Мадина Ералиеваның күйеубаласы қайғылы күні не болғанын айтып берді

Ол темір тұлпар сайға аунап кеткенде көлікте Мадина Ералиева болмағанын жеткізді

Мадина Ералиеваның күйеубаласы қайғылы күні не болғанын айтып берді
фото: видеодан скриншот
1489

Белгілі әнші Мадина Ералиеваның күйеубаласы Оралбай Әбдіқадыр өнер иесінің өмірін қиған жол апаты туралы өз шындығын айтты. Ол қайғылы оқиға орын алған күні не болғанын егжейлі-тегжейлі баяндап берді.

Оралбай Әбдіқадыр өліммен аяқталған жол апаты туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында жавн сырын ақтарды. Ол қайғылы жағдай орын алған күні көлікте тек үш адам болғанын жеткізді.

"27 қарашада Қазалыдан шықтық. Оразаның бірінші күні еді. Аудан әкімінің үйіне қонаққа келіп, содан бәріміз шыққан едік. Оразада ауыз бекітетін болған соң ешкім ештеңе ішпеді. Шай ішіп, жолға шықтық. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Аудан орталығының МАИ басшысы "сен рөлге отыр" деді. Қасымда Болат пен Мадина бар. Көлікте үш адам болдық. Мадина "Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар" деді. Содан көндік. Кетерінің алдында жазған кассетасындағы әндерді қойып, қайта-қайта бізге тыңдатып отырды", - деді ол.

Оралбай Әбдіқадыр көлік мұз жолда сырғанап, жолдың шетіне шығып кеткенін айтты. Ол темір тұлпар сайға аунап кеткенде көлікте Мадина Ералиева болмағанын жеткізді. Сөзінше, ол қауіпсіздік белдігін тақпаған.

Оралбай Әбдіқадыр жол апатынан кейін әншінің жүрек соғысы болғанын айтты.

"Мен артқы орындықта отырдым. Сағатқа қарасам, түнгі 2:20 болыпты. Шамамен 20 км жүрдік. Көліктің іші жылы, ән тыңдап отырып, көзім ілініп кетіпті. Мадина мен Болат әңгімелесіп келе жатты. Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жерге қарасақ, шаң болып жатыр екен. Болат "Мадина, блоктан шығарып қой, май жейді" деді. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Бір қарасақ, көлік алға кетті де, шана сияқты сай жаққа аунап түсті. Темірдің ішіне салып, біреу итеріп жіберген сияқты болды. "Мынау қашан тоқтайды" деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады.

Қарасақ, біз кетіп бара жатқан бағытпен емес, қарама-қарсы бағытқа қарап қалыппыз. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді. Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар екен, дереу көлік тоқтатайық деп ойладық. Дереу жолға шықсам, жасыл түсті Жигули кетіп бара жатыр екен. Жағдайды түсіндірдік те, Мадинаны салонға жатқыздық. "Сен мына заттарды қарап отыр, кейін адамдар жіберемін" деді. Кейін Болат "Мадина "қара, балама қара" деген бір-ақ сөз айтты" деді. Заттардың бәрін жинадым. Сондай жазатайым жағдай болды",- деді Оралбай Әбдіқадыр

Серіктес жаңалықтары