Демеу Жадыраев Олимпиаданың финалында жеңіліп, күміс жүлдені місе тұтты
Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Демеу Жадыраев Олимпиаданың финалында жеңіліп қалды.
77 келіде белдесетін балуан финалда Жапония балуаны Нао Кусакадан 5:2 есебімен жеңіліп қалды.
23 жастағы жапондық – 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылғы Азия чемпионы. Ол Біріккен күрес әлемі федерациясының рейтингінде бірінші орында тұр.
Ал 34 жастағы Демеу Жадыраев – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль иегері және Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері. Ол Біріккен күрес әлемі федерациясының рейтингінде төртінші орында тұр.
Қазақстан қоржынына грек-рим күресінен Олимпиада алтыны 1996 жылы Атлантада өткен төртжылдықта түскен болатын. Ол байрақты додада 57 келіде белдескен Юрий Мельниченко тәуелсіз Қазақстан тарихиындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Қазір ел қоржынында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.