6 ай бойы комада жатқан сарбазға қатысты Ұлттық ұлан мәлімдеме жасады

Бұл туралы ақпаратты сарбаздың анасы Лола Израилова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

6 ай бойы комада жатқан сарбазға қатысты Ұлттық ұлан мәлімдеме жасады
Коллаж: Turkystan.kz
516

Өз еркімен әскери борышын өтеуге кеткен қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар 6 айдан бері жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұл туралы ақпаратты сарбаздың анасы Лола Израилова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Ербаян өз еркімен әскерге кетті. Ол отан алдындағы борышын өтегісі келді. Бірнеше айдан кейін ол ауыр халде ауруханаға түсті. Бұл оқыс жағдай болған деп бізді сендірмек. Нақты не болғанын дәретханада бірге болған сарбаздар мен офицерлер ғана біледі.Ол көп соққы мен жарақт алған. Ербаян өмірді жақсы көрді. Өзі сымбатты және мейірімді жігіт болды. Спортқа жақын еді», - делінген жазбада. 

Аталмыш жағдайға қатысты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі түсініктеме берді. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені мәселе болып отыр.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы ҚР ІІМ ӘТД басшылығының бақылауында. Қатардағы жауынгер Е.Мұхтардың ата-анасының талабы бойынша оңалту ем-шаралары аяқталғаннан кейін үйіне шығарылғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери-медициналық басқармасымен бірлесіп оған мүгедектікті ресімдеу бойынша көмек көрсетеді», — делінген хабарламада. 

 

Серіктес жаңалықтары