"Төрешілер қолымды көтермеді": Сәкен Бибосынов Олимпиададағы жеңілісі туралы

Сәкен Бибосынов Олимпиаданың жартылай финалына бір қадам қалғанда сүрінді

"Төрешілер қолымды көтермеді": Сәкен Бибосынов Олимпиададағы жеңілісі туралы
Olympic.kz/Сали Сабиров
1418

Париж Олимпиадасының ширек финальнда жарыс жолынан шығып қалған қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов жеңілісі туралы айтты.

"Көрдіңіздер, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Өкінішті, 3:2 есебімен ұтылып қалдым. Қарсыласымды жеңісімен құттықтаймын. Сәттілік тілеймін! Басты қарсылас осы еді. Оны ұтқанда кем дегенде қола болатын еді. Бәрі Алланың қалауымен ғой. Аллаға шүкір осындай Олимпиадаға келіп елімнің намысын қорғағаныма. Әттең-ай, елдің намысын абыроймен қорғай алмадым деп ойлаймын", – дейді боксшы.

Ширек финалда басты қарсыласымен жолы түйіскен ол қателіктер болғанын мойындайды.

"Медаль үшін келген болатынмын. Алтын медаль үшін. Токиода қола алған соң, осы жаққа тыңғылықты дайындалдым. Қателіктер болды. Солармен жұмыс істейміз. Маған сенім артқан, мені қолдаған барша қазақстандыққа, үйіидегі анама, келіншегіме, отбасыма, ағаларыма алғыс айтамын. Өкінішті, бірақ алтынға жете алмадым. Төрешілер қолымды көтерген жоқ. Мен шаршы алаң ішіндегі жұмысқа жауап беремін. Төрешілер солай шешті, құтты болсын!", – дейді Бибосынов.

Еске сала кетейік, 51 келіде қолғап түйістіретін Сәкен Бибосынов Өзбекстан боксшысы, Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалған болатын. Нәтижесінде Қазақстан құрамасынан Олимпиаданың жартылай финалына тек Нұрбек Оралбай шықты.

Серіктес жаңалықтары