Мектептегі тамақ сапасы қатаң бақыланады

Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 164 млрд теңге бөлінді.

Мектептегі тамақ сапасы қатаң бақыланады
сурет: amanatpartiasy.kz
358

Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының мүшелері мектеп оқушыларын тамақтандыру жүйесі қаншалықты сапалы жұмыс істейтінін зерделеп, орын алған олқылықтар мен оларды жою жөніндегі нақты шараларды талқылады. Бастауыш сыныпта білім алатын, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларда тәрбиеленетін оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында айтылды.

Бүгінде мектеп қабырғасында 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қам­тылған, оның 1,4 млн-нан астамы – бас­тауыш сынып оқушылары, қалған 340 мыңы – әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларда тәрбиеленетін 5-11 сынып шәкірттері. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 164 млрд теңге бөлінді. Мектептер мен балабақшалардағы тамақ сапасын бракераж комиссиялары бақы­лайды. Комитет төрағасы, Мәжіліс депут­аты Павел Казанцев бұл жұмысқа партия­лықтар да белсенді араласуға тиіс екенін атап өтті.
– Дұрыс тамақтану ағзаның сау әрі мық­ты болып қалыптасуы кезінде шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ балалардың ақыл-ойы мен физикалық тұрғыда дамуына ықпал етеді. Сондықтан әр бала әлеуметтік мәртебесі мен тұрғылықты жеріне қарамас­тан сапалы әрі үйлесімді тамаққа қол жет­кізуі керек. Бұл тек денсаулық сақтау мәсе­лесі ғана емес, сонымен қатар әлеумет­тік әділдік пен тең мүмкіндік мәселесі, – деді ол.
Алайда, жағдайды бақылау және жақ­сарту бағытында көп жұмыс жасалып жатқанын қарамастан, жекелеген жағ­дайлар қоғамда үлкен резонанс тудыруда. Комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина мектеп оқушыларына мерзімі өткен өнімдер беріліп, ыстық тамақтың салмақ нормалары сақталмайтынына, тағам­дардың дәмсіз екеніне қатысты бір­қатар мысал келтірді.
– Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалмай отыр. Еліміздегі 7 474 мектептің тек 6 790-ы ғана ас әзірлейтін бөлмемен қамтылған. Онда оқушылардың басым көпшілігі ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенімен, шешіл­мей жатқан мәселелер де бар. Қаржылан­дырудың, қажетті үй-жайлар мен сани­тарлық жағдайлардың болмауы, сондай-ақ шалғай елді мекендерге азық-түлік жеткізу қиын­дығы тамақтандыру жұмысын сапалы ұйымдастыруға айтарлықтай кедергі келтіреді. Көптеген тәртіп бұзу рұқсат беру құжаттарын алу сатысында анықталып жататыны айрықша алаңдаушылық туғыз­ып, бұдан да қатаң бақылау қажет екенін көрсетеді, – деді ол.
Бұл ретте, ПБК төрағасы жауапсыз азық-түлік жеткізушілеріне қатысты қабыл­данатын шараларды қатаңдату, сон­ың ішінде оларды «қара тізімге» қосу және мектептерді азық-түлікпен қамтамасыз ету құқығынан біржола айыру қажет екенін айтты.
– Жауапсыз жеткізушілер алдымен тен­дерді жеңіп алады, содан кейін барып құжат рәсімдей бастайды. Бұл – мүлдем қисынсыз жағдай. Мұндай компаниялар тіпті тендерге де қатыстырылмауы керек. 4 жыл бойы шағын және орта бизнес субъектілерін жоспарлы тексеруге мора­торий жарияланды. Алайда арыз-шағым түскен жағдайда тексеріс жүргізуге де болатын еді. Бала ауруханаға түскенше күтіп отырудың қажеті жоқ. Бала – ең қым­­бат қазынамыз. Сондықтан біз, пар­тия­лық бақылау комитеті, осы мәселелерге жан-жақ­ты назар аударуымыз керек, – деді Павел Казанцев.
Комитет мүшесі, Сенат депутаты Нұр­төре Жүсіп бүгінде мектеп асханаларында тәтті тағамдарды, алкогольдік және энер­гетикалық сусындарды, фаст-фуд және осыларға ұқсас өзге де өнімдерді сатуға тыйым салынғанына назар аударды. Алай­да білім ошағының іргесіндегі дүкендерде, әсіресе ауылдық жерлерде, бұл өнімдердің барлығы сатылымда бар. Кейбір балалар­дың асханаларда тамақ ішпеуінің бір себебі – осы. Осыған байланысты, депутат білім ошақ­тары жанында зиянды тағам­дарды сатуға шектеу қоюды, сондай-ақ қолданыс­тағы мектеп мәзірін қайта қарауды ұсынды.
– Ыбырай Алтынсариннің бір еңбегінде мектеп оқушыларының міндетті рацио­нына қымыз, айран және өзге де ашытылған сүт өнімдері енгізілгені айтылады. Жуырда депутаттық сапар аясында Алматы облысы Ақтерек ауыл­ында болып, жергілікті тұр­ғындар өндірген айран, қаймақ және өзге де сүт өнімдері күн сайын ондағы мек­тептер мен балабақшаларға жеткізілетінін байқадым. Бұл қадам кәсіпкерлікті дамы­туға ықпал етіп қана қоймай, бала­ларды табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бәлкім, осындай шара­ларды ұлттық тамақтану стандарт­тарына енгізген жөн болар. Себебі бүгінде бала­лардың көбісі айран мен сүт ішпейтінін, қаймақ жемейтінін, оның орнына тәтті су, кеп­тірілген нан немесе чипсы сияқты әртүрлі зиянды тағамдарды ұнататынын бай­қаймын. Сонымен қатар мектеп мәзірі­не қазақ ұлттық тағамдарын қосу керек, – деді депутат.
Отырыс қорытындысы бойынша ПБК мүшелері мектептердегі тамақ сапасын жақсарту үшін бақылау және мониторинг жүргізудің жаңа тетіктерін енгізу бойынша орталық және жергілікті уәкілетті мем­лекет­тік органдардың атына жолданатын бірқатар ұсыным қабылдады. Атап айт­қанда, мектептегі тамақтың ұлттық стан­дарттарын әзірлеу, өндіруден бастап мектепке жеткізуге дейінгі барлық кезең­ін­­де өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамта­масыз ету жүйесін енгізу қажет.
Сонымен қатар Комитет кәсіби диетологтар мен нутрициологтарды тарта отырып, мектеп асханалары қызметкер­лерінің біліктілігін арттыруды талап етті. Сондай-ақ партиялықтар мектеп асхана­ларына азық-түлік сатып алу процесін мемлекеттік сатып алу туралы заң аясында реттеуді қайтару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Серіктес жаңалықтары