20 қыркүйек күні түнде Будапеште (Венгрия) өтіп жатқан шахмат Олимпиадасының сегізінші раунды аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстанның әйелдер құрамасы турнир кестесінде төртінші орында тұрған Францияның ұлттық командасымен кездесті. 8-ші раундта Қазақстан атынан келесі ойыншылар шықты: Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Амина Каирбекова және Алуа Нұрман.
Бірінші партияда Меруерт Камалиденова франциялық Софи Мильемен ойнады. Франция шахматшысы ұтты.
Келесі екі партияда команда капитаны Бибісара Асаубаева Дейманта Даулите-Корнетті, Алуа Нұрман Полина Гишарды жеңді. Осылайша олар құрама қоржынына 2 балл қосты.
Соңғы партияда Амина Каирбекова мен Наташа Бенмесба кездесіп, ойын тең аяқталып, екі командаға жарты балдан берілді.
Төрт партияның қорытындысы бойынша 2,5:1,5 есебімен Қазақстан ұлттық командасы жеңіске жетіп, Үндістан, Польша командаларымен бірге үздіктер қатарына қосылды.
Тоғызыншы раундта Қазақстан құрамасы турнир кестесінде екінші тұрған Польша командасымен кездеседі.