жоспарланған реттеуші өзге­ріс­терді, бірыңғай Цифрлық Ұлттық Банк тұ­жырымдамасын толықтырады. Қаржы ұйымдары арасында өзара байланыс орна­татын, цифрлық қаржы қызметтерінің ұлт­тық деңгейде, ауқымды түрде енуіне жол ашатын Ұлттық цифрлық қаржы инфра­құры­лымынсыз цифрландырудың жаңа ке­зеңіне өтуді елестете де алмаймыз, – деді ол.
Инфрақұрылымның негізгі құрамдас бөліктері – Ұлттық төлем жүйесі, Цифрлық теңге платформасы, Open API плат­­формасы, цифрлық келісімдер меха­низ­мі, биометриялық сәйкестендіру жүйесі және Антифрод-орталық. Бұл бастама­лар­дың кейбірі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, ал Цифрлық теңге, Open API плат­фор­масы, Антифрод-орталық былтыр пилоттық режимде іске қосылды, қазір сервистер кеңейтіліп жатыр. 2025 жылға қарай осы атал­ған инфрақұрылымды құру бойынша не­гізгі жұмыстар аяқталмақ. 
Ақылжан Баймағамбетов басты мақсат – Data-Driven Банк құру екенін жеткізіп, Цифр­лық Ұлттық Банк тұжырымдамасын таныс­тыр­ды. Ол Ұлттық Банктің негізгі бизнес-про­цестерін қайта құруды да талап етеді. Ұлттық Банк пен оның еншілес құрылым­дары­ның иелігіндегі әкімшілік және тран­закциялық деректер негізінде деректер плат­формасы құрылады. Ол макро және мик­ро пруденциялық реттеу мен қадаға­лау­дың деректерге бағытталған технология­ларын жетілдіруге бағытталмақ.

Қорыта айтқанда, қаржы саласында жаңа бастамалар мен жаңалықтар көп. Ал заңнаманың соған сай жаңармауы көптеген сын-қатер тудырады. Алаяқтықтың өршуі, кибершабуыл сияқты мәселелер – соның негізгі мысалы. Банк саласын реттейтін жаңа заң да, негізінен, осы бағытқа қарай бағдарланбақ. 

Серіктес жаңалықтары