«Жошы хан»: Кесек туынды, кемел шығарма

Думан әңгімені шебер әрі шымыр жазады. Әсіресе, көргені мен түйгенін көркемдік тұрғыдан қорытуға аса ұста. Ал әңгіме – аса қиын жанр. Әңгіме жаза алған қаламгер әдебиеттің кез келген жанрын еркін игеріп, еркін билеп төстейді. Бұны айтып отырғаным, елге алғашында талантты прозашы ретінде танылған ол кейіннен өте күрделі жанр – драматургияға түрен салды.

«Жошы хан»:  Кесек туынды, кемел шығарма
953

Дарынды жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанын естіп, қуанып қалдым. Қаламгер бауырымды көптен білемін. Шығармашылығымен толық таныспын. «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге қызмет істедік. Алғашында ойлы журналист ретінде танылды. Содан кейін прозаға ден қойды. Тырнақалды «Көкжал» әңгімесімен-ақ елдің назарын өзіне аудара білді. «Көш», «Құса», «Жылап аққан тамшылар», «О дүниедегі кездесу», «Жан», «Ажал» сынды көркем шығармаларымен-ақ үлкен әдебиетте өз орнын ойып тұрып еншіледі. Енді қазақ әдебиетінен ол шығармаларды ешкім де ысырып тастай алмайды. Бұл шығармалар туралы кезінде өз сөзімді айтқанмын, бағамды бергенмін. Сөз жоқ, үздік шығармалар.

Думан әңгімені шебер әрі шымыр жазады. Әсіресе, көргені мен түйгенін көркемдік тұрғыдан қорытуға аса ұста. Ал әңгіме – аса қиын жанр. Әңгіме жаза алған қаламгер әдебиеттің кез келген жанрын еркін игеріп, еркін билеп төстейді. Бұны айтып отырғаным, елге алғашында талантты прозашы ретінде танылған ол кейіннен өте күрделі жанр – драматургияға түрен салды. Талантты адам қай кезде де, қай жерде де өзінің талантын танытады. Та­нытып қана қоймай, мойындатады. Думан да мойындатты. Қаламынан кесек драмалық туын­дылар туды. Олардың барлығы дерлік ел театр­ларында сахналанды. 
Думан драматургиядағы алғашқы «Кенесары – Күнімжан» тарихи драмасымен-ақ өзінің талантты драмашы екенін танытты. Жазыла сала сиясы да кеппестен Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ драма театрынан бастап ел театрларында кезегімен сахналанды. Аталмыш тарихи драма 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде (Қ.Қуанышбаев театры) «Ең үздік драма» атанды. Тіпті, 2012 жылы Түрік елінің астанасы Анкара мен Ыстамбұл қалаларында «Кенесары-Күнімжан» драмасы түрік тілінде қойылды. Алғашқы драма үшін бұл аз жетістік емес. 
Драматургиядағы алғашқы туынды осындай табысқа қалай жетті? Әрине, біріншіден, жақсы жазылған, кемел шығарма. Екіншіден, Кенесары ханды жаңа қырынан танытты. Үшіншіден, та­рихымыздағы бір талмауыт кезеңнің ащы шын­дығын шынайы ашып көрсетті. Төртіншіден, туған ел мен қасиетті жер, тәуелсіздік үшін қалай күресу керек екенін ұқтырды. Бесіншіден, өз кейіп­керлері арқылы ерлік пен ездіктің, адалдық пен сат­қындықтың, махаббат пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың аражігін ашып берді. Алтын­шыдан, басқыншының арам пиғылы мен жауыздық әрекетін, сол сұрқай кезеңнің кескін-келбетін, замана тынысы мен рухын анық сезесің. Жетіншіден, қазақ тарихымен бірге этнографиясын, салт-санасын, әдет-ғұрпын тамаша қалыптай алған. Сезізіншіден, жаңалығы бар жаңаша жазылған туынды. Мәселен, біз Кенесарының өзін білсек те, оның ғашығы, сүйікті жары болған Күнімжан ханым туралы жарытып ештеңе білмеуші едік. Тарихи драма арқылы Күнімжан ханымның қандай адам болғанын толық танып-білдік. Керемет кейіптелген. Наурызбай батыр мен Нысанбай жы­раудың да пенделік һәм батырлық қырлары жан-жақты ашылған. 
«Жошы хан» жинағындағы тағы бір кесек дүние – «Абылай ханның арманы» тарихи драмасы. Үш жүздің басын қосып, қазақты сол бір алмағайып кезеңнен аман-есен алып шыққан ұлы ханның өмірін арқау еткен. Шығармада Абылай ханның көркем бейнесі керемет кейіптелген. Ел бастайтын көсемдігі де, сөз бастайтын шешендігі де, қиыннан қиыстырып жол табар ақылмандығы да, қол бастайтын батырлығы да жан-жақты ашылған. Пьесаны оқып отырғанда, еріксіз сол заманға еніп ке­тесіз. Кейіпкерлермен қатар өмір сүріп жатқандай күй кешесіз. Бір қуанасыз, бір күйінесіз. Сол бір қиын-қыстау кезеңнің бүкіл ауыртпалығын жан-тәніңізбен сезінесіз. Әр кейіпкердің аузына өзіне лайық сөз салу да асқан білімдарлық пен шеберлікті талап етеді. Драматург бұл жағын да жете меңгерген. Оқиғаның өрбуінде де еш қапы жоқ. Бәрі ойлас­тырылған. Шынайы. Сендіреді. Жасандылық пен жалғандықтан ада. Оқып отырғанның өзінде сезімге қатты әсер етеді, түрлі ойларға жетелейді. Ең бастысы, бүгінгі күнмен астасып жатыр. 
Шығарманы оқып отырғанда, сол бір Абылай ханның заманындағы оқиғалар бүгін болып жатқандай әсерге бөлейді. Сол кездегі тарихи жағдайлар бүгінгі күні де қайталанып жатқандай көрінеді. Әлі де сол келеңсіздіктер кесекөлденеңдеп алдыңнан шығады. «Ел болып қаламыз ба, жоқ па?» деген күрмеулі сауалдың түйіні де толық шешілген жоқ. 
Абылайдай сұңғыла көсемнің арқасында қазақ құрып кетпей, бүгінгі күнге жетті. Ал елінің емес, өзінің қарақан басын күйттеп, билік үшін жанын салған Әмірсана секілді ұрда-жық билеушілердің кесірінен алып мемлекет – Жоңғар елінің шаңырағы шайқалып, жер бетінен біржола жойылып кетті. Міне, біз сабақ алатын тарихтың ащы шындығы осындай! Драматург «Абылай ханның арманында» осындай тарихи оқиғаларды әдемі әдіптеп, келістіре суреттеген. Өткеніміз бен бүгінгімізге ғана емес, болашағымызға қатысты ауқымды мәселелерді айшықтап, күрделі жайттарды қозғаған. Шығар­маның маңыздылығы да осында. Бұл – ойлы қалам­гердің ескертуі. Түсіне алсақ, болашағымыз жарқын болмақ. Ал түсіне алмасақ, өз обалымыз өзімізге. 
«Керей – Жәнібек» тарихи драмасының да өз айтары бар. Бұнда Керей мен Жәнібек сұлтандардың өздеріне қарасты қазақ ру-тайпаларын бастап, Әбілқайыр хандығынан бөлініп кетуі баяндалады. Оған ықпал-әсер еткен тарихи жағдаяттар мен оқиғалар шынайылықпен суреттеледі. Оқып отырғанда, оған көзіңіз анық жетеді. Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібек сұлтанға қырын қарауы, оларды өлтірмекші болуы, қазақ ру-тайпаларына қысастық жасауы, салықты молынан салуы ірге ажыратуға алып келеді. Оның үстіне ханның бас батыры Қобыландының арғын тайпасының көсемі Ақжол биді өлтіруі қосымша себеп болады. Текетірес шегіне жетеді. Соңынан Қобыланды батыр қателігін түсініп, өзімен бірге бөлініп қалған қыпшақ руын бастап, Керей мен Жәнібекке қосылады. Керей мен Жәнібек сұлтандар өз дегендеріне жетіп, Жетісуға табан тіреп, елдіктің туын тігеді, жеке мемлекет – Қазақ хандығының іргетасын қалайды. Тарихи драма Керейдің хан сайлануымен аяқталады. Драмада міне осындай тарихи оқиғалар кезегімен баяндалады. Оқиға желісі табиғи өрбіп, тартысты дамып, шиыршық атып ширыға береді. Бәрі де сенімді-нанымды. Қазақ хандығының қалай құрылғанын білесіз, көп нәрсені түсінесіз, түйсінесіз. Бұл – Керей мен Жәнібек сұлтандар ғана емес, елдің, ұлттың, халқымыздың тарихынан сыр шертер кемел туынды, кесек шығарма. Драмада үйсін руының көсемі, биі, жырауы Асан Қайғы абыздың, қыпшақ руының көсемі Қазтуған жыраудың, арғын руының көсемі Қотан тайшының, оның ұлы Ақжол бидің, найманның Қаптағай батырының, керейдің Қарақожа батырының, жалайырдың Бөрібай батырының, қыпшақтың Қобыланды батырының көркем бейнелері керемет кейіптелген. Көз алдыңнан тарихи оқиғалар тізбегі ғана емес, тарихи тұлғалар да кезегімен тізбектеліп өтіп жатады. Солармен бірге қуанып, бірге мұңайып, бірге қайғырасың! Даңқты ата-бабаларымыз тарих төрінен тіл қатып, саңқылдап сөйлеп тұрғандай әсерге бөленесіз. Әсіресе, Асан Қайғы атамыздың желмаясына мініп алып, тұрақтайтын жерұйық іздеп, жер шолуы қандай ғажап?! Бұл – шығарма сол даңқты ата-бабаларымызға орнатылған өлмес-өшпес ескерткіш. Сонысымен құнды, мәнді, маңызды. 
 «Керей – Жәнібек» тарихи драмасы 2015 жылы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қойылып, іле-шала өткен Республикалық театр фестивалінде «Ең үздік спектакль» атанып, бас жүлдені иеленді. Ендеше, бұны да үздік туынды деп айтуымызға әбден болады. 
Жинақтағы ең үздік шығарма – дарынды драматургтың тәжірибесі толысып, кемеліне келген кезде жазған «Жошы хан» тарихи драмасы. Бұл шығарма былтырғы жылы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ академиялық музы­калық драма театрында сахналанып, тұсау­кесеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, өте жоғары баға берді. Қойылымның ұнағанын, тақырыбының өте маңызды, өзекті екенін, тілі, мәтіні өте жақсы жазыл­ғанын атап айтты. Осының нәтижесінде Қ. Қуанышбаев театрына Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық мәртебе берілді. Бұл ел көлемінде, руханият әлемінде айтақаларлықтай оқиға болғаны рас. 
Аталған өнер туындысы қоғамда ерекше резонанс тудыра алды. Жалпы, жұртшылық жылы қабылдады, көрермендердің көңілінен шықты, әдебиет һәм театр сыншыларынан жоғары баға алды. Тұсаукесері өткеніне бір жыл өтсе де, әлі күнге дейін ыстық-суығы басылар емес, тарихи драма туралы әңгіме толастаған жоқ. Осының өзінен-ақ «Жошы хан» тарихи драмасының құндылығын анық аңғаруға болатын шығар!
«Жошы хан» драмалар жинағын мұқият оқып шықтым. Думанның драматург ретінде қатты өскенін байқадым. Оқи бастағаннан-ақ оқиғаға сен де кірігіп кетесің, кейіпкерлер кезегімен тіріліп, тіл қата бастайды. Әр кейіпкердің болмыс-бітімі мен мінез-құлқын керемет кейіптейді, ауыздарына өздеріне тән сөз салады. Іс-әрекеттерінде босаңдық, сөздерінде шұбалаңқылық жоқ. Жып-жинақы, нып-нық. Кейіпкердің әр сөзінде қорғасындай салмақ жатады. Жүрегіңе жетеді, тұла-бойыңды шымыр­латып жібереді. Санаңды сілкілейді, ойыңа ой қосады.
Думан көркем бейне жасауға өте шебер. Бұл қасиет оның алғашқы әңгімелерінен-ақ байқалған. Шығармаларындағы әр кейіпкер өздерінің болмыс-бітімдері, мінез-құлықтары, іс-әрекеттері арқылы ойыңда мәңгі жатталып қалады. Мәселен, осы «Жошы хан» тарихи драмасындағы кейіпкерлерді алайықшы. Шыңғыс хан қаталдығымен, Құлан қатын айлакерлігімен, Жошы қайырымдылығымен, Бектомыш ақылдылығымен, Шағатай қызған­шақтығымен, Үгедей салқынқандылығымен, Төле мейірімділігімен, меркіттің соңғы ханзадасы Қолтуған қайтпас қайсарлығымен, Майқы би мен Кетбұға абыз данагөйлігімен есіңде қалады. Тіпті, бала Бату мен Жалаладдиннің он үш жасар ұлының образы да керемет ашылған. Әр кейіпкердің сөз саптасы мен сөйлеу мәнеріне дейін тамаша берілген. Драматургтың шеберлігі артқан, көркем шығар­маның құпия-сырын жетік меңгерген.
Драматургиялық шығармаға қажетті ком­паненттің бәрі бар. Бастан-аяқ тартысқа құрылған. Шыңғыс ханның, Жошының, Шағатайдың, Үгедейдің, Төленің, Құлан қатынның араларындағы тартыс керемет құрастырылған. Сондықтан да болар, шығарма қызықты, жалықтырмайды. Қайта ынтықтырып, желпіндіріп отырады. Драманы оқи бастағаннан-ақ әр кейіпкер өзінше даралана бастайды. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, өз ойы, арман-мақсаттары бар әртүрлі кейіптегі кейіпкерлер. Әркімнің өз мүддесі бар. Шыңғыс хан қағанатын күшейтіп, әлемді бағындырсам дейді. Төрт ұлының әрқайсынының да тақтан үміті бар, сол жолда ештеңеден тайынар емес. Құлан қатын жалғыз ұлы Құлқанды таққа отырғызсам деп армандайды. Шыңғыс хан мен Бөрте ханымнан туған төрт ұлының арасына от жағып, бір-бірімен айтыстырып-тартыстырып, қырқыстырып қойып, өз есебін түгендеп, дегеніне жеткісі келеді. Ал Жошы ұлдың үлкені бола тұра ұлы қағанның тақ мұрагерлігінен қағылған соң, әкесі құрған қағанатқа пара-пар дербес мемлекет құруды армандайды, жоспарлайды. Сол үшін Шыңғыс хан оны жазалайтыны драмада ашық айтылмайды, бірақ тұла бойынан анық сезіліп тұрады. 
Думанның тағы бір ерекшелігі, шығармаларын ойға құрады. Ойлы қаламгер. «Жошы хандағы» әр іс-әрекет пен сөзге мән беріп, маңыз артқан, жұлын-жүйесіне философиялық сарындар өзек болған. Өткен тарихты құрғақ баяндамайды, бүгінгімен қабыстыра, байланыстыра, астастыра суреттейді. Содан тәлім алуға шақырады. Болашақты бағдарлап, ертеңге ескерту жасайды. Шығармашылықтың мән-маңызы да осында. 
«Жошы хан» тарихи драмасындағы оқиға­лар­ды сараласақ, дәл қазір де тап сондай тарихи жағ­даяттарды бастан кешіріп жатқанымыз ойға ора­лады. Сипаты әртүрлі болуы мүмкін, бірақ өзегі бір. Мемлекттілікті нығайту, елдікті күшейту, тәуел­сіздікті баянды ету жолындағы іргелі істердің қолға алынуы, кезек күттірмейтін міндет. Сол бір ала­сапыран замандардағы «Боламыз ба, бордай то­замыз ба?» деген түйткілді сауал көңілімізде түйін болып әлі тұр. Жошы ханның арқасында қазақ ұлт болып ұйысты, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалап, елдігін нығайтты. Соның арқа­сында Қазақ елі бүгінгі күнге жетіп отыр. Ал енді болашағымыз қандай болмақ? Ол да өзімізге байланысты. Қалам­герді ғана емес, баршамызды ойлантатын һәм алаңдататын сауал да осы. «Жошы хандағы» ай­тылар ойлар да осыған саяды. Дра­матург кеше­гіні сипаттай отырып, бүгінгі күннің жай-жапсарын қозғаған. 
Думан шығармашылық тұрғыдан қатты өсті. Рухани толысты, кемеліне келді. Жаңа шығарма жазған сайын кемелденгені білініп отырды. Оны біз де байқап жүрдік. Бұл – ізденгендіктің, қазын­ғандықтың, тәжірибесінің артқандығының белгісі. Драматургиялық шығармалары жанр шарттарына толық жауап береді. Жинақылық, нақтылық, бір ауыз сөзге бүкіл дәуірдің кескін-келбетін сыйды­ратын, тыныс-тіршілігін сездіретін құдірет бар. Кейіпкер характерлерін керемет ашады. Көркемдік һәм тарихилық тұрғысынан төрт аяғын тең басып тұрған туындылардағы характерлер қақтығысы, сюжеттік желі, композиция құрудағы шеберлік драматургтың жанр табиғатын өте жақсы білетінін, жетік меңгергенін анық көрсетеді. Тұжырып айтар болсақ, дарынды жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығар­малар жинағы Абай атындағы Мемлекеттік сый­лыққа әбден лайық.

Әмірхан МЕҢДЕКЕ, 
әдебиет сыншысы, 
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары