АПВ-ға қарсы вакциналау басталды

Маңызды талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, онкогинекологтар, иммунологтар қатысты.

АПВ-ға қарсы вакциналау басталды
543

Елордада Sana Jaña Ūrpaq Ortalyğy білім беру орталығында «Астана қаласындағы 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Маңызды талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, онкогинекологтар, иммунологтар қатысты. 

Адам папилломасы вирусы (АПВ) – жа­тыр мойны қатерлі ісігінің негізгі қоз­дыр­ғы­шы. Мұны ғалымдар ғылыми зерттеулер нә­­­тижесінде дәлелдеген. Аталған вирус  әлем­де кең таралған. Қауіптілігі сол бұл адам­нан адамға жыныстық жолмен де, тұр­мыс­тық жолмен де жұғады. Сондықтан бү­гін­де әлем елдерінің денсаулық сақтау сала­сы­ның маңызды мәселесінің бірі болып отыр.  
Өзекті мәселе Қазақстан әйелдерін де ай­­­налып өткен жоқ. Елімізде АПВ кең тарал­ған. Бұл инфекцияның алдын алу және емдеу әдістері туралы ақпараттың халыққа толық түсін­дірілмеуінен болып отыр дейді маман­дар. 
– Адам папиллома вирусына қатысты Оң­түстік өңірде, оның ішінде Жетісай, Түл­кі­бас, Сайрам аудандарында болдым. Тұр­ғын­дарды АПВ вирусына қарсы вакцина әрі оның қалай өтіп жатқаны қызықтырады. Вак­цина деген сөздің өзін қазір көп адам бас­қаша қабылдайды. Оларды «Бұл қандай вак­цина? Құрамы қандай? Соңы қандай бо­ла­ды екен?» деген сұрақтар мазалайды, – деді журналист, Астана қаласы мәслиха­ты­ның депутаты Ләйлә Сұлтанқызы. 
Аталған мәселеге қатысты Ecomed Me­di­cal Group ЖШС директоры Жанерке Әжетова кеңі­нен жауап берді. Маманның айтуынша, елі­мізде 2023 жылы 6 түрлі вакцина тір­кел­ген. 
– Соның ішінде екі валенттік вак­ци­на­ның үш түрі, төрт валенттік вакцинаның екі түрі, соңғы жылдары пайда болған тоғыз валенттік Гардасил вакцинасы бар. Бұл –  АҚШ-тың өнімі, сапасы жоғары. Халық арасында вакцина ауру тудырмай ма деген алаңдаушылық бар. Қарапайым тілмен түсіндірсем, бұл вакцина емес, ақуыз, яғни ақ дене. Осы антиген денеге енгізілгеннен кейін адамда вирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Сондықтан қыздардың аталған вирусты жұқтыру, ауырып қалу қабілеті төмендейді. Вирус осылайша өзімен өзі жазылып кетеді. Сондықтан да міндетті түрде бұл вакцинаны салу керек. Өйткені вакцина дегеніміз вирус емес, – деп түсіндірді маман. 
АПВ вакцинасы туралы әртүрлі аңыздар­ды жиі еститініміз жасырын емес. Жанерке Әже­това вакцинадан кейін қатерлік ісік ау­руы пайда болуы мүмкін деген аңыздың да негізсіз екенін айтты. 
– АПВ – әлемде кең таралған вирус бол­ған­дықтан, вакцина алу ең тиімді шешім. Оның әлем бойынша 200-ден астам генотипі бар де­сек, соның 40 типі жыныстық қатынас жо­лымен жұғады. Ал қалған 160-тай типі тұр­мыстық жағдайда, қолдан қолға жұғу ар­қылы таралады. Бұл вирустар ыл­ғал­ды жерде жақсы дамиды. Яғни, монша, сау­на, бассейнге шомылатын кішкентай қыз­дарымыз өздері білмей жұқтырып алуы мүм­кін. Бұдан ешкім сақтандырылмаған.  Қыз­дарымыз жастайынан вирус жұқтырып, кейін қатерлі ауруларға тап болса, өкінішті болмақ. Ел ішінде тараған аңыздардың тағы бірі – вакцина бедеулікке алып келуі мүмкін деген қарабайыр түсінік. Біздің  Ecomed Medical Group клиникасы жылына қаншама келіншекке эко жасайды. Соның ішінде бірде-бір әйел осы вакцинаны салып, соның салдарынан бедеулікке ұшырады деген тұжырым жоқ. Керісінше, вакцина алмаған әйелдеріміз осы ауру­ға шалдығып, соңы жатыр мойнының қатерлі ісігіне алып келіп жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Мұның соңы әйелдің жатырын немесе жатыр мойнын алып тастауға әкеледі. Мұндай жағдайда әйел жүкті бола алмайды, сондықтан қыз­дары­мыздың болашағын қазірден ойлап, дер ке­зін­де вакцина алуы керек, – деді Ecomed Medical Group ЖШС директоры Жанерке Әже­това.
Тәжірибелі маман өз сөзінде вакцина ау­тизм­ге алып келуі мүмкін деген аңызға да нүк­те қойды. Қазақстанда вакцина алған­дар­дың пайызы төмен, 90 пайызға жуық. Ал ау­тизмге шалдыққан балалардың аналары вак­цина алмаған келіншектер екені бүгінде анық­талып отыр. Тіпті, Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының базасында, қолда бар әдебиеттерде, интернеттегі қолжетімді дерек­терде вакцина аутизмге алып келеді деген тұжырым жоқ.  
Жалпы, жатыр мойны обыры елімізде барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орында және 25-44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша да екінші орында тұрған қатерлі ісік. Елімізде жыл сайын 1 900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі және 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Мәселен, былтыр жыл соңында республика бойынша 16 998 әйел жатыр мойны қатерлі ісігі диагно­зымен тіркелді, оның 834-і – Астана қала­сында. 
– Бұл жағдай жедел және шешуші әрекет­тер­ді қажет етеді және вакциналау бағдар­ла­масын жүзеге асыру – алдын алуға бо­латын ауру­мен күресудегі жоспарымыздың маңыз­ды бөлігі болып табылады, – деп атап өтті елор­­далық Қоғамдық денсаулық сақ-тау бас­­­қар­масының басшысы Әлия Рүстемова.
Жатыр мойнының қатерлі ісігі – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі. Жыл сайын 300 мыңға жуық әйел осы аурудан көз жұ­мады. Осы ретте вакциналау АПВ және жа­тыр мойнының қатерлі ісігімен күресудің жал­ғыз әрі тиімді әдісі болып қала бермек. Бүгін­де АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық дең­гейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеп отыр. Вирусқа қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, атап айтқанда Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Түркіменстанда қол­да­ны­лады. Вакцинаның тиімділігін кейбір елдер­де әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90 пайызға төмендегенінен анық байқауға болады. 
Биылдан бастап қолға алынған вакцина­лау бағдарламасы, сөзсіз, осы ауыр аурудан болатын сырқат пен өлім-жітімді төмен-детудің маңызды қадамы болмақ. Бұл үшін Үкімет 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлгені есі­міз­де. Оған 351 мыңнан астам доза мөлше­рін­де вакцина сатып алынды. Жұқпалы ау­ру­лардан туындаған онколо-гиялық ауру­лар­дың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатын­да нысаналы топтың кемінде 95 пайызын қам­титын 11 жастағы жасөс-пірім қыздарды па­пилломалық вирус-
қа қарсы вакциналау­ды ұйымдастыру 
және өткізу 2024-2025 жыл­дарға жоспар­ланған.
Вакцинаны 11 жастағы қыздардан бас­тап салудың да өзіндік себебі бар. Онкогине­ко­логтардың айтуынша, қыздарды жыныс­тық қатынасқа түспес бұрын вакциналау өте маңызды. Бұл жаста қыз балалар вирусты жұқтырып үлгермейді және вакцинацияның тиімділігі өте жоғары болады.

А.БИМЕНДИЕВА

Серіктес жаңалықтары