Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуға тиіс Эрисланди Лараның жаңа қарсыласы анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол – венесуэлалық боксшы Йохан Гонсалес. Бұл өзгеріс қазақстандық боксшының допинг дауына байланысты болды.
Айта кетейік, 7 желтоқсанда Эрисланди Лара қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен үш чемпиондық белбеуді сарапқа салатын жекпе-жек өтуі керек еді. VADA жүргізген тексеріс барысында Жәнібек Әлімханұлының сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты табылғанғандықтан, жекпе-жек өткізілмейтіні мәлім болды.
Осы жағдайдан кейін промоутерлік тараптар жоспарланған титулдық кездесуді кейінге қалдырып, Лараға жаңа қарсылас ретінде Йохан Гонсалесті бекітті. Кубалық чемпион енді дәл осы боксшыға қарсы өз белдігін қорғайды.
Жәнібек Әлімханұлы допинг нәтижесіне күмән келтіріп, B-сынама қайта тексерілуін талап етті. Оның айтуынша, алғашқы тест таза шыққан және ол витаминдік режимін өзгертпеген.
Алдағы күндері Әлімханұлы командасы бұл даудың ресми қорытындысын күтеді. WBA шешімі мен қайта тексерудің нәтижесіне қарай қазақстандық боксшының рингке қашан оралатыны белгілі болмақ.