«Мені күтемін деді»: СҚО-да 56 жастағы жазасын өтеуші әйел колонияда некесін қидырды

Ер адам телефон арқылы сүйіктісіне ұсыныс жасаған

«Мені күтемін деді»: СҚО-да 56 жастағы жазасын өтеуші әйел колонияда некесін қидырды
Фото: СҚО ҚАЖД
1038

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясында жазасын өтеуші тұрмысқа шығып, некесін қидырды. 56 жастағы әйел тек жеті жылдан кейін ғана бостандыққа шықпақ.

Петропавлдық Л. есімді әйел осыдан бір жыл бұрын 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жатыр. Қазіргі уақытта «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорнында еңбек етеді. Енді 15 жыл азаматтық некеде тұрған бостандықтағы сүйіктісімен некесін заңдастырды.

«Күйеуімнің жасы 52-де. Бұрыннан таныспыз, бірақ, өкінішке қарай некемізді бостандықта заңдастыра алмадық. Менің бірінші күйеуімнен туған екі қызымды аяққа тұрғызуға көмектесті, өз балаларындай қарады. Қазір қызымның 7 жастағы ұлын, жиенді өсіріп жатыр. Ол азық-түлік дүкендеріне тауар жеткізеді. Жер үйде тұрады, бақша ұстайды. Мені күтемін деп айтты», - дейді жазасын өтеуші Л.

Ер адам телефон арқылы сүйіктісіне ұсыныс жасаған.

«Мен, әрине, оның заңды жұбайы болуға келістім, мекеме әкімшілігі мені қолдап, неке қию рәсімін ұйымдастырды. Қазір мен өте бақыттымын, мені үйде балаларым, немерелерім және күйеуім асыға күтіп отыр.

Жасаған қылмысыма қатты өкінемін, бірақ өмір тоқтап қалған жоқ, туыстарым мен жақындарым мені кешіреді деп үміттенемін», - дейді жазасын өтеуші.

СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесінде қазір 300-ге жуық әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың жартысынан көбінің отбасы бар.

«Біз сотталғандардың осылайша өз бақытын тауып, некеге отырғанын құптаймыз. Бұл оларға болашаққа сеніммен қарауға, дұрыс жолға түсіп, тезірек бостандыққа шығуға ынталандырады. Әрі шалыс басып, өмірден түңілген басқаларға үлгі, әр адамға екінші мүмкіндік берілуі тиіс», - дейді мекеме қызметкерлері.

СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр өңірде жазасын өтеушілердің 14-і, биыл 13-і колонияда некесін қидырды.

Серіктес жаңалықтары