Мемлекетке қарыз беріп, кіріс көруге бола ма?

Ескеру керек маңызды жайт – мақала инвестициялық кеңес емес, тек ақпарат беру үшін жазылды. Себебі инвестициялау – тәуекелге бару, оны әркім өз жағ­дайына, жинаған қаржысы мен жеке стратегиясына байланысты өзі шешуі керек.

Мемлекетке қарыз беріп, кіріс көруге бола ма?
www.istockphoto.com
1012

Мемлекетке немесе ірі компанияларға қарызға ақша беріп, одан пайда табуға болады. Осындай мүмкіндік беретін құнды қағаздар нарығындағы маңызды құрал – облигация.

Сенімді және кіріс түсетініне кепіл бері­летіндіктен, облигациялар көбінесе банк депозиттерімен салыстырылады. Өйт­кені қанша кіріс түсетіні алдын ала бел­гілі болады. Сондықтан ол ең тиімді қар­жы құралы деп те сипатталып жата­ды. 
Дегенмен, қаржысын облигацияға са­латын қазақстандықтардың үлесі өте аз. Халықтың тақырыптан, жалпы ұғым­нан хабардар бола бермеуі де мұның бір себебі болуы мүмкін.
Жалпы, облигация деген не? Ол қалай жұмыс істейді? Қалай сатып алу­ға болады? – осы сияқты жалпы бағыт-бағ­дар беретін сұрақтарға жауап іздеп көрдік. 
Ескеру керек маңызды жайт – мақала инвестициялық кеңес емес, тек ақпарат беру үшін жазылды. Себебі инвестициялау – тәуекелге бару, оны әркім өз жағ­дайына, жинаған қаржысы мен жеке стратегиясына байланысты өзі шешуі керек.

Қаражатыңызды қарызға бере тұрасыз

Жалпы, бағалы қағаздар ақша тарту үшін шығарылады. Яғни, бел­гілі бір компания немесе мемлекет бо­лашақта пайыз төлеуге уәде беріп, ин­весторлардың ақшасын «қарызға» ала тұра­ды. Осы мақсатта облигациялар шы­ғарады. Яғни, бұл – іс жүзінде қарыз қол­хаттары. 
Оларды эмитент – компания немесе мем­лекет шығарады. Сіз өз ақшаңызды со­ларға қарызға бере тұрасыз. Яғни, об­лигация шығарып, оны сататын ұйым­ды эмитент деп атайды. Сіз обли­га­ция сатып алу арқылы ол ұйымға қа­рыз берген болып есептелесіз. Эмитент бо­лашақта сізге пайыздарымен қосып ақ­шаңызды қайтарады. 
Тіркелген бағалы қағаздар инвес­тор­лар сатып алу үшін биржада орна­лас­тырылады. Шарт бойынша, белгі­лен­ген мерзімде облигациялар өтеледі, яғни эми­тент олардың иелеріне номинал құ­нын төлейді, бұл – облигация иесі ала­тын сома. 
Әдетте, облигациялардың белгі­лен­­ген мерзімі бар, мысалы, 5, 10 немесе 30 жыл. Бұл мерзім аяқ­тал­ған­нан кейін эмитент негізгі соманы қай­тарып береді. 
Акция немесе облигацияға ақша сал­саңыз, сіз инвестор атанасыз. Яғни, ин­вестор – пайда табу үшін өз ақшасын бел­гілі бір құралдарға салатын адам.
Қаржы министрлігінің tengrinews.kz-ке берген жауабында 2024 жылғы 1 нау­рыздағы жағдай бойынша мемле­кет­тік қазынашылық міндеттемелерді ұстау­шылар құрылымында, яғни ақша­сын мемлекеттік облигацияларға салған ре­зидент жеке тұлғалардың үлесі 0,02 пайыз екені айтылған. Саусақпен санар­лық деуге болады. Ал олар кімдер екенін Қаржы министрлігі жария етпеген, се­бебін коммерциялық құпия деп түсін­дірген.

Акция мен облигацияның айырмашылығы қандай?

Акция – акционерлік қоғам шыға­ра­тын бағалы қағаз, басқаша айтқанда эми­тент компания. Акцияларды сатып ал­ған барлық инвесторлар компания­ның ортақ иелері болады. Акция оның ие­сінің компанияда үлесі бар екенін рас­тайды. Яғни, сатып алушыларға ком­панияның белгілі бір дәрежедегі иесі болу ұсынылады. Акционерлер ақша тар­та алады, оның капиталын бөліп, са­­та алады. Акцияны сатып алғаннан кейін сіз компаниядағы үлестің иесі бо­ласыз және оның пайдасының бар­лық акционерлер арасында бөлінетін бө­­лігіне, дивидендтер деп аталатын тө­­лемге және акционерлер жина­лы­сында дауыс беру құқығына ие боласыз. Яғни, ешқандай мерзімсіз, сол компа­ния­ның белгілі бір дәрежедегі иесі бола аласыз.
Жалпы, облигацияны акциядан, бас­қа бағалы қағаздардан ерекшелейтін бас­ты айырмашылық – кірісті алдын-ала есептеу мүмкіндігі. Облигацияларды әр­түрлі қарыз алушылар шығарады. Олардың қатарында мемлекет және ірі ком­паниялар шығаратын бағалы қағаз­дар бар. Сенімділік пен кіріс кепілдігі тұрғысынан облигациялар көбінесе банк депозиттерімен салыстырылады. Өйткені түсетін кірісі алдын ала белгілі болады.
Одан бөлек, әуелде айтып өткендей, ол белгілі бір мерзімге ғана беріледі. Мерзім аяқталғанда, сіз қаражатыңызды үстемесімен қоса қайтарып ала аласыз.
Биржада облигацияны нарықтық ба­ғамен кез келген уақытта сатуға бола­ды. Яғни, сатып алушылар болған жағ­дай­да сіз кез келген уақытта облига­ция­ларды нарық талаптарына сай сата ала­­сыз.
Сондай-ақ кез келген жағдайда ку­пон бойынша жинақталған купондық кірісті (ЖКК) аласыз. Бұл төлемдер әдет­­те жылына екі рет төленеді, бірақ бұл облигация шарттарына байланысты өз­геруі мүмкін. Оны Сізге обли­гация­ларыңызды сатып алушы төлейді. ЖКК-сы жоқ облигацияның бағасы «таза» деп ата­лады. Купон алу үшін ештеңе істеудің қа­жеті жоқ. Сіз тек облигацияларды са­тып аласыз және купон төленетін күні ақ­ша сіздің шотыңызға түседі. Әдетте, ақ­ша шотыңызға 3 жұмыс күні ішінде түседі.
Дегенмен облигациялардың сын-қатері де бар. Ең алдымен, де­фолт тәуекелі: егер эмитент қарызын тө­­­лемесе, инвестор негізгі соманы және пайыздарды жоғалтуы мүмкін. Пайыз­дық тәуекел де маңызды, себебі пайыз­дық мөлшерлемелердің көтерілуі обли­га­циялардың бағасына теріс әсер етуі ық­тимал. Нарықтық тәуекел, яғни обли­гациялардың нарықтық бағасының әртүрлі экономикалық және саяси фак­торларға байланысты өзгеруі де ескеруді қажет етеді. Сонымен қатар инфляция­лық тәуекел де бар, өйткені инфляция облигациялардың нақты табыстылығын төмендетуі мүмкін.

Облигацияның да алуан түрі бар

Облигацияның түрі көп, әрқай­сы­сының өз ерекшелігі мен артықшылығы бар. Одан бөлек, жіктеу тәсілі де жетер­лік. Оның табыстылығы да, сенімділігі де осыған байланысты болады.
Мемлекеттік облигация – мем­ле­кет шығаратын қаржы құрал­дары. Олардың сын-қатері төмен, себебі мемлекеттің қарызын өтеу қабілеті әдет­те жоғары. Мемлекеттік облигация да іштей екі түрге жіктеледі. Тұрғындар обли­гациялары – тұрғындарға арналған жә­не өтеу мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Әдет­те, бұл облигациялардың тұрақты пайыз­дық төлемдері болады. Қазы­на­шылық облигациялар – қысқамерзімді мем­лекеттік облигациялар, олар 1 жыл­дан 10 жылға дейінгі мерзімге шы­ғары­ла­ды. Қазынашылық облигациялар өте қауіп­сіз болып саналады және олар эко­номика тұрақты болған кезеңдердегі жақ­сы инвестиция деп есептеледі.
Екінші түрі – корпоративтік об­ли­га­ция. Ол – компаниялар шы­ғаратын қар­­жы құралы. Одан түсетін табыс жо­ғары болуы мүмкін, бірақ сын-қатер де жо­ғары. Оның да екі түрі бар. Бірін­шісі – инвестициялық сыныптағы об­ли­гациялар, оларды қаржылық жағ­дайы тұрақты компаниялар шығарады жә­не сын-қатер деңгейі төмен. Бұл об­ли­гациялар тұрақты табыс әкеледі және ин­вестициялық қоржынға жақсы қо­сым­ша ретінде сипатталады. Екіншісі – жоғары табысты облигациялар. Бұл об­­­лигацияларды несие рейтингі төмен ком­паниялар шығаратындықтан, сын-қа­тер жоғары. Алайда пайыздық төлем­дері жоғары келеді.
Муниципалдық облигациялар деген тағы бір түрін жергілікті үкіметтер мен му­ниципалитеттер шығарады. Ол да екі­ге жіктеледі. Біріншісі – жалпы са­лықтық облигациялар жергілікті үкі­мет­тің жалпы салық кірістеріне бай­ланысты. Олар қаржылық тұрақтылық­ты қамтамасыз етеді және салық жеңіл­дік­термен бірге жүреді. Келісімшарттық об­лигациялар белгілі бір жобаларды қар­жыландыру үшін шығарылады, мы­салы, инфрақұрылымдық жобалар. Пайыз­дық төлемдер жобаның табыс­ты­лығына байланысты болады.
Шариғатқа сай облигациялар да бо­лады. Бұл ислам қаржы жүйесінің та­­­­лаптарына сәйкес келеді. Бұл обли­га­циялар дәстүрлі пайыздық төлемдерді қамтымайды, оның орнына олар пайда бөлісу немесе басқа да механизмдерді қол­данады.
Конвертацияланатын облигациялар ин­весторға облигацияны белгілі бір уа­қыт ішінде компанияның акцияларына ауыстыру мүмкіндігін береді. Бұл обли­га­циялар инвесторларға акция бағасы­ның өсуінен пайда табуға жол ашады.
Облигацияларды тәуекел деңгейіне сәйкес жіктеуге де болады. «Қамтамасыз етіл­ген облигациялар» ең қауіпсіз сана­ла­ды. Бұл банкроттық жағдайда ком­­па­нияның активтерімен кепілден­діріл­ген облигациялар.
Содан кейінгісі – «үлкен облига­ция­лар», олар әдетте компания­ның актив­те­­рі­мен қамтамасыз етіл­мей­ді, бірақ банк­­рот болса, компанияның ак­­тивте­рін тарату кезінде бірінші ке­зек­те тұра­ды. 
Тағы бір түрі – жоғары купонмен бе­кітілген «кіші немесе бағынышты об­лигациялар». 
Кепілдік берілген немесе сақтан­дырыл­ған облигациялар да бар, олар салыстырмалы түрде қауіпсіз, өйткені олар эмитенттің дефолты жағдайында ішінара төлемдерге кепілдік беретін үшінші тараппен қамтамасыз етіледі. 
Бұдан басқа, иесіне оларды эми­тент­тің акцияларына айналдыруға мүмкін­дік беретін айырбасталатын облигация­лар болады.
Облигация түрлері және олардың ара­сында таңдау жасау мәселесі инвес­тор­дың жеке инвестициялық стратегия­сына байланысты болады. Мемлекеттік облигациялар қауіпсіздік пен тұрақты табысты қамтамасыз етсе, корпоратив­тік және жоғары табысты облигациялар жоғары табыс, сәйкесінше жоғары сын-қатер қаупін тудырады. Муниципалдық облигациялар жергілікті жобаларды қар­жыландыруға көмектеседі, ал шари­ғатқа сәйкес облигациялар ислам қар­жы нормаларын ұстанады. Әрбір инвес­тор­дың қажеттіліктері мен мақсат­тары­на сәйкес келетін облигацияларды таң­дау үшін мұқият зерттеу мен талдау жүр­гізу аса маңызды.

Өз «жолыңыз» барын ұмытпаңыз

Инвестордың стратегиясы немесе стилі – бұл бағалы қағаздарды сатып алу және сату жоспары. Инвес­ти­циялық стиль адамның мінез-құлқына, ерекшеліктеріне байланысты болуы мүм­кін және жасына қарай өзгеруі мүм­кін. 
Инвестициялаудың екі негізгі стилі бар – актив және пассив. Актив порт­фель­де өсу акциялары басым болады, ал екінші жағдайда индекстік қорлар  және облигациялар басымырақ болады.

Салық салына ма? 

Облигациялардың иелері алған та­быстарға салық салу тәртібі Салық ко­дексінде бекітілген. Қазақстанның қор бир­жаларының ресми тізіміне кіретін бағалы қағаздар бойынша купондар мен кірістер салық салынатын табыс көз­дері­нен алынып тасталады. Осылайша, купондар немесе қағаз құнының өсуінен кіріс алған елдің тұрғындары салық төле­мейді. 
KASE ресми тізіміне есепке алынған сәтте купондық сыйақы түріндегі та­быс­қа да салық салынбайды. Одан бө­лек, KASE-де облигацияларды ашық сау­да түрінде сатудан түскен ақша үшін жеке және заңды тұлға да салық төле­мейді.
Салық салынатын кірістерден төлем көзін алып тастау тек қазақстандық эми­тент компаниялардың активтеріне қатысты қолданылады. Егер кіріс елден тыс көздерден сатып алынған қағаздар­дан келетін болса, пайданың 10 пайызы мөлшерінде жеке табыс салығын төлеу керек болады.

Қорыта айтқанда, облигацияның түрі де, ерекшелігі де әртүрлі. Инвестор оны өз қалауынша, өз стартегиясына сай өз бетінше таңдайды. Олар инвесторларға тұрақты кіріс алуға, ал компания мен үкіметке жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Облигациялардың түрлерін, артықшылықтарын және тәуекелдерін түсіну инвесторларға дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл – ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан жүйе.
Қазақстандағы облигация нарығына қатысушылар аз болғанымен,  өсім аз да болса байқалады. Сондықтан облигацияға инвестиция салу тиімді қаржы құралы болуы мүмкін екенін құлағдар еткіміз келді. Дегенмен, соңғы қаражатыңызды немесе қарызға алған ақшаңызды инвестициялау дұрыс қадам бола бермейтінін естен шығармаған жөн. 

Серіктес жаңалықтары