Майкл Джексонның Димаш Құдайберген дүниеге келген күні берген қолтаңбасы: Тылсым ба, кездейсоқтық па?
Майкл Джексонның қолтаңбасы бар афишаны 24 жыл бойы сақтаған Сильвия ханым Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысқаннан кейін оны соған табыстағысы келеді.
Әйгілі әнші, поп-музыка королі Майкл Джексон жылына бір рет балалардың басын қосып, кездесу өткізеді екен. Емен-жарқын әңгімелесіп, шай ішіп, тәтті жеп, кеш соңында қойын кітапша, күнтізбеге, постерге қолтаңбасын жазып ұсынатын көрінеді. Атақты әншінің әндерін жаттап өскен ұрпақ үшін бұдан артық сыйлық бар ма?!
Әрине, балалар бас қосқан жерде міндетті түрде медицина қызметкері болуы керек. Бір басқосуға Сильвия Сандовал есімді медбике қатысады. Өзі де Майклдың әндерін сүйіп тыңдайтын, оның әрбір қадамын жіті бақылап отыратын нағыз жанкүйері болса керек. Балалар сыйлықтарын алып тарай бергенде ол да өзіне қолтаңба беру туралы өтініш жасайды. Бұл кезде қойын дәптер де, күнтізбе де, постер де біткен. Жан-жағына қарап алақтап қалған әншінің көзіне қабырғада ілулі тұрған афиша түседі. Дереу қабырғадан плакатты ала бергенде жыртып алады. Тағы да ыңғайсыз күйге түскен Майклға медбике: «Дәл осы өзіңіз жыртып алған афишаға қолтаңба қойып беріңіз» депті. «oops, sorry. Mj» (ой, кешіріңіз. Mj)» деп жазған ұлы әншіге Сильвия енді датасын қою жөнінде өтініш айтады. Ол плакаттың етек жағын қайырып, 5/24/94 деп күнін жазады. 1994 жыл, 5-айдың (мамырдың – ред.) 24-і. Ал дәл сол күні алыс Қазақстанның Ақтөбе қаласында болашақ даңқты әнші Димаш Құдайберген дүниеге келіп жатқан болатын.
Ғажап оқиға ғой, иә? Бәлкім кездейсоқтық дерсіз. Ендеше, тағы бір «кездейсоқ» оқиғаны баяндайық. Ұлы әншінің қолтаңбасы бар афишаны 24 жыл бойы сақтаған Сильвия ханым Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысқаннан кейін оны соған табыстағысы келеді. Дәл сол кезде Лос-Анджелесте Димаштың концерті өткелі жатқан. Бірақ оны берудің ретін таба алмапты. Расында да, не танымайды, не араласатын ортақ танысы жоқ, қалай ұсынбақ? Концертіне барғанымен әншінің жанына жолай алмасы хақ. Міне, осы жерде жоғарыда айтқан «кездейсоқ» оқиға болады. Лос-Анджелестің кең көшесімен бейқам жүріп келе жатқан Сильвияның көзі бір кафеден тамақ ішіп отырған үш азиялыққа түседі. Біреуінің жүзі тым таныс. «Мәссаған, мынау – Димаш қой!» Расында да, Димаш әкесі Қанат Айтбаев және белгілі музыкант Ерлан Бекчуринмен бірге тамақтанып отырған болатын. Сол жерде танысып, әлгі оқиға туралы айтады. Ертеңіне жолығып, постерді сыйға тартады. Бұл туралы сол Димаш инстаграм-парақшасында жазған болатын.
Сильвия ханым 2019 жылы Қазақстанға келіп, Димаштың анасы Светлана Айтбаевамен танысып, дос болып үлгерді.
«Өмірде ешқандай кездейсоқтық болмайды» деген рас-ау.