Құрылтай сайлауы – елдіктің сынағы

/
Құрылтай сайлауы – елдіктің сынағы

Осы жылдың қақ ортасында – 1 шілдеде елімізде жаңа конституциялық дәуір басталды. Отандық парламентаризмнің бір кезеңі тарихқа енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір кезең қорытындыланғанын, мемлекеттігіміздің жаңа белеске аяқ басқанын айтты. Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Нағыз халық Конституциясы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа бетін жарқын жазуға мүмкіндік береді. 

Президент 23 тамызға белгілеген Құрыл­тай сайлауы елдігіміздің өресін, хал­қымыздың ірілігін, мемлекеттілігіміздің дең­гейін танытатын бір көрсеткіш екені анық. Алдағы сайлауда белсенділік таныту, аза­маттық ұстанымды айқындау, ұлт сана­сының биіктігін көрсету елдігіміздің үлкен бір сынағы екені естен екі елі шықпаса дейміз. Иә, Құрылтай сайлауы оған қаты­са­тын саяси партиялардың ғана сынағы емес. Сайлау оған қатысатын сайлаушы­лар­дың да сынағы. Өйткені бұл сынақ ар­қы­лы ел азаматтарының өз елінің тағ­ды­рына қандайлық жауапкершілікпен қа­рай­тыны көрінеді. Ел тағдырын айқындайтын мұн­дай аса ірі саяси іс-шараға белсене қа­­­тысу – әр адамның азаматтық парызы. 
Интернет заманында өткізілетін қай сай­лауда да әлеуметтік желінің рөлі жо­ғары болады. Осыған орай қоғамда қазіргі уа­қыттың күрделі құбылыстарына сали­қа­лы, сарабдал көзқарас қалыптасуы өте маңыз­ды. Желіде көңіл толмаушылық ауа­ны басым келетіні белгілі. Адамның та­­би­ғаты сондай. Адам келісіп тұрса, үнде­мей­­ді. Келіспей тұрған кезде сөйлейді, жа­за­ды, таратады. Сондықтан елімізде не бар, не жасалып жатыр, өзгелерге қарағанда біз қай жердеміз, дүние дүңкілдеп тұрған мы­нандай уақытта қазіргідей даму қар­қы­нын қалайша сақтап отырмыз, жаңа Конс­ти­туцияны қабылдау жөніндегі бүкіл­ха­лықтық референдумда танытылған аса жо­ғары белсенділіктің түп-тамыры неде де­ген мәселелер төңірегінде салмақты ойға дес беру керек. 
Кісіліктің басты өлшемдерінің бірі – адамның әділдігі. Елдіктің басты өлшем­дерінің бірі – қоғамның әділдігі. Халқымыз ақылдың азбайтынына, арамдықтың озбайтынына, әділдіктің тозбайтынына қай кезде де сенген. Бабаларымыз бізге ха­лықтық құндылықтардың аса бір қа­сиеттісі ретінде әділеттілікті аманаттаған. Яғни, сайлауға таңдаулы деген тұлғаларын түсіріп жатқан жеті саяси партияның бағ­дарламаларын байыпты бағамдау, тізімдегі адам­дарды ақыл таразысына салу, желі ар­қылы да жеткізілетін жарылқаушы уәде­лерге алданып қалмау, сөйтіп барып аза­маттық әділ таңдау жасау қажет-ақ. Құрыл­тай сайлауы елдегі саяси мәдениеттің дең­гейіне бір сынақ болмақ. Халқымыздың тарихи мүмкіндікті қапы жібермейтін та­ғы бір тұсы, міне, осы.
Қазақстан халқы елдіктің бұл сына­ғынан да сүрінбей өтетініне сенеміз.  
 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар