Қай банктің депозитіне ақша жинаған тиімді?

Қазір теңгедегі депозиттердің сыйақысы өте жақсы. Доллармен жинаған депозитке қарағанда теңгемен жинаған депозиттен әжептәуір пайда көруге болады.

Қай банктің депозитіне ақша жинаған тиімді?
istockphoto.com
1703

Себебі еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бәрінде шетел валютасымен (доллар, еуро, рубль) жинаған депозиттің сыйақысы 1% ғана. Мысалы депозитіңізде үш мың долларыңыз бар делік. Теңгеге шақсаңыз – 1,5 млн теңгедей ақша. Сол ақшаңыздың сыйақысы ретінде банк ай сайын 2 доллар ғана береді. Ол мың теңгеге жетер-жетпес ақша. Яғни сіз доллармен депозит жинағанда, банктен пайда көрмейсіз деп айтуға да болады. Жинаған ақшаны өзіңізге жұмыс істету, пассив табыс көзіне айналдыру тұрғысынан қарасақ, доллардағы депозит өте тиімсіз.

Тоғыз жылдан бері елімізде доллар құны күрт көтерілген жоқ. Еркін айнымалы бағамға өткенімізді ескерсек, депозитте доллармен ақша жинап, девальвация бола қалса, доллар бағамы өсіп, ұта қаламын деу – екіұдай дүние. Халықаралық саясат, экономика, қырғи-қабақ соғыс, теке-тірестер, мұнай бағасы мен үкіметтің не ойлағаны барын біліп болмаймыз.

Сол себепті жақын арада шешіп алмайтын, ұзақ мерзімге жинайтын артық ақшаңыз болса доллармен де депозит ұстаған артықтық етпейді. Себебі доллармен салған ақшаны қысқа мерзімде шешіп алатын болсаңыз сату – сатып алу бағамынан ұтылып қаласыз. Таразы басын тең ұстап, доллармен де, теңгемен де депозит ұстаған – ең дұрысы.

Ал енді бүгінгі тақырыбымыздың өзегі – теңгедегі депозиттерге келейік. 2014-2015 жылдардағы девальвациядан кейін жұрт жаппай ақшасын доллармен жинай бастаған соң, Үкімет пен екінші деңгейлі банктер теңгелік депозиттердің сыйақысын өсірді. Мұндағы мақсат – теңгелік депозиттердің тартымдылығын арттыру, халықты ақшаны теңгемен жинауға қызықтыру болды. Бұл шаралар өз жемісін берді де. Қазіргі таңда ақша жинай алған адам үшін теңгелік депозиттер өте жақсы табыс көзі болып отыр. Депозиттегі ақшаңыз неғұрлым көп болса, ай сайын соғұрлым қомақты сыйақы түседі. Осы орайда біз пайызы жоғары банк депозиттеріне анализ жасап көрген едік. Қай банкке ақша салып, көбірек табыс табуға болады? Талдап көрейік.

Депозитте ең негізгі екі ұғым бар: ай сайынғы номиналды мөлшерлеме және жылдық тиімді мөлшерлеме. Осы жерде бізге бірінші керегі – ай сайынғы номиналды мөлшерлеме. Яғни банктің сіздің депозиттегі ақшаңызға ай сайын төлейтін пайызы. Дәл қазір екінші деңгейлі банктердің бәрінде теңгелік депозиттердің пайызы – 13-17% аралығында. Көбісінде – 13-14%.

15-17% пайыздық депозиттер аз және ол белгілі бір санаттағы адамдарға ғана арналған. Мысалы жалақысын белгілі бір банктен алатын жандар сол банкке ақша жинаса немесе қомақты қаражатты жақын арада шешпейтіндей, ұзақ мерзімге ғана салса ғана осындай сыйақының қызығын көре алады. Бірақ бұл көпшілікке тиімсіз және бұл депозиттерде ай сайын толтырып отыру мүмкіндігі жоқ. Яғни жоғары пайызбен жақсы сыйақы алу үшін қомақты қаражатты бірден салуыңыз керек. Ал көпшіліктің қолында мұндай қаражат жоқ. Депозит ашып, үстінен ай сайын ақша салып, толтырып отыратын, біртіндеп жинайтын депозит түрі керек. Ал ондай депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі 13-14%. Сондықтан біз осы көпшілікке тиімді 13-14 пайыздық депозиттерді шолып шықтық.

Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бәрінде көрсеткіш – шамалас. Halyk bank, Kaspi, Eurasian bank, Jusan bank, Nurbank, Bereke bank, Forte bank-те ай сайынғы номиналды көрсеткіш 12,8%-14,63% аралығында. Ең жоғарысы, 14,63% – Bereke bank-те. Одан кейінгісі Forte bank-те – 13,8%. Көріп отырғандарыңыздай, айырмашылық көп емес. Бұл жерде тек өзіңізге қолайлысын таңдай бересіз. Жалақыны қай банктен аласыз, қай банкте бұрын ашылған шотыңыз бар, қай банктің картасы бар, қай банкке ақшаны жылдам аудара аласыз немесе қай банктің филиалы сізге жақын дегендей. Депозит түрін де қалауыңызға қарай таңдайсыз. Ашып, ай сайын толықтырып отыруға болатын, қажет кезінде шешіп алу мүмкіндігі бар депозитті таңдайсыз ба, жоқ әлде белгілі бір уақытқа дейін шеше алмайтын депозит түрін таңдайсыз ба, еркіңіз. Ыңғайыңызға қарай депозит түрі де көп.

Бұл жерде ескеретін бір дүние бар. Теңгедегі депозитті бір жыл мерзімге ашқан тиімді. Бір жылдан кейін пролонгация жасалып, тағы бір жылға ұзара береді. Себебі бір жылдан аз мерзімді таңдасаңыз көп депозитте толтыру немесе шешіп алу мүмкіндігі жоқ. Ал бір жылдан ұзақ мерзімді таңдасаңыз пайыздық сыйақы мөлшерлемесі азайып кетеді. Ең тиімді мерзім – 1 жылдық депозит. Жыл сайын тағы бір жылға пролонгация арқылы созылып отырады.

Депозит ашқанда ескеретін ең маңызды дүние – капитализация. Жалпы депозиттердің екі түрі бар: капитализациямен және капитализациясыз.

Капитализациялы депозит – ай сайын түскен сыйақы ақшасы сіздің негізгі салымыңызға қосылып, келесі айда оған да пайыз түседі. Яғни банк бірінші айда сыйақы ретінде берген өз пайызына келесі айда тағы пайыз төлейді. Мысалы сіз алғашқыда депозитке 1 млн теңге салдыңыз дейік. 14%-пен есептесек бір айда сізге 11 000 теңге түседі. 11 000 теңге негізгі салым – 1 млн теңгеге қосылады. Яғни 1 011 000  теңге болады. Келесі айда пайыз сізге бастапқы 1 млн теңгеге емес, 1011 000 теңгеге есептеледі. Яғни банк берген ай сайынғы пайыздар сіздің негізгі салымыңызға қосылып, банк өзі пайыз ретінде берген ақшаға келесі айда тағы пайыз төлейді. Яғни ай сайынғы пайыздар есебінен сіздің негізгі капиталыңыз көбейе береді.

Ал капитализациясыз депозит – тұтынушы үшін өте тиімсіз. Сіз бастапқыда 1 млн салсаңыз, бір жыл бойы тек сол 1 млн теңгеге ғана пайыз түседі. Ай сайын түскен сыйақыларға пайыз есептелмейді.

Енді осы жерде басында тоқталып өткен жылдық тиімді мөлшерлемеге оралайық.

Ай сайынғы номиналды мөлшерлеме + капитализация сомасы = жылдық тиімді мөлшерлеме.

Сіз бастапқыда 13,2% ай сайынғы номиналды пайызбен депозит ашсаңыз, 12 айдағы капитализация ақшасын қосқанда жылдық тиімді мөлшерлеме 14% болып шығады. Бірақ депозит түрін таңдағанда ай сайынғы номиналды мөлшерлемеге және депозиттің капитализациялы болуына баса мән береміз.

Тағы бір ескеретін жайт – бір депозитте 20 млн теңгеден артық сақтамаңыз. Себебі депозиттерді сақтандыру қоры 20 млн теңгеге дейінгі депозиттерді сақтандырады. Банк банкрот болған жағдайда, қор сізге 20 млн теңгені қайтарады. Жиған ақшаңыз 20 млн теңгеден көп болса, онда екі банктен депозит ашып сақтаған дұрыс.

Серіктес жаңалықтары