«Жәрдемақыны жымқырған»: Семейлік директор психикалық дертке шалдыққандарды жұмысқа жеккен

Одан бөлек, мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері қамқорлыққа алынған адамдарды техникалық қызметшілердің орнына пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеген.

«Жәрдемақыны жымқырған»: Семейлік директор психикалық дертке шалдыққандарды жұмысқа жеккен
Istockphoto
740

Семейдегі арнайы қызмет көрсету орталығы директоры қамқорлығындағы адамдарды шаруа қожалығында құрылыс жұмыстары кезінде заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Бұл жөнінде облыстық прокуратура мәлімдеді.

Облыстық прокуратураның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Семей қаласының №1 арнайы қызмет көрсету орталығы директоры қамқорлығындағы психикалық дертке шалдыққан төрт адамды шаруа қожалығында заңсыз құрылыс жұмыстарына салған. Облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы қылмыстық істі Қылмыстық кодекстің 128-бабы 2-бөлігінің 6,9,11-тармақтары (адам саудасы) бойынша тергеп, іс сотқа жолдаған. 

«Бұдан бөлек мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері қамқорлыққа алынған адамдарды техникалық қызметшілердің орнына пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеп, тамақ пісіртіп, әрекетке қабілетсіз адамдарды заңсыз әрекеттерге тартып, есепшоттарынан жәрдемақыларын жымқырған. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Абай облысы прокуратурасы өкілдері. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 128-бабының 2-бөлігінің 6, 9, 11-тармақтарына сәйкес, кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары