Астанада автобустың астына түсіп, екі аяғынан айырылған мектеп оқушысы Алуа Бекеннің қайғылы оқиғасынан бері төрт ай өтті. Бүгінде Алуа қайтадан алғашқы қадамдарын жасап жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алуа Бекеннің оңалуына арналған ресми Instagram-парақшасында жаңа фото мен видео жарияланды. Stories-те сегіз жастағы қыз бала жаңа протездермен үлкендердің көмегі арқылы алғаш рет қадам басып жатқан сәт түсірілген. Видеоролик авторлары бұл сәтті қысқа ғана сөзбен – «жаттығулар» деп сипаттаған.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 2 маусым күні кешке Астанадағы Республика даңғылында болған. Автобус ақпараттық таблоның тірегіне соғылып, салдарынан 15 адам зардап шеккен. Солардың арасында Алуа да болған. Ауыр жарақат алуына байланысты дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болған еді.