Мызғымас бірлік – мақсатқа жетудің алғышарты

Кеше Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Мызғымас бірлік – мақсатқа жетудің алғышарты
сурет: akorda.kz
503

Кеше Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы жиналғандарды фору­мының ашылуымен құттықтап, іс-шараның маңы­зына тоқталып өтті. 
– Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пі­кірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – ха­лық­тың үні болу деген сөз. Мәслихат – мем­лекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұрт­шылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқ­тажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті на­зарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүд­десін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән бере­мін. Жалпы, елімізде 3 300-ден астам мәс­лихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуы­ғы осы залда отыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылып жатқан жан-жақты жаңғыру жұмыстары туралы да сөз қоз­ғады. Президенттің айтуынша, соның ішін­де саяси реформалардың орны бөлек. 
– Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мә­се­лелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәс­лихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал ау­дандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің де­мок­ратиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ере­жеге сай өткен сайлаудан кейін мәсли­хат­тарға жаңа адамдар келді. Алты саяси пар­тия­ның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қа­зір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қал­ғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды, – деді Мемлекет басшысы. 

Саяси реформалардың нәтижесінде мәс­лихаттардың құзыреті кеңейе түскеніне тоқталған Президент депутаттар облыстың жә­не республикалық маңызы бар қала­лар­дың әкімдерін баламалы негізде таң­дай­ты­нын айтты. Атқарушы билікке ықпал ете ала­тын басқа да құзыреттер берілді. Сон­дық­тан мәслихаттар аймақтың әлеуметтік жағ­дайына әкімдіктермен бірдей жауапты. Мем­лекет басшысының сөзінше, депу­тат­тар өкілді билік функциясын халықтың се­­­німіне сай жоғары деңгейде атқаруы ке­рек, ал ол үшін назар аударуға тиіс бірқа­тар мәселені ескерген жөн.

Білікті депутат – тиімді басқару

Мәслихаттар жергілікті өзін-өзі бас­қару жүйесіндегі негізгі институт екеніне тоқ­­талған Президент оның тиімділігі де­пу­таттардың кәсібилігіне тікелей бай­ла­ныс­ты деді. 
– Біліміне білігі сай депутаттар корпу­сын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсын­ған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәс­лихат депутаттарының біліктілігін же­­тілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәс­ли­хат депутаттары қызметінің тиімділігін арт­тыру үшін бұл бағытқа ерекше назар ау­дару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйым­дас­тыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент депутаттар ха­лықпен тікелей байланыс жасай білуге жә­не өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақ­ты хабардар етуге тиіс екенін де айтты. 
– Мойындауымыз керек, бұл істе көзге кө­рі­ніп тұрған кемшіліктер бар. Атап айт­қанда, мәслихат депутаттарының сай­лау­шы­лар алдындағы есебі көбіне формальді түр­де өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғы­лық­ты дайындалып, сапалы өткізуге ерек­ше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын мең­геру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлел­дей білу өте маңызды, – деді Мемлекет бас­­­­­шысы.

Мәслихаттар экономикалық саясатқа ықпал етуі керек

Президент жергілікті өзін-өзі басқару жүйе­сінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар қажет екенін мә­лім­деді.
– Қазір жаңа Бюджет және Салық ко­декс­тері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкім­дерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жер­гілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қар­жы­лық дербестігін арттыру үшін нақты ұсы­­­ныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жоба­ла­рын талқылауға мәслихаттар белсене қа­тыс­қаны жөн. Жергілікті бюджет қаржы­сы­ның дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңыз­ды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауап­кер­ші­лікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюд­жет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөл­­­­шерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақы­лау­да ұстауы қажет, – деді Мемлекет бас­шы­сы. Сондай-ақ берілген нақты тапсыр­ма­ларды орындауға барлығы бірдей жұ­мылу­ға тиіс екенін айтты.
– Қазір республикалық бюджеттің кіріс бө­лігі толық орындалмай жатыр. Мен Жол­дауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қа­­тысты нақты шаралар қабылдауды тап­сыр­дым. Себебі бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс. Біз «Қуатты аймақ­тар – қуатты ел» қағидатына сай жұмыс іс­теуі­міз керек. Сіздер мұның маңызы зор еке­нін жақсы білесіздер. Сондықтан әр депутат өз ауданын өркендетуге атсалысады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді орындауға 
үлес қосуы қажет

Реформаларды өңірлерде іске асыруда мәс­лихаттардың орны айрықша. Мәс­ли­хат­тардың мемлекеттік және қоғамдық мін­деттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өз­дері түрлі бастама көтеруі маңызды. Осы­лай деген Мемлекет басшысы «AMANAT» пар­тиясының қоғамдағы өзекті мәсе­ле­лер­ді шешуге бағытталған жобаларына ерекше тоқ­талды.
– Сондықтан жастарға, әйелдерге, кә­сіп­керлерге, зейнеткерлерге, ерекше қа­жет­тіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, ха­лықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұр­ғындарының кірісін арттыру, пай­да­ла­ныл­май жатқан және заңсыз берілген жер­лерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауат­тылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғам­дағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қа­рыз­сыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секіл­ді партиялық жобалардың ауқымын кеңей­ту­ге көмектесуді тапсырдым, – деді ол.
Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақ­сартуға дайын жандарға әрқашан қол­дау көрсететінін, бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келетінін жә­не Әділетті Қазақстан құрудың негізгі фак­торларының бірі екенін айтқан Прези­дент осы себепті келер жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанына тоқталды. 
– Барлық партияның, соның ішінде «AMANAT» партиясының мүшелері көк­тем­гі алапат су тасқыны кезінде бекем бірлік­тің үлгісін көрсетті. Олар бөгеттер салуға жә­не азаматтарды эвакуациялауға, гумани­тар­лық көмек жинап, елге таратуға бірге қатысты. «Ауыл» партиясының бастамасы­мен тұрғын үйлерді және әлеуметтік ны­сан­­дарды қалпына келтіру үшін студент­тер­дің құрылыс жасақтары жедел құрылды. «Ақ жол» партиясы су тасқынымен күресуге екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық пар­тиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Әлбетте, бұл ау­қымды жұмысқа партиялардан сайлан­ған, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған мәслихат депутаттары да белсенді атсалысты. Ең алдымен, осы мақсатқа бөлінген қаржының жұм­салуын бақылауға көмектесті, – деді Мем­лекет басшысы. 
Президент саяси партиялар, мәслихат­тар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мыз­ғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп есеп­тейтінін жеткізді. Түптеп келгенде, ал­дымызда тұрған мақсат – ортақ.
– Әрбір партия өз қызметінде, негізінен, электоратына бағдар ұстай отырып әрекет ете­тіні түсінікті. Олар бір-бірімен бәсекеле­сіп, сайлаушылардың дауысы үшін күресе­ті­нін көріп отырмыз. Алайда партиялар жалпыұлттық міндеттерді шешу үшін күш-жігер біріктіруге дайын. Саяси ұйым­дар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде дәл осындай бірлік пен ынтымақтың үлгі­сін көрсетті. Тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына кел­тіруге төлем алды, алты мыңға жуық от­ба­сына баспана сатып алуға қаржы бө­лін­ді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан ас­там жаңа үй салынды. Жоспарланған 2 680 үйдің 2 620-сы пайдалануға берілді. Мұның бар­лығы – мемлекеттің, бизнестің және қо­ғамның бірлесе атқарып жатқан жұ­мы­сының нәтижесі. Мен саяси партия­лар, мәс­лихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алды­мызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Президент.

Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс 
істеуі керек

Мәслихат депутаттары мен әкімдерді мем­лекеттің жергілікті жердегі қос тірегі еке­нін айтқан Президент олардың бірлесе жұ­мыс істеуі халықтың тұрмысын жақ­сартуға ықпал етеніне тоқталды.
– Елімізде халықтың жартысына жуы­ғы ауылда, ауданда тұрады. Сондықтан аза­­­маттардың көпшілігі үшін тікелей сай­лау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды. Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін кө­тереді, саяси институттарды нығайтады. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жа­тыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп ке­леді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күр­делі жағдай болған кезде анық байқал­ды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ши­рақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім бол­ғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көр­сету керек. Әсіресе, мәслихат депутат­тары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергі­лік­ті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерге тоқталып, алдағы ре­фе­рендумның маңызы туралы ойын жеткізді.
– Бірнеше күннен кейін өтетін жал­пыұлт­тық референдумда халқымыз Қазақ­стан­да атом электр стансасын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені ше­ше­ді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Әлемдегі прогрестен шет қал­мау үшін біз бәсекелестікте өз ар­тық­шы­лықтарымызды пайдалануымыз ке­рек. Аза­маттар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуел­сіз Қа­зақ­станның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанның болашағы – жастардың қо­лында. Сондықтан балалардың денсау­лы­ғына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек еке­нін айтқан Президент мемлекет осы ба­ғытта нақты шаралар қабылдағанын жет­кізді. 
– Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жа­тыр деуге болады, бірақ алдымызда тұр­ған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп. Біздің оқушылар математикадан, фи­зи­кадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жет­кізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек, – деді Мемлекет басшысы. 
Президент сөзін түйіндей келе елімізде Заң және Тәртіп үстемдік құруға тиіс еке­нін айтты. Соның ішінде, мәслихат депу­тат­тарының адал жұмыс істегені маңызды еке­нін жеткізді.
– Мәслихат депутаттары – айрықша се­нім мандатының иесі. Тұрғындар сіздерді жақ­сы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жет­кізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті те­рең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлемдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Әри­не, түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ татулық пен келісім болса, біз оның бәрін міндетті түрде еңсереміз. Ашық аспан астын­дағы бейбіт өмір – ең басты байлық. Мен қастерлі Отанымыздың болашағы жар­қын екеніне кәміл сенемін. Түптеп кел­ген­де, бәріміздің мақсатымыз, мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрып, ха­лықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мін­детті абыроймен атқарасыздар деп ойлай­мын. Депутаттар форумы келешекте дәс­түр­ге айналып, тұрақты түрде өткізілуі ке­рек, – деді Президент.
Барлық деңгейдегі мәс­лихат депу­тат­тарының ІІ республика­лық форумында Парламент Мәжілісінің төра­ғасы Ерлан Қошанов, Мәжіліс депу­тат­тары Юлия Ку­чинс­кая, Ринат Зайытов, «Қа­затомпром­ның» ядролық отын циклі жө­нін­дегі бас­қарушы директоры Әсет Ма­хам­бетов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өн­діру басқармасы бастығының орынба­сары Сырымбек Сәрсембаев, Қарағанды об­­лыс­тық маслихатының депутаты, кен­шілердің «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев сөз алды.
Атырау облыстық мәслихатының де­пу­таты Сырымбек Сәрсембаев мәслихат де­пу­таттарының форумында Жылыой ауда­нын­дағы «Аралтөбе» су қоймасының құ­ры­лысын тілге тиек етті.
– Бұл су қоймасы Жем өзені бойында тас­қын су апаттарының алдын алуға және ауыл­шаруашылығын дамыту үшін өте үл­кен көмек болар еді, – деді ол.
Бұдан бөлек, ол Арқалық, Құлсары, Кен­тау, Риддер, Саран сынды еліміздегі 27 мо­но қалада шешімін таппай отырған мә­се­лелерге тоқталды.
– Құлсары қаласы үшін өзекті, ең басты мә­селе, тез арада заман талаптарына сай кә­різ­дік лас суды тазарту қондырғылары мен ауыз суды тазарту қондырғыларын салу керек. Бұл қала тұрғындарының сапа­лы ауыз су пайдалануына және экологиялық ахуалдың жақсаруына әкелер еді, – деді ол.
Ядролық энергетика саласындағы жас ма­ман, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әсет Махамбетов мәслихат депутат­та­ры­ның форумында атом энергетикасына қа­тысты ойымен бөлісіп, әлем елдеріндегі атом электр стансаларының жұмысы тура­лы айтты. Оның сөзінше, әлемде атом энер­­­гетика саласы мұқият қадағаланып, жүйе­лі бақылауда болатындықтан, оның қауіп­сіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ.
Сондай-ақ ол жыл өткен сайын елімізде электр энергиясының тапшылығы айқын се­зіліп жатқанын атап өтті.
– Мұны шешудің бір ғана жолы – жо­ғары технологиялық Атом энергетикасын да­мыту. Ол үшін бізде АЭС-ке қажетті уран­ның қоры жеткілікті. Оған қоса, 2021 жыл­дан бастап дайын ядролық отын өндіретін зауы­тын іске қостық. Бұл шикізат емес, атом реакторларына тікелей орналасатын дайын отын. Сондықтан күні ертең өтетін жал­пыұлттық референдумда біз дұрыс таң­дау жасауымыз керек. Референдумның нә­тижесі еліміздің ғылымына, энергетика мен экономикасының дамуына тікелей әсер етеді, – деді ол.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Ринат Заитов мәс­лихат депутаттарының форумында дәс­түр­лі ұлттық театр ашуды ұсынды.
– Ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына ай­налатын оңаша шаңырақ қажет. Мәселен, Қы­тайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Ита­лиядағы «Ла-скала», Қырғыз ағайынның дәс­түрлі «Манас» орталығы өз ұлтының төл өне­рі мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлты­мыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін ти­гі­зетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ, – деді Ринат Зайытов.

Форум әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады деген ой төңірегінде түйінделді. Бұл ретте, ел болып еңсе тіктеудің, көшке ілесіп, алға озудың алғышарты – мызғымас бірлік.

Серіктес жаңалықтары