«Қолын пакетке салып алған»: Мүгедек болып қалған бозбала әділдік таппай жүр

Мектепті биыл ғана аяқтаған оқушы бір қолынан айырылып қалды.

«Қолын пакетке салып алған»: Мүгедек болып қалған бозбала әділдік таппай жүр
668

Алматы маңындағы «ЕРА-Алматы» ЖШС-да жұмыс істеген 18 жастағы бозбаланың қолын станок жұлып алған, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл жайында тележүргізуші Гүлмира Абықай әлеуметтік желіде жазды.

«А» деп айтып үлгергенше Бекжанның сол қолы білектен төмен қансырап жерде жатады. Сол ауысымның бригадирі жансыз қолды пакетке салып алып алып шаһарды аралайды. Алдымен бір кеңсеге барып, 2 сағат күтіп, көк журналға жігітке қол қойғызады. Содан кейін ғана жедел жәрдем шақырып, Бекжанды ауруханаға апарған. Қысқасы, баланың кіресілі-шығасылы жайын пайдаланып «станокқа қолымды өзім тықтым» деп жаздырып, қол қойғызған», - деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол бозбаланың не себепті жұмыс істегенін де түсіндірген.

«Бекжан көп балалы отбасында өскен. Биыл 11сынып бітіріп, тамызға дейін жұмыс істеп, нәпақа табайын деген ниетте еді. Енді мүгедек болып шыға келді. 6 баланың анасы Сәуле заң жағынан көмек сұрап келді. Біз заңгер екеуіміз құзырлы мекемелерге жүгіндік. Қарасай аудандық бас еңбек инспекторымен бірге рейдке келсек «О, тоба!» бала кеше ғана жұмыс істеген фирма бүгін атауын өзгертіп үлгеріпті. Арзанқол жұмыс күшін пайдалану, еңбек шартын рәсімдемеу, «разнорабочийді» күрделі станокқа тұрғызу, техникалық қауіпсіздікті сақтамау, форма бермеу сынды заңсыздықтар анық байқалып тұр. Ең сорақысы, жұмысшы қолынан айырылып қан сорғалап тұрса да жедел жәрдем шақырмау — бұл қылмысты жасырумен тең! Жас организмнің жансыз дене мүшесіне негізі 2 сағат ішінде жан бітіруге болады. Олар уақыт өткізіп алған, қылмыс ізін жасыруға тырысқаны анық. Еліміздегі ең құрып қалған сайқал заң «Еңбек кодексі» болып көрінеді маған. Былай қарасаң, аты дардай, бірақ ықпалы мардымсыз. Күніне он шақты адам еңбек дауымен хабарласады. Еш келісім-шартсыз жұмыс істеп жалақысын ала алмай жылап жүргендер көп. Заңнаманың мақсаты еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау болғанымен біз араласып аудандық прокуратурадан тексеруге нұсқама алып бердік. Бұл фактіні егжей-тегжей зерттеу нәтижесін күтеміз! Бекжанның тағдыры біздің бақылауда», - деді автор.

Серіктес жаңалықтары