Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасы – Орталық Азия елдері арасында төрт жылда бір өтетін теңбіл доп додасына жолдама алған тұңғыш мемлекет. Бұл күндері АҚШ, Мексика және Канадада өтіп жатқан әлем біріншілігіне өзбек футболшыларының қатысуы тек Өзбекстан халқы үшін емес, бүкіл Орталық Азия футболы үшін маңызды оқиға саналады. Футбол сүйер қауым, соның ішінде түбі бір түркі елдер өзбекстандық аяқдоп шеберлеріне үздіксіз қолдау көрсетіп, әлеуметтік желілерде ақжарма тілегін қарша боратып жатыр.
Өзбекстан алғашқы екі матчында ұтылып, өз тобында әзірге 0 ұпаймен соңғы орында тұр. Олар алдымен Колумбия ұлттық құрамасына 1:3, кейін Португалияның басты командасынан 0:5 есебімен жеңілді. Енді топтық кезеңдегі соңғы ойыны 28 маусым күні Конго Демократиялық Республикасы құрамасына қарсы өтпек.
Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алған күннен бастап, қазақстандық жанкүйерлер де бауырлас елдің тарихи жетістігін өз қуанышындай қабылдап, әлемдік додадағы ойындарын тағатсыздана күтіп жүр. Бауырлас елдің қуанышына ортақтасу – халқымыздың болмысына тән қасиет. Сондықтан Өзбекстан құрамасының айтулы жетістігін Қазақстанда да зор қолдау мен ықыласқа ие болды. Әлеуметтік желілерде жылы лебіздерін жолдаған қазақстандықтардың көп болуы – соның дәлелі. Әсіресе, Threads желісінде «Өзбекстан, жалғыз емессіздер! Біз біргеміз!», «Мен Өзбекстан құрамасына жанкүйермін!», «Алға, Өзбекстан!», «Бауырлар, Қазақстан сендермен бірге!» деген ыстық лебізге толы жазбалар жетерлік.
Қазақстандық БАҚ та Өзбекстан құрамасының құрлық асып, жаттығу жиынына кіріскен күнінен бастап кешегі ойынына дейін ақпарат таратып келеді. Өзбек футболшыларының аяқ алысын бақылайтын қазақтілді парақшалар да олар туралы көптеп пост салуда. Әсіресе, өзбек ойыншылардың әр ойыннан кейін киінетін бөлмені тазалап, «Мексика, көп рахмет! Әлем чемпионатында сәттілік! Рахмат!» деп жазғанын олардың тәртіп пен сыйластықты жоғары қоятын команда екенін жарыса жазды.
Қазақстан футбол федерациясы Өзбекстан ойынға араласар күні арнайы пост жазып, өзбек футболшыларына сәттілік тіледі.
«Бүгін Өзбекстан құрамасы футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы матчын өткізеді.
Бұл – тек өзбек футболы үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін тарихи сәт. Қазақстан футбол федерациясы Өзбекстан футбол қауымдастығына, ұлттық құрамаға және барша өзбек халқына сәттілік тілейді. Әлем чемпионатындағы тарихи дебют жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктерге ұлассын!», – делінген жазбада.
Атақты өзбек футболшысы Азамат Абдураимов Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан жанкүйерлерінің Өзбекстан құрамасына көрсетіп жатқан қолдауын жоғары бағалады.
«Бұл жетістіктің тек Өзбекстанда ғана емес, ортақ жетістік ретінде қабылданып жатқаны мені қатты қуантады. Қазақтар, тәжіктер, қырғыздар «Біз сендерге жанкүйер боламыз! Біз – бірміз! Біргеміз» деп айтып жатыр. Бұл – мен үшін өте маңызды. Әлем чемпионаты Орталық Азияны Өзбекстан құрамасының айналасына топтастырып отыр», – деді ол.
Оның айтуынша, Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына қатысуы бүкіл Орталық Азия халықтарын біріктірген тарихи оқиғаға айналып, бауырлас елдердің достығы мен ынтымағын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Олжас БАЙБОСЫН, комментатор:
Бүкіл ел болып бауырлас елге болысуымыз – түсінікті жағдай
Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына қатысуы Орталық Азия елдерін біріктірген тарихи оқиға болғаны рас. Жалпы, өзбек футболшыларының біздің елде де қолдаушылары өте көп. Бізде шамамен миллиондаған жанкүйер өзбек бауырларға тілектес. Кеше Өзбекстандағы стадионнан ойынды тамашалағанымызда Өзбекстан туынан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің туын да көрдік. Сол себептен де әлем чемпионаты аясында Орта Азия халқын біріктірді деп айтуға толық негіз бар. Әлеуметтік желідегі белсенді қолданушылардан бөлек, тіпті Мәжіліс депутаттарының өздері жаһан додасында Өзбекстанға қолдау білдіретінін естідік. Басқа да танымал адамдар Өзбекстан құрамасына болысатынын айтты. Бұл солай болуға тиіс. Тіліміз ұқсас, діліміз, дініміз бір, көршілес жатқан, ағайын, бауырлас ел болғандықтан, ел болып, олардың тілеуін тілеуіміз – түсінікті жағдай. Әлбетте, «Біз де әлем чемпионатында ойнасақ қой» деп қызыға да, қызғана да қарайтынымыз бар. Десе де Өзбекстан құрамасын әлем чемпионатына алып шыққан қазіргі құрамның мықты екенін мойындауымыз керек. Түркия біріншілігінде үздік сұрмерген атанған, «Истанбул Башакшехир» командасының шабуылшысы әрі құрама капитаны Эльдор Шомуродов пен ағылшындық «Манчестер сити» клубының футболшысы Абдукодир Хусанов секілді шоқтығы биік ойыншылар құрама сапында көш бастап жүр. Тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет болғандықтан біз олардың әр қадамына қуанып отырамыз. Жалпы, олардың әлем чемпионатына шығуының өзі – жетістік. Бастапқы екі ойында жеңіліп қалды. Топтан шықпауы мүмкін. Десе де біз әлем чемпионатына Орталық Азиядан алғаш қатысқан құрама ретінде оларға әркез қуаныштымыз! Бізге де жұғысты болсын!
Бек ТӨЛЕУОВ, спорт журналисі:
Өзбекстанның жетістігі – Орталық Азияның ортақ жеңісі
Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуы – тек бір елдің спорттық жетістігі ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін тарихи оқиға. Өйткені тәуелсіздік алғаннан бері біздің аймақтан әлем чемпионатына шығу көптен күткен арман болатын. Сол себепті бұл жетістік көптеген адамға ортақ қуаныш ретінде қабылданды. Қазақстандықтардың Өзбекстан құрамасының табысын өз жетістігіндей көруінің бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бізді ортақ тарих, мәдениет, тілдік және рухани жақындық байланыстырады. Қазақ пен өзбек ғасырлар бойы көрші, бауырлас халық ретінде бірге жасап келеді. Сондықтан көршінің қуанышын бөлісу – біздің табиғи қасиетіміз.
Екіншіден, Орталық Азия елдері халықаралық аренада көбіне бір-бірінің табысына шынайы жанкүйер болады. Себебі әлемдік деңгейдегі үлкен жетістіктер аймақтың беделін көтереді. Өзбекстанның әлем чемпионатына шығуы әлемге Орталық Азия футболының дамып келе жатқанын көрсетті. Бұл – белгілі бір мағынада бүкіл өңірдің жеңісі.
Әрине, Өзбекстан құрамасы ең алдымен өзбек халқының ұлттық командасы болып қала береді. Бірақ бүгінде оған Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан қолдау білдіріп жатқан жанкүйерлердің көп болуы оның аймақтық символға айналғанын аңғартады. Бұл спорттың халықтарды жақындастыратын ерекше күшін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сондықтан меніңше, Өзбекстан құрамасының жетістігі тек футболдағы нәтиже емес, ол Орталық Азия халықтарының ынтымағы мен бауырластығын көрсеткен маңызды оқиға болды.
Жаңабай ИСРАЙЫЛОВ, блогер, «Ташкент қазақтары» парақшасының авторы:
Футбол бізді жақындастыра түсті
Instagram-да 178 мың жазылушысы бар «Ташкент қазақтары» парақшасын жүргізіп жүргендіктен бұл тарихи жетістікке Өзбекстан халқы ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдері қуанып жүргеніне өзім куәмін. Чемпионат басталғалы бері Ташкентте тұратын өзбектер ғана емес, көптеген ұлт қолдау білдіріп, жанашырлық танытып жүр. Сырттан да хабарласып, қолдау көрсетіп жатқандар жетерлік. Әсіресе, Қазақстанннан спорт журналистері арнайы келіп, осында подкаст түсірді. Колумбияға қарсы ойынды Ташкенттегі «Бунёдкор» стадионына барып, халықпен бірге тамашалап қайтты. Сол күні бізде жұмыс уақыты президент бұйрығымен таңғы 10:00-ге ауыстырылды. Сондықтан барлығы дерлік ойынды емін-еркін тамашалап, басты командаға болысты. Кеше Португалияға қарсы ойынды да Humo Arena стадионында тікелей эфирде көрсетті. Ойын алдында концерт қойылды. Кеше гранд командадан ірі есеппен жеңілсе де, ешкім «Жеңіліп қалдыңдар. Ұят» деген жоқ. Мұнда бәрі тамаша, бәрі керемет. Орталық Азияда топты жарып шығып, біздің жақта да футбол бар екенін әлемге танытқан алғашқы құрама екенін, кейін тәжірибе жинақтап, әлі талай биіктен көрінетінін көпшілік жақсы түсінеді.
Осы аралықта түсінгенім, футбол біздің ынтымағымызды одан әрі нығайтып жатыр. Қазақстанға да Өзбекстан секілді әлемдік мундиаль алаңында доп тебу бұйырсын! Екі елдің достығы беки түсіп, бірлігіміз арта берсін!
Берік БЕЛЖАНОВ, жанкүйер:
Бауырлас елдің жетістігі – ортақ қуаныш
Кеше Португалия мен Өзбекстан құрамалары арасындағы матчты өзге жанкүйерлермен бірге тамашалаудың сәті түсті. Мен де көптеген қазақстандық сияқты кеше Өзбекстан құрамасына тілекші болдым.
Бүгінде Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы аяқ алысын Қазақстанда ерекше қызығушылықпен бақылап отырғандар аз емес. Өйткені қазақ пен өзбек халқын ғасырлар бойы жалғасқан тарихи байланыс, ортақ мәдени мұра және бауырластық қатынас біріктіреді. Сол себепті бауырлас елдің жетістігі бізге де ортақ.
Кездесу барысында жанкүйерлердің қолдауынан екі халық арасындағы шынайы достық пен өзара құрмет анық сезілді. Әлемдік додада Өзбекстан құрамасының өнер көрсетуі тек өзбек футболы үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызды оқиға екені байқалды.
Өзбекстан құрамасына алдағы ойында сәттілік тілейміз! Бауырлас халықтың қуанышы – біздің де қуаныш. Мұндай жетістіктер халықтарымызды бұрынғыдан да жақындастырып, өзара ынтымақты нығайта түсетіні хақ.