Ресейдің Магнитогорск қаласында жергілікті «Металлург» Астанадан келген «Барысты» қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ойындағы алғашқы шайбаны астаналықтардың қақпасына Роман Канцеров соқты. Екінші кезеңнің басында Қазақстан құрамасының шабуылшысы, ресейлік командада ойнайтын Никита Михайлис есепті 2:0-ге жеткізді. Осыдан кейін мұзайдын иелері тағы екі гол соқты (Люк Джонсон мен Алексей Маклюков — ол да бұрынғы «Барыс» ойыншысы), нәтижесінде олар екінші үзіліске 4:0 есебімен кетті.
Үшінші кезеңде "Барыс" сапынан Джейк Масси команда сапындағы алғашқы шайбасын соғып, есепті ашты, бірақ соңғы нүктені қарсылас команданың ойыншысы Дерек Барак қойды. Осылайша 5:1 (1:0, 3:0, 1:1) есебімен «Металлург» жеңіске жетті.
Қазіргі сәтте «Металлург» Шығыс конференциясында 10 ұпаймен бірінші орынға шықты, ал «Барыс» 6 ұпаймен сегізінші орында тұр.