Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен
Дегенмен әркім өз отбасын ойлайтыны секілді, мемлекет те өз халқының дені саламат, рухы таза болуын қаласа, ақпарат тасқынындағы керексіз құбылыстарды реттеуі керек шығар.
Қазіргі аласапыран қоғамда жағымсыз жаңалық көп және оны адамдар ерекше ықыласпен оқиды. Себебі адам баласы үшін жақсылық қалыпты жағдайдай көрінетін болғандықтан оған мән бере бермейді де, керісінше оқыс оқиғалар мен жамандық атаулы адамдардың назарын көбірек аударады.
Халықты сенсацияға үйретіп алған кейбір әлем-жәлем сайттар енді оқырманды одан әрі ұстап тұру үшін түрлі жалған ақпараттар таратуға дейін баратын болды. Сөйтіп, «жаға ұстатар», «масқара», «жан шошытар» жайларды жазу сәнге айналды. Тіпті, бітіп жатқан істің өзінен тек кемшілік іздеу, жақсы жаңалықтар жайында жай сүйкей салу, жағымсыз жаңалықтарды әсірелеп жазу бел алып кетті. Ал интернет дәуірі келгенде бұл тасқын одан әрі күшейді. Әлеуметтік желі пайда болып, кез келген парақша ашып, болып жатқан оқиғалар жайында өз ой-пікірін еркін жеткізетін мүмкіндік пайда болғаннан бері о бастан негативке үйірлер басқаларды да өздеріне еліктіріп әкетті. Бір кезде ащы жаңалықтармен оқырмандарды өзіне байлап алған санаулы порталдар болса, қазір қаптаған сайттар күн сайын жан түршіктірер ақпараттарды жариялаумен отырады.
Әрине, қай нәрсенің де шындығы айтылғаны жөн, бірақ соны шектен тыс әсірелеп таратып, адамдарды рухани нашақор деңгейіне жеткізу адамшылыққа жатпайтын іс. Шындықты да саралап айтпаса, қанын сорғалатып жазудың соңы жұртты қанға бояуы мүмкін. Бұл жағдай тек бізге емес, күллі әлемге тән нәрсе. Дегенмен әркім өз отбасын ойлайтыны секілді, мемлекет те өз халқының дені саламат, рухы таза болуын қаласа, ақпарат тасқынындағы керексіз құбылыстарды реттеуі керек шығар.
Жалпы, жағымды, жағымсыз ақпараттардың адамға қандай әсері болатыны жайлы әркім-ақ біледі деп ойлаймыз, бірақ соған жете мән беру жоқ. Біз айтып-айтып қоямыз, ал басқалар ондайдың салдарын зерттеп жатыр.
Күллі әлемді уысында ұстап, жұртты қорқыныш құрсауында ұстаған жаһандық пандемияны ешкім ұмыта қоймаған шығар. Сол кезде адам өлімі көп болды. Біреулер шынымен денсаулығының әлсіздігінен қайтыс болса, біреулер күні бұрын қорқыныштан өздерін әлсіретіп алды. Сондықтан пандемияның кезінде Оксфорд сөздіктері өздерінің жыл сөздерінің бірін «думскроллинг» (жан шошытар жаңалықтардың көптеп тарауы) деп жариялағаны таңғаларлық нәрсе емес. Ол әлі де өзектілігін жойған жоқ. Дегенмен адамдар бұған дейін жағымды жаңалықтардан гөрі жағымсыз жаңалықтарды көп естіп, көретіні белгілі еді.
2014 жылы Ресейдің Дондағы Ростов қаласының «Городской репортер» ақпараттық бюросы «Жақсы жаңалықтар күні» шарасын ұйымдастырып, эксперимент жасаған. Сонда олар күні бойы жазатайым оқиғалар, кісі өлтіру және басқа да келеңсіз жайттар туралы мәтіндерді жарияламады. Оның орнына журналистер позитивке назар аударды. Мәселен, қаланы қар басып тұрса да, көлік кептелісі жоқ деп жазды. Нәтижесінде, көлік қозғалысы үштен екіге қысқарған.
2019 жылы ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, журналистер байқаған құбылыстың бар екенін растады. Зерттеуге 17 ел мен 1 100 адам қатысқан. Қатысушылар BBC World News арнасының оң және теріс жаңалықтарын тамашалады, ал ғалымдар олардың физиологиялық реакцияларын бақылады. Адамдар өздерін жақсы жаңалықтардың жанкүйерлері деп санауды жөн көрсе де, олардың әсерленуі қалыпты болған. Ал жағымсыз әңгімелер қатысушылардың назарын көбірек аударған және күшті физиологиялық әсер берген.
Жамандық қашанда адамның есінде ұзақ сақталып, олардың психикасына әсер етеді. Адамның бойына қорқыныш ұялатып, рухын сындырады. Соның кесірінен білімсіз, айтқанға сене беретін адамдар бәленің қайдан келгеніне көзі жетпейтін зомбиға айналады. Оны көптеген елдің саясаткерлері де, діни топтары да жақсы пайдаланады. Жаны тыныш емес адам өз бойындағы қорқыныштан құтылу үшін түрлі жол іздеп, көп жағдайда алаяқтықтың құрбанына айналып жатады. Сондықтан рухани тұрғыда әлсіз, экономикалық жағынан қиыншылықтары бар адамдарды ілестіріп кету оңай. Бір кезде адамдардың осы осалдығын аз ақша салып көп табуға болады деп еліктіретін түрлі жүйелік маркетинг өкілдері мен адамды ақыретпен қорқытатын деструктивті діни ағымдардың өкілдері жақсы пайдаланды, қазір де пайдаланып жүр. Сондықтан негативтен гөрі жақсылыққа қуануға үйрену, үздіксіз тарап жатқан түрлі ақпараттардың өтірік-шынын айыруға қабілетті болу үшін білімді болу аса маңызды.
Қазір интернет деген шексіздік бар, ал онда таратылып жатқан ақпараттардың бәрі пайдалы емес, зияндысы да бар. Сондықтан жас балалардың рухани әлемін жағымсыз нәрседен қорғау, өз ұрпағыңды түрлі жамандықтан сақтау оңай емес, әйтсе де соған қатты мән беріп, белсенді жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені аты әлемге белгілі қаламгер Шыңғыс Айтматов айтпақшы, «Жаһандану дәуірінде әр адам өз отбасын сыртқы агрессиядан сақтауға тиіс».
Білімсіздіктің салдары қандай?
Білімсіздіктің зардабын, бір қарағанда, барлық адам білетіндей көрінеді, алайда оған жете мән бермеудің кесірінен білімсіздік, надандық атаулыдан құтыла алмай келеміз. Ал мән бермеу мен мән берудің пайда-зияны қандай?
Мынадай тәмсіл бар: Ертеде бір патша ел-жұртына «Кім өте пайдалы сөз айтса, соған сый беремін» деп жар салыпты. Патшаның алдына небір шешендер келіп, тіл безеп – әдемі сөздерді үйіп-төгіпті. Олардың бәрі сыйдан құр алақан қалмапты. Сөйтіп, соңында «Пайдалы сөз айтатындардың» келуі тоқтағанда «Енді жоқ па, осымен бітті ме?» дегенде патшаға бір дәруіш келіп, «Тақсыр мен де бір ауыз сөз айтайын деп едім» депті. Айт десе, дәруіш «Ойлан, ойланбасаң түбі болар ойран» депті. Патша сәл ойланып отырып, дәруішке де сый беріпті. Күндердің бір күнінде әлгі патша өзі басқарып отырған елден өзге мемлекеттің басшысы уақытша пайдалануға жер сұрап, ұсынысын қабылдаса, мол сыйлық беретінін айтып сәлем жолдапты. Мол сыйлыққа қызыққан патша тез шешімге келіп әмір етпекші болып тұрғанда, баяғы дәруіштің айтқаны есіне түсіп, ойланып қалыпты. Сөйтіп, ойлана келе бұл мәселені қарауындағыларға тексеруге жарлық беріпті. Кейін жансыздары арқылы уақытша жер сұрап отырған ел сол жерде өз адамдарын көптеп кіргізіп, күндердің күнінде көбейіп, күшейіп бұл елдің тынышын кетіретін жоспары бар екенін білген соң, бастапқы шешімінің қатерлі екеніне көзі жетіп, жер беруден бас тартқан екен. Солайша, қарапайым дәруіштің айтқанына мән беру арқылы өз елінің амандығын сақтап қалыпты. Мұның ғибраты – қай нәрсеге ден терең мән бермеу, болашақты ойламау – кім-кімге де зиянын тигізбек.
Қазір сөзге мән бермейтін заман. Сондықтан қанша қайталанса да, бүгінде біздің елде «Кітап оқымағандарды кітап оқитындар басқарады» деген сөздің астарына үңіліп, білімді болайын деп жүрген адам аз. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейтін даналық сөз айтқан елдің адамы болсақ та, қазір бізде білімге мән беру аз. Амалдап орта мектепті бітіріп, ілдебайлап жүріп жоғарғы оқу орнын бітіргендеріміздің саны аз болмаса да, нағыз білімге ие адамдардың қатары аз.
Қазір әлемде әрбір оныншы адам сауатсыз көрінеді, яғни 781 миллион адам оқу, жазуды білмейді деген сөз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сауатсыздықтың жойылуы қарқынды болған. 1950-1990 жылдар аралығында әлемде сауаттылық 56 пайыздан 76 пайызға өссе, 2000 жылға дейін 82 пайызға көтерілген. Бірақ соңғы ширек ғасырда бұл көрсеткіш бар болғаны 2 пайызға ғана өскен. Мұның қанша пайызы біздің елге тиісті екені белгісіз, бірақ биылғы әлемде сауаттылық жөнінен Қазақстан 93 елдің ішінде 62-орында тұр! Посткеңестік елдерден біздің алдымызда Ресей (36-орын) мен Қырғыз Республикасы (55-орын) тұрса, бізден кейін Әзірбайжан (69-орын) мен Түрікменстан (86-орын) тұр.
Әрине, мұның бәрі жай оқып, жаза алатындардың көрсеткіші. Сол оқып, жаза алатындардың сауаттылық деңгейі қандай? Оны күнде түрлі мессенджерлерден қаптап келіп жататын дауысты sms-терден байқауға болатын шығар. Әрине, кейде асығыстыққа байланысты жасалатын дауыстық sms-тердің иелерін түсінуге болар, бірақ жаза алмайтынына байланысты, жазса да ойын анық жеткізе алмайтындардың қарасы қалың екені тағы анық. Мұның бәрі біздегі білім сапасының көрсеткіші емес пе?
Орта мектепте білім беретін ұстаздардың түгелге жуығы еліміздің жоғары оқу орындарында даярланады десек, сол ЖОО-лардың әлемдік рейтингте алатын орны қандай?
Дүние жүзі бойынша білім сапасы жөнінен қазақстандық жоғары оқу орындары әлемнің 2 152 жоғары оқу орындары арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 401-600 тобына енсе, AlmaU, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ 801-1000 тобына енсе, тағы 15 ЖОО 1001-1500 тобына кірді. Көріп отырсыздар, біздің мақтаулы университеттеріміз алғашқы жүздік түгілі 400 университеттің қатарында жоқ. Демек, біздегі білім сапасын көтеру үшін әлі де көп жұмыс істеуіне тура келеді.
Болашағын ойлаған елде ғылымның беделі зор болады
Ғылыми-зерттеулердегі белсенділік жайлы осыдан бес жыл бұрынғы статистиканы қарасақ, 197 елдің ішінде Қазақстан 61-орында тұр еді. Қазіргісі көзіме түспеді. Бұл да біздің әлемдік ғылыми кеңістікте орташа деңгейде екенімізді көрсетеді.
Ғылымның беделін сақтау ғылым докторларын, академиктерді қаптата берудің қажеті жоқ. Ондайға қатал қарау ғана ғылымның, ғалымдардың беделін көтере алады. Ол деңгейді көтеру үшін ғылым саласында жүргендер де, мемлекет те лайықты шара қабылдап, отандық ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуге белсенді әрекет етуі қажет. Әйтпесе, біз еліміздің ғылымында қандай жаңалық ашылып жатыр, ол әлемде қалай бағалануда және қанша өндіріске енді дегенді біле алмаймыз. Өйткені біздің елде ғылымның насихаты өте төмен. Ғылымның насихаты жөнді жүрмеген елде ғылымның беделі болмауы заңды.
Ғылым мен техника дегенде, біздің елде қазір ІТ-мамандар есімізге түседі. Рас, әлемдегі трансұлттық компанияларда еңбек етіп жүрген қазақ жастары туралы біраз жазылып, олардың жетістіктері насихатталып жүр. Бірақ ІТ саласын таза ғылым деуден гөрі технологиялық сала деуге болады. Ал ғылымда бірлі-жарым жаңалық ашып жатқандар БАҚ беттерінде сирек жылт етеді де жоқ болады. Өйткені олардың ашқан жаңалықтарының мәні қандай, экономикаға қанша пайда әкеледі деген нәрселер жан-жақты талданып жазылмайды да еткен еңбек, төккен тердің құны, жеткен жетістіктің маңызы жұртқа жетпей қалады.
Әрине, болашақ ғалымдарды даярлайтын университеттері, ғылыми-зерттеу жүргізетін институттары, лабораториялары, ғылымды басқарып отыратын академиясы бар елді ғылымнан шет қалған деуге болмас, бірақ бізде жаңалық ашып, сол жаңалығы әлемде мойындалып, өндіріске еніп жатқан ғалымдар саусақпен санарлық. Әйтсе де, жаһандық пандемия жағадан алып тұрғанда әлемдегі санаулы елдің қатарында коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын шығарған биолог ғалым Күнсұлу Закария, Al Karal атты өте пайдалы органикалық биоқоспа жасап шығарған Әсем Кенжебек секілді талантты ғалымдар бізде аз да болса бар. Бұлар ашқан жаңалығы өндіріске енген тұлғалар. Ал жаңалығы өндіріске енгізілмей жатқандар қаншама? Арасында олардың жасағандарын шетелде патенттеуге ұсыныс алып жатқандары да табылады. Міне, осындай келеңсіздіктерді көріп отырып, біздегі ғылым деңгейінің шетелдерде бағалалануы кейде шындыққа сәйкес келмейді-ау деп ойлайсың.
Техника саласында да жетістікке жетіп жатқандар баршылық. Мысалы, солардың арасында біршама танымалы – «Казахстан Парамаунт Инжиниринг» зауытын құрып, түрлі әскери машиналар шығарып жатқан Айбек Барысов. Оның басшылығымен жасалған бронды машиналар әлемдік деңгейде өте сапалы техникалар деп саналады.
Шымкент қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Сейсембай әлемге танымал Tesla көлігінің отандық баламасын жасап шықса, Түркістан облысында бір кісі электр тогын өндіретін шағын құрылғы ойлап тапты. Ана бір кезде елімізден бір кісі гилзасыз атылатын оқ ойлап тапқаны жайлы жариялап еді, соның соңы не болғанын білмей қалдық. Міне, осыларға қарап, техника, инженерия, ғылым саласында жаңалық ашуға қазақ балаларының қабілеті жете бермейді деген пікірлердің негізсіз екенін түсінуге болатын шығар.
Ғылымды теориялық жақтан да, практикалық жақтан да дамытуға болады. Ойлап табушылар, рационализаторлар да ғылымды тәжірибелік жақтан өркендетіп жатқандар деп айтуға болады. Тек, солардың бәрінің басын қосып, бір орталыққа жинап, олардың жаңалықтарын дер кезінде өндіріске енгізіп отыратын жүйе болса, оның отандық ғылымға да, экономикаға зор пайдасы тиері сөзсіз.
Жасыратын несі бар, бізде шоу-бизнес өкілдері тым жиі насихатталады, солар туралы өсек-аяңға дейін жазып, елдің назарын өзіне тартып отыратын сайттар көп. Соның себебінен көпшілік те жеңіл әңгімелерге назар аударғыш болып кетті. Ал ғылым туралы ондай деңгейде пиар жасалып, жарнама беріліп, насихат жұмысы жүргізілмегендіктен ғылымның дамуы да, танылуы да тым бәсең. Қолымыздағы ұялы телефон мен астымыздағы машина, күнделікті өмірде пайдаланатын түрлі құралдардың бәрін өзге елден сатып алып, солардың экономикасын көтеріп отырғанымызды жете түсінбесек, ғылымға деген қызығушылық болмайды, ешкім оған ұмтылмайды да. Сондықтан ғылым-білімнің дүниенің ұстынына айналып отырғанын талмай насихаттап, танытуға бәріміз мүдделі болуымыз керек. Білім нәрін жастардың бойына ерте сіңіру үшін оларға дұрыс білім беру жолдарын табу, ғылымға келетін талантты жастарға қамқор болу, ғылым жетістіктерін барлық салада кең пайдалану елдің басты ісі болмай даму жоқ.