Ақұштап Бақтыгереева: Фариза туралы тек шындықты жаздым...
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереевамен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме ауаны ел мен жер тағдыры, қоғамдағы түйткілді мәселелер, әдебиет майданындағы жайттар туралы өрбіді.
Ойын бүкпесіз айтатын, қазақ қыздарының тағдырына алаңдап, «тәрбиенің тал бесіктен басталатынын» үнемі қаперде ұстау қажеттігін айтудан жалықпайтын, поэзияға өз үнімен келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереевамен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме ауаны ел мен жер тағдыры, қоғамдағы түйткілді мәселелер, әдебиет майданындағы жайттар туралы өрбіді.
Оралда жалғыз қазақ мектебі ғана бар еді
– Ақұштап апай, мектеп бітіре сала Алматыға келіп, осы қалада білім алдыңыз, отбасын құрдыңыз, ақын болып танылдыңыз. Сосын қырық екі жыл тұрған соң туған жеріңізге оралдыңыз. Енді арада 20 жылдан аса уақыт өткенде әдеби ортамен қайта қауышып жатырсыз. Ылғи елмен араласып, жұртпен жүздесіп жүрген адамсыз ғой, көпшіліктің тек күнкөрісті ойлап, рухани әлемнен жырақтаған кезінде сананың лайлануы, ақшаны Құдай еткен қоғамның кесірі сізге қалай әсер етеді? Адамы бетімен кетіп, ұяттың пердесін жыртып тастағандар көбейген заманда ұрпақтың болашағы туралы не айтуға болады?
– Иә, Алматыдан Оралға кетіп, одан қайта оралғанша жиырма екі жыл уақыт өтіп кетіпті. Жалпы, менің өмірім әдебиетті қадағалап отырғандарға таныс қой.
Алатау баурайындағы әсем шаһарда ағалардың алқауымен ақын қыз атанған шақ өткен ғасыр еді. Одан соң «Қайта құру» деген кезең басталды, көп ұзамай тәуелсіздікке қол жетті. Осының бәрін бастан өткізіп, 2000 жылы Ақ Жайыққа қоныс аудардым. Өйткені сонау Ресейдің іргесіндегі облыста егемендікке қол жеткізгенге дейін жалғыз қазақ мектебі қалды, Орал қаласында домбыраның үні естіле бермейтін болды. Тіпті, Орал театрының сахнасына Құрманғазы оркестрі концерт қойған жоқ, тек ауылдарға барып кетті демесек. Міне, сондай кезде мені Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев елге шақырды: «Сіздің қазір туған жеріңізге қажетіңіз көбірек қой» деп. Мен ол жерге қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын біреудің керегін түсіндім. Содан Қадыр Мырза Әли аға екеуміз Оралға барып тұрдық, ол кісі барып-келіп тұрғанмен отбасы көшпеді. Мен қоныс аудардым, жұбайым атыраулық. Ол кісі бәрін түсінді, «барсақ барайық, елге бір пайдамыз тиер» деп мені қолдады. Одан бері ширек ғасырға шамалас уақыт өтіпті, қазір тәубә деймін, тәуелсіздіктің арқасында Орал қаласында 50-ге жуық қазақ мектебі ашылды. Елімнің жас ұрпағы ана тілінде білім алып жатыр. Ол біз үшін үлкен жетістік болды. Сонда мен елде болған әр жылы 2, кей жылдары 3 қазақ мектебі ашылып тұрыпты. Соған қарап шүкіршілік айтып, соның ішінде менің де үлесім болды-ау деп марқайып, Алматыға қайта оралдым. Өйткені бұл – менің әдеби ортам, сағынатын ортам. Қатарым азайып қалғанымен, әлі де көзкөргендерім бар, ізімізден еріп келе жатқан сыйласатын бауырларымыз бар, қалған ғұмырды солармен бірге өткізейін деп шештім. Оның үстіне балаларым, немерелерім, шөберелерім осы шаһарда туған, солардың қасында болайын деп шештім.
Әрине, өтпелі сәт қоғамның өмірінде ізін қалдырмай тұрмайды, ақша қуғандар, өмірінің бар мәнін байлықпен байланыстыратындарға руханиятты сақтау басы артық нәрседей көрінуі мүмкін, алайда шүкір-тәубесі бүтін, қарын қамынан жан қалауын, адамгершілікті артық қоятындар ғана елді алға сүйрейтінін естен шығармасақ деймін.
Бізді тәрбиелеп жеткізгендер аштықты, репрессияны, соғысты көрген буын еді. Біз сәл еркіндеу заманда өстік. Енді нарық заманының ұрпағы қоғам құрып жатыр. Бірақ еліміздің геосаяси жағдайы естен шықпауы керек. Алып территорияда онсыз да шашырай қоныстанған елдің іргесі берік болмаса қиын. Анау Жайықта Ресеймен шекарада тұрған ауылдардың тұрғындары жаппай қалаға көшіп, орны бос қалып жатыр. Бос қалған жерге сырттағылар көз алартпай тұра ма? Оралға Атырау, Ақтөбе 500 шақырымдай қашықтықта тұрса, Ресейдің Самарасы 200 шақырымдай ғана жерде тұр. Қазақтар ауырса емделуге Ресейге барады, ал арзан азық-түлік үшін ресейліктер Қазақстанға келеді. Сондықтан шекарада отырған елдің жағдайын мемлекет қатты қадағалауы керек.
Қазіргі қазақ қатты өзгеріп кеткендей. Елдік мәселеге уайым шегетін, басын ауыртатындар аз сияқты көрінеді. Елдің бәрі өзін тоймен алдарқатып жүргендей. 30 жылда елдің байлығының талан-таражға түсіп кеткені ашылып жатыр, рәсуә болған ол байлық қазаққа қайтып келе қоймас, бірақ бәріміз ұрпақ қамын, болашақты ойлауымыз керек. Жер асты байлығы да шексіз нәрсе емес...
Жат жұртпен құдандалы болуға қымсынбайтын болдық
– Иә, елдің жағдайы ақынды ойландыратын анық қой. Дегенмен қай кезде де қоғамға ақын сөзі әсер етпей тұрмайды. Бір кезде сіздің: «Болмау керек сүюдің жолы жаңа, Қыз үлесі қашанда болу Ана. «Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер, Өзі сүю қыздардың соры ғана» деген жырыңызды Құран сөзіндей жаттаған қыздар өлеңде айтылған ойды өнеге тұтатын. Мүмкін, бұл шумақ кезінде талай қыздың бағының ашылуына себепкер де болған шығар. Ал қазір «жаным деген жігітті жек көрмей», өзге елдің азаматтарымен қол ұстасып кетіп жатқан қыздар аз емес. Бұл жағдайдың ұлттың абырой-беделіне, өсіп-өнуіне, ұрпақ тәрбиесіне қандай да бір тигізер зияны бар ма?
– Айтып отырғаныңның жаны бар, кезінде менің әлгі өлеңім жастар арасында танымал болды, қыздар жатқа оқитын. Ел аралағанда шығармашылығыммен таныс қыздар кездесіп, сырын айтып жататын. Сіздің сол өлеңіңізді оқып, дұрыстығына көзіміз жетті дегендер жиі кездесетін. Мен қазақ қыздары, қазақ анасы туралы көп жазған ақынның бірі шығармын деп ойлаймын. Сондықтан көп өлеңдерімнің қыздарымыздың жүрегіне жеткеніне ризамын. Әлгі сен келтіріп отырған шумақ менің өмірде көзім жеткен нәрсе шығар немесе қыздарымыз бақытты болса екен деген ойдан туған ақындық сырым шығар, қайтсе де оның қыздарымыздың кәдесіне жарағанына көзім жетеді.
Қазіргі ұрпақ – «не істесем де өзім білем» дейтін ұрпақ. Бәрі демейін, көбі солай. Олар «қазір заман басқа, еркіндік заманы» дейді. Мен айтар едім, қай ғасырда да әйел затының еркіндігі – ойланатын нәрсе. Еркінсің – білім алуда, қызмет атқаруда, еркінсің – қалаған жұмысыңды істеуде, ойыңды айтуда. Ғалым боласың ба, бастық боласың ба – ешкім кедергі жасамайды. Ал бірақ бесік тербеуге келгенде, мойыныңдағы әйелдік парыз, тұрмыстың қамытын кию – қай ғасырда да бар әйелге ортақ нәрсе, сен одан құтылмайсың. Егер сен ана болып ұлтыңның баласын өсіргің келсе, егер сол ұлттың тәрбиешісі болғың келсе, кейбір нәрсеге ойланып қарауың керек. Қай ғасырда өмір сүрсе де, тіпті, матриархат қайтып келсе де, біздің ұлттың қыздары ойлануы керек. Ері күйеу бола білсе, әйел сүйеу болуы керек. Құс екеш құс та ұясында жұмыртқасын шайқап жатқанда, жұбы тапқанын аузына тістеп, жем тасымай ма? Отбасы деген сондай гармония.
Біз қазір балаларымызды бақылай алмай жатырмыз ғой, өзіне қол салып жатқандардың ішінде мектеп оқушылары кездесіп жатса, ол ненің белгісі? Ең алдымен үйдегі тәрбиенің осалдығы, ата-ана назарынан тыс қалғандық. Әкесі отбасын асырап, анасы балаларына қараса, кіп-кішкентай қыздар жоғарғы қабаттан құламайды ғой. Анасымен сырласқан, анасын сыйлаған қыз анасы сияқты болып бой жетпей ме?
Мұндай мәселелерге ылғи ойымды ашық айтып жүрмін ғой, кейбіреулер ақыл айта береді дейтін шығар. Жоқ, бұл ақыл айту емес, бұл – менің борышым. Себебі мен үш қызды тәрбиелеп өсірген анамын. Мына заманда бала тәрбиелеу оңай емес, сондықтан көзім жеткенді айтамын.
Қыздар университетінде мыңдаған қызбен бірге оқыдым. Көп жайды көрдім. Көп жайды ойға тоқыдым. Өзі ұнатып тиген күйеу басынан таяқ айырмай өмірі тозақ болғандарды көргем, сондай-ақ өзін ұнатқанға тиіп, күйеуі бар еркелігін, қиқар мінезін көтеріп, берік отбасы болғандарды білемін.
Біреулерге жақпауы мүмкін, бірақ сонда да ашығын айтқым келіп отыр: бұрын қызы жатқа кетсе өзін қоярға жер таба алмайтын қазақ бүгінде жат жұртпен құдандалы болуға қымсынбайтын болды. Әрине, бір себептері бар шығар, бірақ «қызым түрікке тиді, күйеу балам керемет» деп дастарқан басында мақтанып отыратын әйелдерді көргенде не деріңді білмейсің. Өзгеге қыз беру сонша мақтаныш па, үлгі-өнеге қылатын нәрсе ме? Жатқа кеткен қыз қазақ ұлтына ұрпақ қоспайды. Ағылшынға тисе ағылшынның, неміске тисе немістің, орысқа тисе орыстың, түрікке тисе түріктің баласын өсіріп тәрбиелейді. Ондай қыз қазақ үшін жарылып қалған бір жұмыртқа. Қыздың жатқа кетуі – ата-баба өсиетіне адал болмау, ұлтының алдындағы борышыңның өтелмеуі.
– Жасыратын несі бар, шетелдікпен бас қосып, қарым-қатынасы жараспай, балаларын ертіп қайтып келіп жатқандар да бар. Ал солардың арасында балаларын қазақша тәрбиелеп, қазақ қатарына қосамын дейтіндер бар...
– Мына еврейлер мықты ғой. Олар осы мәселені де назардан тыс қалдырмаған. Ганс Христиан Андерсен деген жазушының «Ұсқынсыз үйрек» шығармасы бар ғой, сонда үйрек басып шығарған аққудың балапаны көрген қорлықтарды баяндайды. Бәрі оны ұсқынсыз деп жек көреді. Ақыры, ол тектестеріне – аққуларға қосылған соң ғана бар азап-мазақтан құтылады. Балаларға арналған әңгіме болғанымен, астары қалың туынды. Ұлттық бірегейлік дегеннің не екенін ұғындырады. Расында, тегі бөтен, болмысы басқа елдің перзенті өзгеге қалай сіңісіп кетеді? Сырты ұқсағанымен, іші бөлек, ішінен жақын тартқанымен, ұсқыны бөлек, бадырайып көрініп тұрады. Сөйтіп, бөтендіктің зардабын тартады.
Ұлтты шығарған біз емес қой, Құдай солай әр халықты әртүрлі қылып жаратты. Тілін, түрін өзгеше қылды. Ендеше, әркім өз ортасында туып-өскені, өркендегені дұрыс емес пе? Дамудың ең үлкені ұлттық деңгей десек, қазір оны да жоққа шығарғысы келетіндер шықты. Әрине, адамның бәрі бірдей, жалпы жаратылыс ортақ, дегенмен оның өскен ортасы, тілі, салт-дәстүрі, өмір салты деген бар. Ол – ұлттың коды. Сондықтан қазақ халқы баласын қазақ қылғысы келсе, оның ата-анасы өз халқының қанынан жаралуы қажет екені естен шықпауы керек.
Қазақ қыздарына үлгі көрсеткім келді
– Енді шығармашылығыңыз туралы әңгімелесейік: Өмірден көрген-білгеніңіз, ойға түйгеніңіз көп қаламгерсіз, сондықтан әдеби орта, ондағы қаламгерлердің адамгершілік-шығармашылық болмысы туралы айтарыңыз мол. «Менің Фаризам» кітабыңыз – соның бір дәлелі. Дегенмен ол кітапты оқырмандардың қабылдауы әртүрлі болды, біреулер шынайы жазылған десе, біреулер асыра айтылған деп жатты. Оның себебі неде? Жалпы, мемуар, естелік кітаптардың бәрі жұрттың көңілінен шығуға тиіс пе? Естелік жазған адам өзі білген шындықтарды ашып айтуы дұрыс па, әлде кітап кейіпкері мен авторының арасындағы кейбір субъективті жайлар туралы үндемегені жөн бе?
– Біздің қазақ әдебиетінде толыққанды мемуар жазу әлі дамыған жоқ дер едім. Өзге әдебиеттердің көбінде бұл бар. Онда қаламгер өз ортасы, қаламдастары туралы өзі білген шындықты боямасыз ашық жазады. Оның бәрі келесі ұрпаққа сабақ болуы үшін жазылады. Мысалы, біз орыс әдебиетінде үлкен тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған көп кітапты оқыдық қой, бәрінде болған жайлар еш боямасыз анық жазылған. Ал біздің әдебиетте бірен-саран болмаса, ондай кітаптар мүлде аз. Өйткені қазақта біреудің кемшілігін айтуға болмайды, кейбір ерсі қылықтарын, теріс мінезін, ұнамсыз әрекеттерін жаза қоюға жұрттың жүрегі дауаламайды. Неге олай болуы керек? Айтылсын, жазылсын. Соны оқыған кейінгі ұрпақ содан сабақ алады, қорытынды шығарады. Солай емес пе? Жазушы мен ақынның бәрі әулие емес қой, оның өмірдегі пенделік қателігі, кейбір мінездері, т.б. туралы жазсақ оның кімге зияны бар. Халық «Жақсыдан үйрен, жаманан жирен» демей ме? Жақсы нәрсе үлгі-өнеге алуға керек болса, жаман нәрсе сабақ алу үшін қажет.
Осы қазір екеуміз сөйлесіп отырған Жазушылар одағының алдында небір нәрселер болды. Бірін-бір ұрғанын көрдік, боқтағанын естідік. Руға бөлініп, алауыз болғандарды байқадық, бірақ солардың бәрінен сабақ алдық.
Біреудің басынан өткен оқиға біреуге сабақ болғаны жаман ба? Мәселен, қазіргі жастар бір кездегі ақын ағаларындай аздап ұрттап алып, әр жерде айқай салып, өлең оқып, жұртқа тиісіп тұрмайды ғой. Біз сондайларды көрдік, қазір ондай жай көзге түспейді. Демек, кейінгілер ондайдан сабақ алған шығар деп ойлаймын.
Мұқағали туралы талай нәрсе жазылды, ішкені, жиналысты бұза-жара кіріп өлең оқығаны жайында да айтылды. Бірақ ел оның өмірін талқыламайды ғой, ақындығын айтады, өлеңін сүйіп оқиды. Демек, ол туралы жазылғандардың бәрі оның абыройын түсірген жоқ. Яғни, шындықтың айтылғанынан ешкім зардап шегіп жатқан жоқ.
Фаризамен студент кезден жақын араластық. Кездескенде көп нәрсе айтатын. Оның мұңайып тұрғанын көзінен байқайтынмын, неге ренжіп тұрғанын айтқызбай-ақ сезетінмін. Ол өзі ерекше мінезі бар ақын болды. Оны неге жазбасқа? Оны еске алғанда қиянат жасаған жоқпын, Фариза қалай болды, солай жазғым келді. Мен онымен үнемі бірге жүруге мүмкіндігім болған жоқ. Мен қазан-ошақтан, бала тәрбиесінен босай қойғам жоқ, ол – еркін адам. Дос екенмін деп бәрін тастап, Астанаға Фаризаның қасына көшіп кетпеймін ғой. Шын достық ондай емес, адам бірге жүріп те дос бола бермейді, алыста аңсап, сағынып жүріп жақсы дос болуға болады. Ол маған арнап қанша өлең жазды, қуанған кезінде де, ренжітіп алған кездерінде де жазды.
Шығармашылықта да адамдар өмір бойы дос болып, ой-пікірлері үйлесе бермейді. Сондықтан өлеңдеріміздің біріміздікі екіншімізге ұнамай таласып қалған кездеріміз де болды. Ол маған «Сенің мына бір жолдарың маған ұнамайды» дейді, ал мен де «Сенің мына жолдарыңды бұлай жазбауың керек еді» деп пікір айтамын. Сондықтан мен Фаризаның 85 жылдығына орай жазған кітабымда оның шынайы ақын ретіндегі, адам ретінде болмысын көрсеткім келді, өзім таныған қалыпта баяндадым. Кітапты оқығандар пікір айтып жатыр, тіпті өткен аптада Фаризаның жеңгесі телефон соғып, баяғы екеуміз бірге жүрген кездерді есіме түсірдім, шынайы жазылған деді.
Кітапқа ешқандай жасанды нәрсе қосқам жоқ, қатар жүрген кездердегі болған оқиғаларды жаздым. Оның мінезі қызық қой, кейде дастарқанда отырғанда бір кесе шайыңды ішкізіп, екіншісін ішкізбейді, «Тұр, кеттік» дейді, тіпті шай беріп отырған адамның көңіліне қарамайды. Немесе бәтеңкем аяғымды қысты деп маған қарай лақтырып жібереді, сосын «Сенің бәтеңкең аяғыңды қысса мен кінәлімін бе?» деп өзіне қарай лақтырып жіберемін. Соған өзі күледі, «Енді мен кімге еркелеймін» деп. Осындай мінездерін баяндадым. Артық ештеңе жоқ. Тіпті, мені жолдасыммен таныстырған да Фариза өз үйіне шақырып алып. Міне, ақын өміріндегі сондай жағдайлардан жұрт хабардар болсын деп жаздым.
Сондықтан кейбіреулер ойлайтындай, «Менің Фаризамда» ерсі ештеңе жоқ, бәрі шындық, өзім куә болған жайлар. Қадыр ағамыздың «Иірімінен» жұрт көп жайды біліп сабақ алып жатыр ғой. Қандай керемет жазылған кітап! Жұрт қызығып оқиды. Үлкен ақындардың өмірі қызық қой, өнеге алатын да, жұртты таңдандыратын да нәрселер көп болады. Сондықтан осындай естелік, мемуарлық кітаптар көп болғаны дұрыс.
– Сіздің көптеген ақыннан өзгешелігіңіз – мансап қумай отбасын құрып, саналы ғұмырыңызды негізінен ұрпақ өсіруге арнай жүріп шығармашылықтан қол үзбеуіңіз дер едік. Ер адамның өмірі еркіндеу, әрине, ал әйелге отбасы мен ақындықты қатар алып жүру қиын емес пе?
– Жалпы, әйел ақындардың өмірі қиын десек, жұртқа ол түсінікті шығар. Отбасының күйбең тіршілігі мен өнер әлемі екі басқа нәрсе. Оған көбі шыдамайды. Өлеңмен ғана болам деп күйеуімен ажырасып кеткендері қанша. Қазақтың ақын әйелдерінде мен секілді елу жылдан бері бір күйеуімен тұрып келе жатқаны аз.
Мен қазақ қыздарына үлгі көрсеткім келді: отбасына иелік етіп, сонымен бірге қаламды да тастамай жүріп қатардан қалмауға болатынын дәлелдегім келді. Қазақ қыздарының төзімділігі мен бәріне шыдай алатын қайсарлығы болмаса табысқа жете ала ма? Өз басыңның өнегесі болмаса артыңнан келе жатқан кішілерге қалай ақыл айтасың, не тәрбие бересің?
Анамын бөбегін сағынған,
Ақынмын жыр болып ағылған.
Көңілмін екіге бөлінген,
Жүрекпін екіге жарылған, – деген жырым менің ақын ретіндегі, ана ретіндегі басымнан өткен жайдан көп сыр аңдатса керек.
Пысықайлар да қаламгер атанып жүр...
– «Ақ айдын» атты кітабыңызда жарияланған «Қойындәптердегі жазбаларыңыздың» бірінен «Алқа топта сөз сөйлей алмайды, қалам берсең хат жазу да білмейді. Ебін тауып мүшелікке өтіп кетіп, өзін жазушымын деп таныстырады. Кітаптың қадірін білмейтін, жазушыны сыйлауды да білмейтін сауатсыздар да жазушы болғысы келеді» деген пікіріңізді оқып қалдым. Сіз айтып отырған жағдайдың шындық екені белгілі, бірақ соған кім кінәлі? Жазушылар одағын басқарғандар ма, әдеби сынды мақтау-мадақтауға айналдырғандар ма, әлде өздері мүше болып отырған қаламгерлер ұйымының қадір-қасиеті төмендеп бара жатқанын көрсе де, үндемей отыра беретін ақын-жазушылар ма?
– Нарықтық экономика деген пайда болып, елдің бәрін ақшаның соңынан жүгіртіп қойды ғой, сөйтіп «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген заман келді.
Адамдық емес, пысықтық бедел болды. Түрлі қылмыс жасағандар ақша беріп құтылып жатты. Оқуға ақшамен түсіп жатқандар болды, дипломды ақшамен сатып алып жатқандар болды. Ендеше, сатып алуға болмайтын нәрсе қалды ма? Қалған жоқ. Сол кезде жазушылық билеті де сатылды.
Жазушылар одағы қоғамдық ұйым болып, жойылып кете жаздады. Оны сақтау оңай болмады. Сондықтан бұл ұйымның ісіне де ақша араласты. Қаламгерлер қатарына әркімге ақша беріп, кітап жаздырып мүше болғандар да қосылды.
Елді аралап жүргенде талай адамдармен кездесеміз ғой, сондай бір жүздесуде сақал-шашы ағарған, бұрын өзім атын естіп көрмеген бір кісі «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін» дейді. Таңғалдым. Сөйтсем, оның баласы бизнесмен екен. Әлгі кісі баласының ақшасымен біреуге кітап жаздырып, бір баспадан өз ақшасына кітап шығарған, солайша бір күні одақтың мүшесі болып шыға келген. Қиын кезді пайдаланып сондай пысықайлардың талайы қаламгерлер ұйымының мүшесі болды. Ондайлар әр облыста толып жүр. Сондықтан оған қаламгерлер қауымын кінәлай алмаспыз. Дегенмен уақыт бәрін орнына қояды түбінде. Жалған жазушылар мен ақындардың туындысымақтары тарих сыпыртқысының ұшында кететіні талай дәлелденіп жатыр ғой...
– Қазақта «Ата – балаға сыншы» деген даналық сөз бар ғой, үлкендердің әрдайым өзінен кейінгілерге сын көзімен қарайтыны заңдылық. Мұны шығармашылыққа қарата айтсақ та әбестігі жоқ. Өзіңізден кейінгі, әсіресе, тәуелсіздіктен бергі жерде поэзиямызға келіп жатқан қыз-келіншектердің өлеңдеріне көзқарасыңыз қалай? Олардың арасында патриотизмнен эротикаға дейінгі тақырыптардың бәріне қалам тербеп жүргендер көп. Оларды оқып тұрасыз ба?
– Қазіргі кезде талантты ақын қыздар көп. Біраз жылдан бері өндіре жазып, Бақытгүл Бабаш, Танкөз Толқынқызы, Динара Мәлік, Толқын Қабылша секілді қыздарымыз жақсы танылып жүр ғой. Жаңадан шығып жүрген жас ақындар да бірталай.
Ақын болған соң тақырып тарлығына ұшырамауы керек, көп оқып, түрлі тақырыпта жазған дұрыс. Бірсарындылықтан қашу керек. Бір байқайтыным, көп қыздар сәтсіз махаббатты жырлауға әуес, оны бір жазарсың, екі жазарсың, үшіншісінде жалықтыра бастайды. Ол ізденістің кемшіндігі шығар деп ойлаймын. Махаббаттың бәрі сәтсіз бола бермейді ғой, неге оның бақытын, қуанышын, құдіретін де жырламасқа?
Айтуға хақымыз бар деп бәрін ашық жырлай беруге де болмас. Кейде тіпті қыз бала айтуға болмайтын, қыз балаға жараса бермейтін, әдептілік шегінен аттап кететін де жағдайлар кездесіп қалады. Қыз деген сұлулық әлемі, оның әдеп-ибасы, нәзік сезімі өлеңде шебер өрнектеліп, жұмбақ, тылсым қалпымен тартып тұрса жақсы болмас па еді? Тіке айту батылдық сияқты көрінгенімен жадағайлыққа ұрындыратын жағдайы көп. Асыл нәрсе тереңде жатуымен, болмыс жұмбақтау күйде ым-ишарамен суреттелсе қадір-қымбаты арта түсетіні белгілі ғой.
Қалай дегенде қыздар поэзиясы өз құпиясы бар, өзіндік мәдениетімен ерекшеленетін поэзия болуға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ