Мәскеуде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды
Қатысушылар бұл Жолдаудың жүйелі, кешенді сипатын көрсете отырып, оның нақты міндеттер белгіленген жұмыс жол картасы болып табылатынын атап өтті
Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты дөңгелек үстел өтті.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Жолдау дәстүрлі түрде ішкі проблемалар мен мәселелерді шешуге бағытталған құжат болғанымен, оның бірқатар тармақтары Ресей Федерациясымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ол Қазақстанда болып жатқан процестер қандай да бір дәрежеде екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Онымен Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің Шетелдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасының референті Алексей Власов келісті. Оның пікірінше, Жолдаудың көптеген тармақтары Ресей басшылығының міндеттерімен сәйкес келеді. Бұл жағдай нәтижелі және кәсіби тұрғыда тәжірибе мен пікір алмасуға жағдай жасайды, деп атап өтті ол.
Тақырыпты РФ СІМ ТМД 3-ші департаменті директорының орынбасары Ольга Биричевская жалғастырды. Оның айтуынша, Жолдауда айтылған ұсыныстар өзара тиімді тең құқылы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. "Ресей Президент Қ.Тоқаевтың реформаларын қолдайды және көршілес елдің тұрақты, аса дамыған, табысты ел болуын қалайды" – деп түйіндеді ол ойын.
Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы РХШжМҚ академиясы Қаржы және тұрақты даму институтының директоры, проректоры Андрей Марголин Жолдауда әділдік қағидатына басты назар аударылғанын атап өтті.
Жолдауда әділдік пен оған қол жеткізу жолдарын іздеудегі тәсілдер прагматизммен ерекшеленеді, деп атап өтті Ресей Ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтының экономика ғылымдарының докторы, жетекші ғылыми қызметкері Азгануш Мигранян. "Әділ салық салу арқылы банктік кірістер алыпсатарлық капиталға айналмай, ел ішіндегі инвестицияларға бағытталады". Жолдауда бұл қағида анық көрінеді. Бұл тұтастай алғанда қаржы жүйесін және атап айтқанда банк жүйесін реттеу тәсілдерін түбегейлі өзгерте алатын өте маңызды қадам", – деп атап өтті ғалым. Ол сондай-ақ банк жүйесіндегі реттеуші өзгерістердің цифрландырумен және жаңа технологиялармен (крипта, электрондық ақша) ұштастырылуына қатысты жоғары баға берді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Жолдаудағы АЭС салу мәселесі бойынша жарияланған референдумға да үлкен назар аударды.
РҒА корреспондент-мүшесі, РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Сергей Афонцев Жолдауда халықтың мұқтаждығына, елдің үдемелі дамуына зор ықпал ететін нақты проблемаларға назар аударылғанын атап өтті. Осыған байланысты, ол Қазақстан басшылығының халықтың мүдделерін қозғайтын мәселе бойынша онымен кеңесу шешіміне риза болды.
Энергетика және қаржы институтының президенті, «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті Экономикалық сараптама орталығының директоры Марсель Салихов Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын ескере отырып, АЭС бойынша референдум идеясын дұрыс деп атады. Оның айтуынша, бұл тек экономика ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыда дұрыс шешім.
РҒА Қытай және Азия институтының Орталық Азия зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, жетекшісі, ЖЭМ-ҰЗУ доценті Дмитрий Новиков қазақстандық референдумды жеке кейс ретінде қарамау керек деді. "Референдумды өткізбесе де болар еді. Алайда, экономикалық модельдерді трансформациялау - көптеген елдердің алдында тұрған міндет. Қабылданған шешімдер бойынша легитимділік дағдарысы бұл реформаларды айтарлықтай тежейді. Бұл тұрғыда халықпен тұрақты қарым-қатынас сақталуы тиіс. Әйтпесе, КСРО-дағыдай халықтың сенімінің және билік шешімдеріне қатысты түсінігінің болмауы зиянды салдарға әкелуі мүмкін", – деп түйіндеді ғалым.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қатысушылар бұл Жолдаудың жүйелі, кешенді сипатын көрсете отырып, оның нақты міндеттер белгіленген жұмыс жол картасы болып табылатынын атап өтті және олардың табысты іске асырылатынына сенім білдірді.