«Жайлы мектептердің» құрылысы бақылауда

Білім ордасын жыл аяғына дейін пайда­лану­ға беру көзделіп отыр.

«Жайлы мектептердің» құрылысы бақылауда
сурет: amanatpartiasy.kz
342

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев Түркістан қаласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 2 мың орындық білім беру мекемесінің құрылысы қалай жүріп жатқанымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқитын және апатты жағ­дайдағы мектептер мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қа­былдауды тапсырған болатын. Оның ая­сында Түркістан облысында 49 мың оқу­шыға арналған 63 мектеп салу жос­пар­лан­ған. Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» ша­ғын ауданында 2 мың орындық зама­науи мектептің құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған еді. Жобаның құны – 8 млрд теңге, ал мектептің жалпы ау­даны – 20 мың шаршы метр. Білім ордасын жыл аяғына дейін пайда­лану­ға беру көзделіп отыр.
Мәжілісмен Ерлан Әбдиев аталған нысан «АМАNАТ» партиясының Түркістан об­лыстық сайлауалды бағдарламасын жү­зеге асыру жөніндегі Жол картасына ен­гізіл­генін атап өтті.
– Білім ошағының құрылысы кестеге сай қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен аты «Жайлы мектеп» болғандықтан, ол барлық жа­ғынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Мен бастапқы жобада екі лифт болғанын бай­қадым, бірақ тапсырыс беруші оны қай­та түзетіп, біреуін қалдырыпты. 2000 бала­ға бір ғана лифтінің болуы ақылға сыймай­ды. Осы жайтты қайта қалпына келтіруді ұсы­намын. Одан бөлек мүгедектігі бар адам­дарға арналған механикалық сатыны пан­дусқа айналдырған жөн. Өйткені көп жағдайда механикалық саты тез бұзылады жә­не оны үнемі бір маман қадағалап отыруы керек, – деді депутат. 
Құрылыс жұмыстарының барысы ту­ралы «АМАNАТ» партиясы Түркістан об­лыс­тық филиалының төрағасы Алтынсары Үм­беталиев пен «Каратас Майнинг» ЖШС мердігер компания өкілдері баяндады.  
Депутат жаңа мектеп құрылысының аяқ­талуын асыға күтіп жүрген жергілікті тұр­ғындармен де тілдесті.
– Жаңа мектептің құрылысын көріп, ба­лаларымыздың болашағы үшін қуанып отыр­мыз. Себебі бұл жаңа аудан болған­дық­тан әзірге балаларымыз басқа жаққа қа­­­тынауға мәжбүр. Осы мектепте бала­ла­ры­мыз сапалы білім алып, жарқын бола­шақ­қа жол ашады деп сенеміз, – дейді жер­­­­гілікті тұрғын Айгүл Ахметова.

Серіктес жаңалықтары