"Ұлымның Паралимпиада чемпионы болатынына сенімді едім" – Давид Дегтяревтің анасы

"Давид се­кілді балаларды бағып отырған ата-ана­лар­ға айтарым, қандай іс бастамасын, қан­дай салаға қызықпасын, қолдаңыздар. Теріс айналмаңыздар. Көңілін қалдырмаңыздар. Арманына балта шаппаңыздар. Онсыз да олар­дың мүмкіндігі шектеулі болса, оларды тағы шектеудің қажеті не?"

"Ұлымның Паралимпиада чемпионы болатынына сенімді едім" – Давид Дегтяревтің анасы
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
1658

Кеше Париж төрінде Қазақстанда бұрын-соң­ды болмаған оқиға болды. Давид Дег­тярев Қа­зақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Па­ра­лим­пиада чемпионы атанды.  Пара пауэр­лиф­тингтен 54 келіде сынға түс­кен ол 188 келіні ең­серіп, тартысқа толы до­дада кубалық пен қы­тай атлетін артқа тас­тап, жеңісті жұлып әкет­ті. Төрт жыл бұ­рын Токиодағы жетістігін қай­талаған Да­видке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін құттықтау хатын жолдады. Есімін еліміздің спорт шежіресіне алтын әріппен жазған Давидтің Атбасарда тұра­тын анасы Ирэна Дегтяреваға хабарласып, әң­гімесін жа­зып алған едік.

Давид жеңіске жеткен кездегі көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізе ал­май­мын. Ал Көк туымыз желбіреп, ұлым­ның жеңіс тұғырында тұрған сәтін көр­генімде бойымда тулаған сезімді тіпті сипаттай алмаймын. Асылық сөй­леуден аулақпын, алайда іштей оның чем­пион болатынына сенімді болдым. Ол Парижге аттанар алдында жүлдесіз қайтпауға бекінді. 
Шынымды айтсам, ұлым болашақта спорт­шы болады деп еш ойлама­дым. Дейтұрғанмен, оның керемет тұлға бо­лып қалыптасатынына 100 пайыз сенімді бол­дым. Ол өте шығармашыл бала болып өсті. Актерлікке бейім болды. КВН-де өзін жақ­сы қырынан көрсетіп, сахнаға талай рет шық­қан. Жаңылыспасам, 2015 жылы кас­тинг­тен өтіп, қазақстандық бір телесериалға да түскен болатын. Оның нақты қай салаға бет бұратынын білмедім, бірақ жоғарыда ай­тып өткенімдей, түбі бір жерді жарып шы­ғатынын жақсы білдім. Ал пауэрлифтинг спортына бейімділігін сөз ететін болсам, ол алғаш жаттығу залында 50 келіні көтерген кез­де маған келіп, мұнымен шындап айна­лысатынын айтты. Сол кезде «Балам, бұл қауіп­ті спорт қой» деп айтқаным есімде. Бір­ақ ол «Мен тырысып көргім келеді», – де­ді. «Онсыз да қаншама шектеу, дұрысы, оны қол­дайын» деп оны бұл таңдауына қарсы шық­падым. Керісінше, үнемі қолдап, демеу­мен болдым.  


Қазір Давидтің Қазақстан тарихында екі дүр­кін Паралимпиада чемпионы атанған тұң­ғыш спортшы екенін барлығы жарыса жа­зып жатыр. Алайда бұл бәрінен маңызды жайт емес. Ең маңыздысы – оның өзі ісіне бері­ліп, сүйікті ісімен айналысқаны. Кәсіп, жұ­мыс, мамандыққа деген сүйіспеншілік болу­ға тиіс. Онсыз бәрі бекер. Мысалы, мен өз ісімді қатты жақсы көремін. Сүйікті ісім­мен айналысамын. Сол секілді менің де ба­ла­ларым жүрегіне жақын іспен айналысса екен деймін. Сол кезде менің көңілім тоқ жү­реді. Давидім де оң жамбасына келетін ісі­мен айналысып, тек бізді емес, спортсүйер қауым­ды да қуантып жүр. Барған жарыс­тары­нан жүлдесіз қайтпайды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбейінше тыным тап­пайды.
Ол осы уақытқа дейін әлем чемпио­нат­тары, әлем кубоктеріне көп рет қатысты. Соң­ғы әлем чемпионатында бәсеке күшті болды. Алайда кешегідей тартысқа толы дода менің есімде жоқ. Париж Олим­пиадасы ол қатысқан жарыстардың ішіндегі ең қиыны бол­ды десем, артық айтпаймын. Кеше бірінші орын үшін таласта барлығы жан беріп, жан алыс­ты. Үздік үштікке вьет­намдық пен ко­рея­лық атлет ілінетінін алдын ала болжадық. Алай­да күтпеген жерден жаңа үміткерлер пай­да болады деп ойламадық. Әсіресе, күміс жүл­дені иеленген кубалық атлеттің қарымы мық­ты екен. Кімнің қанша келі көтеретіні тура­лы тізім экранға шыққан кезде қатты тол­қыдым. Өйткені мен оның барлық қар­сыласын білемін. Жарыстарын қайта қа­рай­мын. Барлығын жіті бақылап отырамын. Ол аренаға шыққан кезде үнемі дұға етемін. Кеше жалғыз мен емес, қаншама адамның ол үшін дұға еткенін естіп, көңілім босады. Ұлым 188 келіні көтеріп, жеңісті қар­сыластың уысынан суырып алды.

Давид – патриот. Кеше жарыс аяқталған кезде ол бұл тарихи жеңісін Қазақстанға арнайтынын мақтанышпен айтты. Анасына емес, аймағына емес, еліне арнайтынын жеткізді. Ол – қарапайым, байсалды, қамқор әрі мейірімді жан. Әпкесі мен қарындасы бар. Оларға айрықша қамқорлық танытады. Давид Токио Олимпиадасынан соң өзерді. «Токиоға түбі барамын» деді, үш жылдан соң барып, бағы жанып, Олимпиада чемпионы атанды. Ал Париж Олимпиадасына ол бас­қаша кейіппен барды. Себебі осы аралықта бұл спорт оның өмірінің мәніне айналды. Әлбетте, адам мұндай жетістікке жайдан-жай жете салмайды. Ол үшін құштарлық, сүйіс­пеншілік, амбиция керек. Көп нәрсені құр­бандыққа шалады. Көп уақытты сарп етеді. Шектеу көп, болаттай берік дисцип­ли­наға бағынады. Режим сақтау қажет. Сон­дықтан Токиода өнер көрсеткен Давид пен Париж­де атой салған Давид екі түрлі дер едім. Байқап қарасам, кейінгі үш жылда ол есейді. Өз-өзіне сенімді бола бастады. Алайда мінезі сол баяғы қалпында. Көпшілік «Давид Олимпиададан алтын алады» дегенді сан рет айтты. Мені де солай айтуға итермелегісі келгендер болды. Алайда мен ештеңе деме­дім. Дегенмен ішімнен солай болатынына сенімді болдым. Сөйтсем, түйсігім, аналық инстинктім алдамапты. 

Ұлым екеуіміздің байланысымыз өте мықты. Мен онымен күн сайын сөй­ле­семін. Ол үйде болмаған жағдайда, кемі екі рет хабарласамын. Бұл жерде психоло­гия­лық қолдау маңызды рөл ойнайды. Мен үнемі оның психологиялық жай-күйіне алаң­­­­даймын. Оның көңіл-күйі жақсы бол­ға­нын бақылап жүремін. Ұлттық құрамада оны­мен психолог жұмыс істейтіні анық, алай­да ана секілді баласын ешкім қолдай ал­майды. Ананың аты – ана. 
Түннен бері телефонға дамыл жоқ. Мен де ұлыма хабарласып әлекпін. Кеше ол жеңі­сі­нен соң видеобайланыс арқылы хабарлас­ты. Ол үнемі бірден маған хабарласады. Мен оны көруім керек. Ол мұны жақсы біледі. Байқаймын, ол Олимпиададан соң болатын дүрмекке дайын секілді. Өте көңілді жүр. Әр жерге сұхбат беріп, суретке түсіп, бәріне үлгеріп жүр. Білуімше, бүгін олар Париждегі Қазақстан елшілігіне барып, кездесу өткізеді. Сосын 10 қыркүйек таңертең Астанаға ұшып келеді. Мен де көпшілікпен бірге Астанаға ба­рып, оны қарсы аламын. Біз негізі Атбасар­да тұрамыз. Давид та Атбасарда тұрады. Сон­да жаттығады. Тек оқу-жаттығу жиыны ке­зінде басқа қалаларға шығып тұрады.


Әлбетте, Давид секілді туған балалар үшін жеке көңіл бөлу қажет. Бастысы, рухы мық­ты болса болғаны, тау мен тас қопаруға дайын тұрады. Олар да біз секілді адамдар. Оларды аяп, «Ой, сен бір жеріңді сындырып ала­сың» деп айтудың қажеті жоқ. Олар ешбір же­рін де сындырмайды. Барсын, көрсін. Бар­лық саланың «дәмін» татып көрсін. Түбі бір жерді тесіп шығатыны айдан анық. Давид се­кілді балаларды бағып отырған ата-ана­лар­ға айтарым, қандай іс бастамасын, қан­дай салаға қызықпасын, қолдаңыздар. Теріс айналмаңыздар. Көңілін қалдырмаңыздар. Арманына балта шаппаңыздар. Онсыз да олар­дың мүмкіндігі шектеулі болса, оларды тағы шектеудің қажеті не? Не үшін шек­тейсіздер? Керісінше, оларға көп мүмкіндік беру керек. Әдепкіде Давид спорт пен өнер­дің арасында өзін іздеп жүргенде мен оған қолдау көрсеттім. Оған сендім. Нәтижесі өз­деріңізге белгілі. Сондықтан өз бала­ла­рыңыз­ға сеніңіздер және оған үнемі қолдау көр­сетіңіздер!

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Суреттер: ҚР Туризм және спорт министрлігі/Нұрғали Жұмағазы

 

Серіктес жаңалықтары