Субсидия сеп пе, бөгет пе?
Ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетіп, өнім сапасын арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болуы үшін төленетін мемлекет көмегі – субсидияны заңсыз иеленіп, басқа мақсатқа жұмсау тыйылар емес.
5 миллионнан астам мал санда бар, санатта жоқ. Егін шаруашылығындағы ахуал да – осындай. Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Бөлінетін қаражат та жыл санап көбеймесе, азайған емес. Дегенмен қайтарымын көрмей келеміз.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы мұның барлығы мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылықтың салдары екенін айтып, ауыл шаруашылығы саласын қолдау тетіктерін өзгертуге байланысты тапсырма берген болатын.
«Субсидияны арзан несиемен алмастыру қажет»
Ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетіп, өнім сапасын арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болуы үшін төленетін мемлекет көмегі – субсидияны заңсыз иеленіп, басқа мақсатқа жұмсау тыйылар емес.
– Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек, – деді Президент биылғы Жолдауында.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшуді ұсынып, осы тетікті жүзеге асыру аса маңызды міндет екеніне де тоқталды.
– Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр, – деді Президент.
Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Субсидиялау тәсілдерін тез арада қайта қарау қажет екені де талай мәрте айтылған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлері де субсидия мәселесін реттеуге күш салып жатқанын айтудан танбаған.
Бұл ретте, субсидияға бөлінген қаражат кеміген жоқ, керісінше жыл сайын өсіп келеді.
Қаражат көп, қайтарымы аз
Мәселен, сала министрлігінің мәліметіне қарасақ, былтыр агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға шамамен 500 млрд теңге бөлінген. Нақтырақ тоқталар болсақ, мал шаруашылығына – 115,9 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы мен қаржы құралдарына – 318,1 млрд теңге, Сонымен қатар Үкімет резервінен өсімдік шаруашылығын және мал шаруашылығын қолдауға қосымша 60 млрд теңге қарастырылыпты.
Осылайша, кейінгі 6 жылда (2018-2023 жылдары) ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2,2 трлн теңге бөлінген. 2018 жылы – 226 млрд теңге, 2019 жылы – 356,3 млрд теңге, 2020 жылы – 384,8 млрд теңге, 2021 жылы – 408,7 млрд теңге, 2022 жылы – 450 млрд теңге, 2023 жылы – 500 млрд теңге.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, бөлінген қаражат саланың қарқынын жақсартуға әсер етіп жатыр.
– 2022 жылы АӨК субсидиялауға 450 млрд теңге бөлінді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2022 жылы 9,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Осылайша, субсидиялау көлемімен тікелей корреляция байқалады, – деп мәлімдеген еді министрлік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция ағыны 2022 жылы 853,3 млрд теңгеге жеткенін және 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 есе өскенін, азық-түлік өнімдеріне 2022 жылы 140,4 млрд теңге инвестиция салынып, 2018 жылмен салыстырғанда 1,1 есе артқанын хабарлады. Ал экспорт бойынша былтыр бұл көрсеткіш 2022 жылы 5,6 млрд долларға жеткен, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері 2,3 млрд долларға экспортталған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп.
Дегенмен осы деректер жарияланған уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жүргізген тексерістің қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы жемқорлыққа батқан салалардың көшін бастап тұр. Агенттік 2016 жылдан бастап талдау жүргізген. Нақты деректерді алға тартсақ, сала бойынша тіркелген 357 қылмыстық істің жартысынан көбі, яғни 54 пайызы субсидиялауға қатысты екені анықталған.
– Алдын ала тергеу шеңберінде 212 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 79-ы сотталған, 133 адамға қатысты қылмыстық істер ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары мен жергілікті атқарушы органдардың аудандық бөлімшелерінің 67 мемлекеттік қызметшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды (оның ішінде 23 басшылық құрамның, 44 маманның қызметкері), – деп айтылған Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде.
Яғни, бөлініп отырған қаражаттың қыруар екенін ескерсек, байқалып отырған ілгерілеу де, көрсеткіштер де мардымды емес. Оған қоса, жалған есептер мен қағаз жүзінде ғана бар мал мен шаруашылық статистикалық мәліметтердің бұрмалайтынын ескерсек, шындығында ахуал мүлдем басқаша болуы да ықтимал.
– Қазақстан ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі бойынша әлемде 6 орында және негізгі нарықтарға шығуға мүмкіндігі бар ел ретінде айтарлықтай аграрлық әлеуетке ие. Алайда экономикалық және әлеуметтік маңыздылығына қарамастан, қаншама жыл бойы ауыл шаруашылығының ЖІӨ-ге қосқан үлесі 5 пайыз деңгейінде қалып келеді. Мысалы, Қазақстанмен климаттық жағдайы ұқсас Өзбекстанда ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі 25 пайызға, ал Қырғыз Республикасында 14 пайызға жетеді. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған барлық күш-жігердің не себептен нәтиже бермей келе жатқанына толық сыни талдау жасамаған, сондай-ақ нарықтағы қиындықтарды жеңу бойынша да жоспарлар ұсынылмаған. Жекелеген нормаларды қоспағанда, аграрлық секторды дамытуға арналған көпшілік ұсынған шаралар бұрынғы әкімшілік-әміршілдік тәсілдерге ұқсас болып келеді, нарық құралдарына толық көшуді көздемейді, – дейді Halyk Finance сарапшысы Санжар Қалдаров.
Оған қоса, қаражат кәсібін жүргізуге ниетті сала мамандарына жете бермейтіні де – анық жайт. Сыбайлас жемқорлық схемаларын құруға, оны ұйымдастыруға лауазымды қызметкерлер мұрындық болып келгені де анықталды, лауазымды тұлғалардан тұратын қылмыстық топтар да әшкереленді. Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысып, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, қарапайым фермерлер субсидия алуға өтінім беру қашан басталатынынан да бейхабар болып келген, оған қоса нормативтік база түсініксіз, оны шаруалар түсіне алмайды. Субсидиялар «кім үлгерді, сол алды» қағидаты бойынша әділетсіз бөлінеді. Ал өтінімдерді қабылдау мерзімі қаражат бөлінген күнге тікелей байланысты. Демек, қаражаттың қашан түсетіні туралы инсайдерлік ақпарат сатылуы мүмкін. Салдарынан субсидияны белгілі бір топтар ғана алады. Шаруалар өтінім беретін Qoldau жүйесінде кезекке тұру да ашық емес. Бұдан бөлек заң бойынша өтінім беруге қатысты қызметтердің бәрі тегін болса да, түптеп келгенде осы үшін ақша алатындар бар. Себебі нормативтік база қиындатылып жазылған. Оны қарапайым фермер түсінбейді. Жалпы, осы уақытқа дейін субсидиялау қағидаларына 50 шақты өзгеріс енгізілген. Бірақ жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстары бірде-бір рет жүргізілмеген.
Сұрауы енді сұралмақ па?
Субсидиялаудағы мәселелер анық, тексерістер мен зерттеулер негізінде расталған болса да, оны беру немесе қайтарымын сұрау механизмдерін жетілдіруге байланысты қарапайым шаралардың өзі қолға алынбай келді. Мәселен, министрлік тек биылғы жазда ғана ауыл шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілгені туралы хабарлады. Министрлік субсидиялаудың тиімділігін анықтау үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнім көлемінің ақшаға шаққандағы мәнін арттыруға бағытталған міндеттерді енгізбек екенін мәлімдеді.
Яғни, өнімділікті және өнім сапасын арттыру үшін субсидия алатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер енді өндіріс көлемін арттыру және сақтау бойынша белгілі бір міндеттемелерді орындауы керек. Олардың тиімділігі өндірілген өнімнің құны бойынша бағаланатын болады. Міндеттемелерді орындау туралы ақпарат Мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Егер өндіруші 2 жыл қатарынан міндетті орындай алмаса, онда ол субсидия алу құқығынан айырылады. Міндеттемелерді енгізбестен бұрын, пилоттық жоба іске асырылатын болады, оның шеңберінде аграрлық сектор субъектілері субсидия алуға арналған талаптарды орындауға міндеттеледі.
Дегенмен, нақты нәтиже талап етудің өзі нәтиже бере қоюы да – екіталай. Сарапшының пікірінше, қазір ауыл шаруашылығына берілетін мемлекеттік көмектің басым бөлігі – нарыққа қайшы, бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін, негізінен өнімділігін арттыруға кері әсер етеді.
– Ұлттық даму жоспарында ауыл шаруашылығындағы өнімділік төмен екені ашық түрде мойындалған, бірақ шешім ретінде әлі де нарықтан төмен қаржыландыру механизмдерін пайдалануды және кеңейтуді ұсынады. Мұндай тәжірибе нәтижесінде агробизнес бюджетке тәуелді болады, бәсекелестік үшін күреске талпынбайды, себебі мемлекет әрдайым көмек көрсетіп, тіпті ауыл шаруашылығы қай кезде де болмасын қаржы бөлетінін біледі. Бұл жерде біз мемлекет агробизнеске көмек көрсетуді тоқтату керек деп айтпаймыз. Егер Үкімет ауыл шаруашылығы секторына арзандатылған қаржыландыру арқылы қолдау көрсетуді мақсат етсе, онда нарықтағы қаржыландыру қатынастарын бұзбай, бюджеттен тікелей қарыз алушыға нарықтағы пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиіс, – дейді Санжар Қалдаров.
Сарапшы ауыл шаруашылығындағы нарық қатынастарын бұрмалаған тиімді емес екенін, мемлекет қолдауын қысқартып, қайта бағыттау қажет екенін айтады.
Жеке сектордың дамуын тежейтін мемлекеттік шығындар мен инвестицияларды тиімді жеке кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамытуға бағытталған ынталандыру шараларына қайта бағыттау керек. Үкімет кәсіпкерлікті, жеке инвестицияларды, бизнестің динамикасын ынталандыратын бизнес ортаны қалыптастыруға назар аударуға тиіс, мұнда тиімді емес бизнес тиімді бизнеске орын беріп отырады. Секторда капитал мен еңбек ресурстарын қайта бөлудің нарық механизмдері автоматты түрде жұмыс істеп тұруы қажет. Жалпы, мемлекеттік субсидиялар, негізінен, ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылым мен адам капиталының дамуына арналған жобаларға бағытталуға тиіс. Бұл ретте Ұлттық даму жоспарында аграрлық ғылым мен құзыреттерді дамыту, сондай-ақ көліктік-логистика және суару инфрақұрылымына инвестициялар тарту бойынша шараларға басымдық беру бойынша белгілі бір ілгерілеу бар, – дейді Санжар Қалдаров.
Өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада ұсынып, ел экономикасын \көтеруге жұмсалуға тиіс қыруар қаражаттың талан-таражға түскені қынжылтады, әрине. Дегенмен қаражат бөлу – бөлек, оны қалай бөлудің тетіктерін тиімді ұйымдастыру бөлек екеніне көз жетіп отыр.