"Екі ұлым Олимпиададан екі алтын алып келеді деп үміттеніп едім" – Рахат Оралбай

Рахат Оралбай – бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай және Париж Олимпиадасының қатысушысы Айбек Оралбайдың әкесі

"Екі ұлым Олимпиададан екі алтын алып келеді деп үміттеніп едім" – Рахат Оралбай
5466

Екі күннен соң жаһан жұрты көз тіккен Олимпиада ойындары аяқталады. Үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекенің жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы 28-орынға табан тіреді. Ел қоржынында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлде бар. Қазір күні кеше бір күнде қос күміс медаль иеленген боксшы Нұрбек Оралбай мен грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраевтың жетістігі ел ауызында жүр. Осы ретте құрама қоржынына күміс жүлде салған Нұрбек пен оның егізі, Олимпиаданың екінші айналымында жарыс жолынан шығып қалған Айбектің әкесі Рахат Оралбайға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

– Ең әуелі Олимпиада бойы ұлдарыма жанкүйер болып, тақымдарын қысып отырған қазақ еліне сансыз алғыс айтамын! Кеше Нұрбек ұлым финалда жеңіске жетіп, Қазақстанға алтын жүлде сыйлайды деп үміттеніп едім. Төрешілердің шешімімен сондай нәтиже болды. Алайда бұған өкініш жоқ. Тек сәл қобалжып тұрмын (көңілі босап). Алла қаласа қос тар­ланым келесі Олимпиадада ел намысын абырой­мен қорғап, Қазақстан халқын қуантады деп сенемін. Осы Олимпиадада атой салып, алақайлап қуантса деген асыл арманым бар еді. Бірақ мен өкінгеннен ештеңе орнына келмейді. Бір үйден екі баланы баптап байрақты бәсекеге жіберу – мен үшін үлкен бақыт! Егіз боксшылардың Олимпиадаға дейін жетуі тарихта қалатын жайт қой. 
Олимпиада секілді бәсі биік додаға бар­ғанның бәрі алтын медаль алсам деп барады. Сол үшін олар қан­шама жыл тер төгіп, бар ғұмы­рын сарп етеді. Жаһан мықты­лары жиналатын жа­рысқа осал спортшы бар­май­ды. Бәрі де сан түрлі кедер­гі мен ірік­теу­ден өтіп, әбден ысылғандар. Сен тұр, мен атайын­дар. Сон­дай қалың ат­лет­тің арасынан ірік­теліп, финалға дейін іркіл­мей жеткен Нұрбегіме ризамын!
Ал Айбекті сөз етер болсам, ол бірін­ші кездесуде жақсы жұдырық­тас­ты. Ал екінші кездесуінде жеңілуіне төрешілер қателігі себеп болды дер едім. Негізі, екеуі де Парижге өз бабында барды. Өзім спортқа жақын болған соң, олардың жаттығу жиындарын ба­қылап, күнделікті қадағалап жүрдім. Екі ұлым Олимпиададан екі алтын алып келеді деп үміттенген едім. Алайда Айбектің екінші айналымда сүрінуіне төрешілер «көмектесті» деймін.
Екеуімен әлі сөйлеспедім. Екеуінің бір-бірі үшін жүре­гі ауырады. Сол үшін мазаламайын, өз өздеріне келсін дедім. Парижбен үш сағат айырмасы бар. Біраз­дан соң хабарласып, жағдайларын білемін. Оған дейін кешегі финалдық кездесуді қайта көріп, Нұр­бектің қай тұста қандай қателік жібергенін мұқият қарап көремін. Екеуі бір кіндіктен жаралған соң, бір-бірін қимайды. Біреуінің ұтылғаны екіншісіне де әсер етеді. Кеше де интернеттен Айбектің құдды бір рингке өзі шыққандай айқайлап, бір орында отыра алмай, тыпыршып отырғанын көрдік. Қанша деген­мен егізі ғой. Екеуінің арасы – бес минут. Бір-бірі үшін қи­нал­ғанын көрген біздің жүрегіміз ауырып отыр. Кеше финал аяқталысымен хабарласпағаным да сондықтан. 
Айбек пен Нұрбек – үйдің үлкендері. Олардың екі інісі бар. Төртеуі де спортқа жақын. Өзім еркін кү­рестен бапкер болғасын Айбек пен Нұрбекті кішкентайында кө­теріп алып, күніне екі мезгіл жаттығуға алып кете­тін­мін. Екеуін бозкілемге жіберген сайын олар балуан­дардың жаттығуына қызығып қарап, ақы­рында бір-бірімен ойнап, күресуді шығарды. Сосын залдағы балалар екеуін күрестіріп, ақырында екеуі де спорт десе, ішер асын жерге қоятын болып өсті. Менің жолымды қуып, еркін күресті серік етсе деп ойлап едім. 2008 жылы Астанаға жұмыс бабымен көшіп кел­генде, балаларды күрес секциясына бердім. Алайда олар боксты жақын тартып, бір күні «Әке, біз бокста қаламыз. Ренжімейсіз бе?» деп рұқсат сұрады. Екеуіне бірдей ұнаған соң, олардың бұл шешімін құптадым. Міне, содан бері екеуі талай жарыстан жүлделі оралып, дұрыс таңдау жасағандарын дәлелдеп жүр.
Біз екеуіне бірдей жанкүйер бо­ла­тынымыз айтпаса да тү­сінік­ті. Екеуі жарысқа кеткенде аяғына дейін бақылаймыз. Былтыр Ташкентте өт­кен әлем чем­пионатына отба­сы­мызбен барып, жанкүйер бол­ғанбыз. Ай­бек жеңіліп қал­ған соң ке­лесі кезеңге өткен Нұр­бекке ана­сы «Балам, біз қай­та берейік» деп айтса керек. Мен олай айт­қанын білмейді екен­мін де. Сол кезде Нұрбек «Ана­шым, мен ше?» деп айтқанын бір сұхбатта айтып, көпші­лік­ті бір күл­дірткен. Дегенмен біз екеуі қа­тыс­қан барлық жарысты бас-аяғынан көруге тырысамыз.
Мен әкесі болғасын көрген кезде айқайлап отыра­мын. Ал анасы кейде жүрегі шыдамай, басқа бөл­меге кетіп қалады. Алайда кеше Олимпиада фи­налын туыстарымызбен бірге отырып тамашаладық. 
Ұлдарым қазір 24-те. Олар мұ­ны­мен тоқтап қалмайды. Уақыт деген зымыран ғой. Бұдан соң екеуі бұрынғыдан бетер дайындалып, әбден шы­нығып, 2028 жылы Америкада өтетін Олим­пиада ойын­дарында атой салады!
Сөз соңында тағы да қос ұлыма жанкүйер болған Қазақстан халқына алғысымды айтқым келеді! Біздің халық – мықты жанкүйер, керемет қолдаушы. Көп­ші­лік спортты жақсы біледі. Мұндай қолдаушылары бар­да біздің спортшылар әлі талай жарыста абы­ройы­мызды асқақтатады!
Қазақстанымыз өрлей берсін! Жеңісіміз көп бол­сын! Көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шыр­қала берсін!

Серіктес жаңалықтары