Жетісулықтар АЭС-тің ел дамуындағы мүмкіндігін саралады

Атом электр станциясы энергетикалық тәуелсіздік пен экологиялық тұрақтылық жолындағы басты қадам.

Жетісулықтар АЭС-тің ел дамуындағы мүмкіндігін саралады
Халықтық штаб
298

АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб Жетісу облысы халқына рефрендумның маңызын түсіндірді.

Атом электр стансасының құрылысы тек технологиялық шешім емес, сонымен бірге адамзат болашақ ұрпақтар үшін жер шарын сақтай отырып, еліміздің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын болашаққа жасалған маңызды қадам. Бүгін АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері Көксу ауданында бірнеше кездесу барысында осындай тұщымды ойларды ортаға салды.

Әуелі штаб мүшелері үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, жастармен кездесті. Жиын барысында спикерлер қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр екенін алға тартты. Осы тапшылық жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға тікелей әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Мұндай экономикалық кедергіден тек АЭС құтқарады екен.

 – Атом электр стансысында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды. Өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары, сондай-ақ станцияның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орында, – деді Мұстафа Хұсайын.

Мұнан кейін штаб мүшелері «Көксу қант зауыты» ЖШС-ның өкілдерімен кездесті. Жиында спикерлер бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтынын алға тартты. Ал АЭС салған соң, еш жалтақсыз өндірісті өрістетуге болады екен.

– Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді. Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет, – деді Секенбай Шеңгелбаев.

Спикерлер АЭС-тегі қауіпсіздік жайын, Балқаш көлінің флорасы мен фаунасының ешқандай зиян шекпейтінін, қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелерді тізбектеді. Айтуынша, 3 буынды реакторлы АЭС-терде ешқандай апат орын алмапты. Мұндай жоба әлемде қауіпсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. Жиынға қатысушылар шара соңында болашақтың қуаты саналатын АЭС салуды қолдайтынын жеткізді.

Атом электр станциясы энергетикалық тәуелсіздік пен экологиялық тұрақтылық жолындағы басты қадам. Бұл бастама көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық технологияларды дамытуға, сенімді энергиямен қамтамасыз етуге және елдегі ғылыми прогресті ынталандыруға бағытталған.

Бұдан кйеін халықтық штаб мүшелері Қаратал ауданында болып, бірнеше кездесу өткізді. Штаб мүшелері әуелі Үштөбе қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында әлеуметтік сала қызметкерлерімен жүздесті. Жиында алғысөзді Болат Керімбек алып, АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар көміртекті энергия көздеріне тәуелділікті азайту арқылы қоршаған ортаға тигізетін оң әсерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

 – Кейбір адамдар Семей ядролық сынақ полигонындағы оқиғаны айтып, АЭС салуға қарсылық білдіруде. Бірақ, екеуі екі бөлек дүние. Семей полигонында арнайы атом бомбасын жарды. Атом электр стансысында қолданатын уран ол атом бомбасы емес. АЭС-те қолданылатын уран 20 пайыз ғана байытылады. Атом бомбасын жасау үшін 95 пайыз байыту керек. Атом электр стансысын салу ядролық қаруды сынау емес. Біз «бейбіт атом» энергиясын қолданамыз, – деді Болат Керімбек.

Мұнан кейін штаб мүшелері аудандағы етжеңді кәсіпорын «ТастөбеАгроФуд» ЖШС-де болып, ұжымға атом электр стансысының қауіпсіздігі туралы баяндады. Сонымен қатар спикерлер атом электр станциясын салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын кеңінен баяндап, АЭС төңірегінде туындаған негізсіз үрейлерді сейілтуге бағытталған маңызды ойларын ортаға салды, әрі станцияның экологиялық және экономикалық пайдасына тоқталды.

 

– Қауіпсіздік туралы айтқанда, қауіпсіздік шаралары сақталмаған Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында атой салатыны анық. Осыған қарамастан, бүгінде Украинада бес атом электр стансысы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр стансысындағы апатқа қарамастан, адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр стансылары жаңа қуат, зор қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек, – деді штаб мүшесі Мұстафа Хұсайын.

Кездесулер барысында штаб мүшелері тағдыршешті сәтте қалыс қалмай, елдің жарқын болашағын бірге таңдауға шақырды.

Жетісу өңірінде сапарда халықтық штабтың бір тобы Текелі қаласына атбасын бұрып, мұнда «Текелі ТЭК» ЖШС ұжымымен, қала тұрғындарымен кездесті. Қос кездесуде штаб мүшелері жұртты алаңдатқан АЭС төңірегіндегі сауалдарға тұщымды жауап алып, 6-қазанда тағдыршешті сәтте қалыс қалмайтынын жеткізді. Әуелі «Текелі ТЭК» серіктестігінде болған кездесуде Амангелді Толамисов АЭС-тегі қауіпсіздік жайын, Балқаш көлінің флорасы мен фаунасының ешқандай зиян шекпейтінін, қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелерді тізбектеді. Айтуынша, 3 буынды реакторлы АЭС-терде ешқандай апат орын алмапты. Мұндай жоба әлемде қауіпсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. 

 – Қазақстанның басты байлығы – адам. Ал сол адамның сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету биліктің кез келген сатысының басым міндеті. Әрбір қазақстандық сапалы өмір сүруі үшін тапшылық пен таршылықты сезінбеу керек. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз, – деді Амангелді Толамисов.

Мұнан кейін штаб мүшелері туристік қаланың орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде қала тұрғындарымен, спорт саңлақтарымен кездесті. Кездесуде тізгін тарқан Жанат Оспанов энергия өндіруде оған қажетті шикізаттың да мол қоры керегіне тоқталды. Айтуынша, электр энергетикасына ұзақ мерзімді және тұрақты отын көлемі мен бағаның тұрақтылығы қажет. Оның үстіне еліміз уран өндіруден және оның қоры жағынан алдыңғы қатарға жайғасқан.

 – АЭС – болашақта елді энергетикалық тәуелділіктен алып шығатын зор мүмкіндік. Жасыл энергия көзіне жататын атом электр стансысын салу арқылы ғалымдар бірнеше мәселені шешуге болатынын айтып отыр. Біз сол мүмкіндіктен айрылмауымыз керек, – деді Жанат Оспанов.

Қос кездесуде штаб мүшелері қала тұрғындарын 6-қазанда қалыс қалмай, еліміздің болашағын жарқын етер АЭС салуды қолдауға шақырды.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб Ескелді ауданына барып, мұнда да бірнеше кездесу ұйымдастырды. Елді елеңдеткен сауалдарға жауап беруге жүрген штаб мүшелері  әуелі Қаратал ауылында болды. Жаңадан салынған мәдениет үйіндегі кездесуде тұрғындар әлемде 25-30 жыл тұралаған АЭС құрылысы туралы, ұзақ мерзімді жобаны Қазақстан неліктен қажет еткені жайында сауалдай жөнелді. Спикерлердің айтуынша, Чехославакия, Югославия сынды елдерде АЭС құрылысы басталып, мемлекеттегі тұрақсыздық пен бірнеше азат мемлекетке бөліну нәтижесінде құрылыс тұралағанын жеткізді. Сонымен қатар, АЭС-тың экономикалық тиімділігін, әлеуметтік пайдасын саралады.

– Біріншіден, Қазақстанда электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан әрі дамытуда бізде қиындықтар болмайды. Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді, – деді Константин Нестеров.

Мұнан кейін халықтық штаб мүшелері аудандық аурухана ұжымымен кездесті. Кездесуде Александр Хильниченко ядролық физиканың арқасында медицинада түрлі аурудың алдын алатын дәрмектер жасалып жатқанын алға тартты. Барлық салаға үдеріс әкелетін сәулелі элементтерден негізсіз үрей көрудің қажеті жоғын да сөз етті.

– Бүгінде барлық мемлекет үшін халықты тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету стратегиялық мәселе. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бола алмайды. Сондықтан елімізде де атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғалымдар көп жұмыс істеп жатыр,  – деді Александр Хильниченко.

Келелі кездесуде штаб мүшелері 6 қазанда жарқын болашақ үшін дауыс беруге шақырды. Бүгін дұрыс шешім жасау арқылы ұлт болашағын қалыптасатынын жеткізді.

 

Серіктес жаңалықтары