«Ойымды өзгертпек болды»: Сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қыз тағы бір шындықты айтты
«Немолчикз» қорының әлеуметтік желісінде қыздың дауысы өзгертілген аудио хабарламасы жарияланды.
Қызылордада сыныптастары құлдықта ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 жастағы оқушы қыз тағы бір шындықтың бетін ашты. Ол психологиялық-психиатриялық сараптамаға қалай барғаны туралы айтып берді.
«Немолчикз» қорының әлеуметтік желісінде қыздың дауысы өзгертілген аудио хабарламасы жарияланды.
Оқушы Қызылордадан Түркістанға сарапшыларға келіп, олармен жүргізілген әңгімеден кейін қатты ашуға берілгенін мәлім етті.
«Түркістандағы экспертиза жайлы айтқым келеді. Экспертизаға бұрын-соңды бармағанмын. Ол жаққа қандай сұрақ қойылатынын, не айтылатынын білмей, жақсы көңіл күйде кірдім. Ішінде 2 әйел және 3 ер адам отырды.
Маған «оқиғаны бастап айта бер» деген кезде бір әйел «тез болшы, жарты сағаттан кейін жұмыс уақытымыз бітеді» деді. Мен басымнан өткенді қалай қысқа уақытта баяндап беремін?!
Сыныптастарым мен олардың туыстарының не істегені туралы айта бастағанда, жаңағы әйел маған «сізге ұнады ма?» деп сұрақ қойды. Мен түсінбей «сұрақты қайталап жібересіз бе?» дедім. Ол тағы да дөрекі үнмен «сізге ұнады ма?» деді.
5 эксперттің бәрі қайта-қайта «ұнады ғой, иә?» деп сұрай берді. Олар менің бастапқы ойымды өзгерту үшін шатастыруға тырысқандай көрінді. Ал мен «маған ештеңе ұнамады, мені қорқытты» деп жауап бердім», - дейді оқушы қыз.
Ол сыныптастарынан бөлек, клиенттер де қорқытқанын атап өтті. Одан кейін сарапшылар оның әңгімесін тыңдағысы келмей, ешқандай жанашырлық танытпаған.
«Эксперттер мені түсінгісі келмей, басқа сұрақтар қоя бастады. Олар маған қауіп төніп тұрды дегенімді тыңдамай, «сенің анаңа немесе әкеңе айтуға мүмкіндігің болды емес пе?» деді де сұрағын қоя берді. Мен көңіліме тез алып қалатын адаммын. Сосын жылай бастағанда, маған дөрекі түрде шу шығармауымды талап етті.
Мен: «Мен жай ғана қорықтым және ешкімге айта алмадым» дедім. Сараптама осымен аяқталды. Қайда отырғанымды түсінбей шықтым. Танысым түрімнен қорқып, мені көлікке отырғызды. Бірақ мен көлікке жете алмайтындай күйде болдым. Анам менің жағдайымды көріп, екі сарапшы әйелге жақындап: «балаларыңыз бар ма?» деп сұрақ қойып, қызымды осындай жағдайға қалай жеткіздіңіздер?» деп ашуланды»,- деді мектеп оқушысы.
Оның айтуынша, ол Қызылордадан Түркістанға психологиялық-психиатриялық сараптамаға полицейлермен бірге барған. Оқушы қыз полиция қызметкерлері тарапынан керісінше қолдау көрсетілгенін жеткізді.
«Анасы тамыз айында қызы үйге келіп, бар шындықты айтқан кездегі жағдайы дәл осылай болғанын айтты. Сарапшылар қызды 1,5 ай бойы емдеу мен оңалту жұмыстары жүргізілмегендей керісінше күйге түсірген», - деп шағымданды құқық қорғаушылар.