Думан Сайфулла: Уағыз-насихат көркем әрі жүйелі болуы керек
ҚМДБ «Уағыз-насихат» бөлімі меңгерушісінің орынбасары
Бүгінде қолымыздағы смартфон өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Құрылғы құрғырдың бетіне телміріп отырғанда уақыттың, өмірдің зая кетіп жатқанын ескермейміз. Оның үстіне ақпарат тасқынында жазу еркіндігін пайдаланып, әлеуметтік желіде өзгелерді сынап-мінеп, ғайбаттап жататындар да аз емес. Мұндай істе ар-намысы қорланғандар сотқа жүгініп, зардабын екі жақ та тартып жатады. Осы орайда әлеуметтік желі әдебі, сөз жауапкершілігі туралы ҚМДБ-ның «Уағыз-насихат» бөлімі меңгерушісінің орынбасары Думан Сайфуллаға хабарласып, сұрақтарымызға жауап алған едік.
– Биыл жыл басында Астанада өткен І республикалық уағызшылар форумында «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасы қабылданды. Енді имамдар халық арасында уағыз айтып, жамағатқа адал мен арамды түсіндірген кезде осы тұғырнамадағы ережелерді ескеруі керек болады деп хабарланды. Осы орайда қандай жаңа ережелер қабылданғанын айтып берсеңіз.
– Ассалаумағалейкүм! Асыл дініміз исламда уағыз-насихаттың мән-маңызы өте үлкен. Дініміз бен дәстүрімізді қатар алып жүрген ата-бабамыздың мақал-мәтелдерінде, би-шешен, жырауларымыздың сөздерінде де қасиетті Құранның аяттарын, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін қазақтың дүниетанымына сай, насихат етіп айтқан тұстарды көптеп кездестіріп жатамыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе», – деп айтқан болатын.
Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында бағдарлық баяндамасын жолдап: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер. Осындай мәселелер мен бастамаларды ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін», –деген болатын.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Дін дегеніміз – насихат» деп айтқан. Насихат дегенді дін туралы хабары бар адам білгенінің барлығын өзгеге айта беру деп түсіну қате. Насихаттың өзінің орны, жүйесі бар. Ислам тарихына назар аударатын болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) қасиетті Құран жиырма үш жылда, белгілі бір жүйемен, кезең-кезеңмен түсірілді. Осыған қатысты Алла Елшісінің (с.а.у.) насихаты да өзіндік кезеңнен, әдістерден, жүйеден тұрды. Мысалы, Мекке кезеңінде Аллаға сенім, иман мәселесі көбірек айтылса, Мединелік кезеңде шариғи үкімдер баяндалды. Насихат айтуда сұраған адамдарға сол адамның қажетіне байланысты түрлі насихат айтты. Бірде өткен қауымдарда болған қиссаларды баяндаса, кей кезде адамның ойлануы үшін мысалдар келтірді, сұрақ-жауап форматында үйреткені турасында хадистер келген. Тақырыптың алуандығына байланысты бірде қатты, кейде жұмсақ, тіпті қалжыңдап айтқан тұстары да болды. Мұның барлығы ислам насихаты белгілі бір жүйеден тұратынын көрсетеді.
Қазір де дін қызметкерлерінің уағыз-насихаты көркем әрі жүйелі болуды қажет етеді. Сонда ғана ол уағыз-насихатты тыңдаушы ғибраттанып, өзін рухани кемелдендіріп, имани білім деңгейін көтере алады. Ал жүйесіз айтылған уағыз-насихатта нәтиже болмайды. Биыл Астанада өткен І республикалық уағызшылар форумында «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасы құжатын қабылдаудағы басты мақсат – ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының бірізділігін қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар уағыз-насихат айтушы дін қызметкерлеріне дініміздің құндылықтарын дұрыс бағытта дәріптеу үшін бағыт-бағдар беру, дін қызметерлеріне уағыз-насихат айтудың өзіндік әдіснамасына мән берудің маңызын көрсету әрі діни уағыз-насихаттың моделін қалыптастыру еді.
Аталмыш тұғырнамада Қазақстан мұсылмандары діни басқамасында қызмет ететін дін қызметкерінің уағыз-насихат жұмыстарына қатысты білуге тиісті мәселелері, әдебі мен мәдениеті көрсетілді. Сонымен қатар уағыз-насихаттың құрылымы, уағыз-насихат айтушының бойында табылуы тиіс сипаттар, уағыз-насихаттың қағидалары сияқты тақырыптар қамтылған.
– Жалпы, уағыз-насихаттың қандай түрлері бар?
– Дінімізде уағыз-насихаттың негізгі екі түрі бар. Біріншісі сөзбен болатын уағыз-насихат, ал екіншісі адамның ісі арқылы болатын уағыз-насихат. Яғни, мұсылман адам жүріс-тұрысы арқылы, әдебі, көркем мінезділігі, адалдығы, әділдігі арқылы өзгелерге үлгі болуы қажет. Мұның өзі дін тұрғысынан насихат деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) қандай да бір іске бұйырса не қандай да бір істен тыйса, ең әуелі өзі сол іске амал ету арқылы өзгелерге үлгі болатын. Осы себепті ісіміз арқылы болатын уағыз-насихат сөзіміз арқылы атқарылатын насихаттан да маңызды.
Ал енді қазіргі таңдағы ҚМДБ-ға қарасты дін қызметкерлерінің атқаратын уағыз-насихатына келсек, оның бірнеше бағыты бар. Аталмыш құжатта сол уағыз-насихат бағыттарына тоқталып, ол уағыз-насихат қалай атқарылуы керек екеніне дейін айтылған.
Атап өтер болсақ, ең әуелі – мешітте айтылатын уағыз-насихат. Оның ішінде аптасына бір мәрте айтылатын жұма уағызы бар. Одан кейін күнделікті бесін және ақшам уағыздары айтылады. Бұл аталған уағыздардың мәтіні ҚМДБ тарапынан әзірленіп, еліміздегі барлық мешіттердегі дін қызметкерлеріне жіберіледі. Жұма намазының уағызына қасиетті Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерімен қатар міндетті түрде ата-бабаларымыздың даналық сөздері, қазақтың мақал-мәтелдері, ақын-жырауларымыздың өлеңдері де қамтылады. Дін қызметкерлері жіберілген мәтінді көмекші құрал ретінде пайдаланып, қосымша өздері де дайындалып халыққа жеткізеді.
Сол сияқты мешітте жамағатпен арнайы жүздесулерде айтылатын уағыз-насихат бар. Бұл уағыз-насихат түрі мешітте өтетін арнайы шарада, белгіленген дәрістерде айтылады.
Қазіргі таңдағы маңызды уағыз-насихат жұмыстарының бірі – әлеуметтік желіде айтылатын уағыз-насихат. Әлеуметтік желідегі уағыз-насихатқа РАНТ, ЖАНТ мүшелері және өзге де өкілдік тарапынан бекітілген білікті дін мамандары уағыз-насихат жұмысын жүргізеді.
Неке қию сияқты қуанышты жағдаяттарда да имамдарымыз уағыз-насихат айтып жатады. Неке қию рәсімінде, үйлену тойда, өзге де қуанышты жағдайда айтылатын насихаттың мазмұны соған сай, яғни адамдарды сүйіншілейтін, қуанышын арттырып, жақсы әсер қалдыратын деңгейде болуы керек. Мысалы, «Үйленудің артықшылығы», «Отбасылық міндеттер», «Отбасы бақытының сыры» және т.б. осыған ұқсас тақырыптарда уағыз айту.
Сол сияқты жаназа рәсімінде де дін қызметкері уағыз-насихат айтады. Жаназа рәсімінде уағыз-насихат айтушы қара жамылған отбасын сабырлыққа шақыратын, қайғыларының сейілуіне себепші болатын уағыздар айтады. Өмірдің өткінші екенін, дүниеден өтумен адам ғұмыры аяқталмайтынын байыппен жеткізу. Қайтқан кісіге Алланың мейірімі мен кешірімін тілеп, артында қалған туыстарына жиі дұға ету керек екенін даналықпен насихаттау. Сондай-ақ жаназа намазынан бұрын насихат айтқанда уақытпен санасу.
Құдайы ас-садақаларда да имамдарымыз уағыз-насихат айтады. Жалпы, құдайы ас-садақалардың бірнеше түрі бар. Мысалы, марқұмның дүниеден өткеніне жеті күндік, қырық күндік, жетпіс күн, жүз күндік немесе жылдық ас беру. Мұндай ас-садақаларда уағызшы дін қызметкерінің әдебіне сай киім үлгісінде болып, насихатты сол ортадағы адамдардың жағдайына байланысты айтады. Дүниеден өткен марқұм үлкен кісі болса «Ата-ананың қадірі», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Салиқалы ұрпақтың дұғасы» сынды тақырыптарды таңдайды. Егер марқұм орта жастағы немесе жас адам болса «Дүние тіршілігінің баянсыздығы», «Сабыр сақтаудың маңызы», «Марқұмға пайдасы тиетін амалдар» сияқты тақырыптар таңдаған жөн.
Сол сияқты үйлі-баспаланы болғанда, өзге де жақсылық нығметке шүкірлік ретінде немесе жаңбыр тілеп тасаттық бергенде т.б. жағдайлардағы құдайы ас-садақаларда астың себебіне байланысты уағыз-насихат айтылады.
– Ал әлеуметтік желілерде уағыз-насихат айтқанда имамдар қандай мәселеге назар аударуы керек және ислам этикасының қандай негізгі қағидаларын сақтауы керек?
– Жоғарыда айтып өткеніміздей әлеуметтік желідегі уағыз-насихатқа РАНТ, ЖАНТ мүшелері және өзге де арнайы бекітілген білікті дін мамандары уағыз-насихат жұмысын жүргізеді. Әлеуметтік желідегі уағыз-насихат барысында келесідей мәселелер ескерілуі тиіс:
- Уағыз айтушы дін қызметкерінің киім үлгісіне мән беруі;
- Тақырыпқа алдын-ала жан-жақты дайындалу;
- Білмейтін күрделі діни сұрақтарға жауап бермеу;
- Өзінің жеке пікіріне сүйеніп, пәтуа айтпау;
- Әлеуметтік желі қолданушыларымен қарама-қайшы пікір таласқа, ұрыс-керіске бармау;
- ҚМДБ тарапынан бекітілген пәтуаларға жүгіну.
– Әлеуметтік желіде айтқан сөзі үшін әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан азаматтарымыз да бар. Осы ретте мұсылман қауымы әлеуметтік желіде жағымсыз немесе арандатушылық пікірлерге қалай жауап беруі керек?
– Әлеуметтік желіде түрлі жағымсыз пікірлер көп айтылып, жазылып та жатады. Көп адам өзіне ұнамайтын, өзі келіспейтін пікірді көргенде оған қарсы пікір жазып, дауласып, белгілі бір әдеп сақтамағандықтан оның арты үлкен дауға ұласып кетеді. Негізі, мұндай мәселелерге білімді де білікті арнайы мамандардың жауап бергені дұрыс. Сонда әрбір сұрақ өзіндік шешімін табады. Ал қарапайым адам өзіне ұнамаса да, терең білмейтін мәселеге кірмегені жөн. Кейде жанашырлық болғанымен, білімнің болмауына байланысты бір істі дұрыс жасаймын деп керісінше бүлдіріп алып жататын кездер де орын алып жатады. Сондықтан жауап беруді білім иелеріне қалдырып, ал қарапайым мұсылман адамның теріс істі жүрегімен ұнатпауы шариғи тұрғыда жеткілікті деп танылады. Алла Елшісі (с.а.у.) хадис-шәріпте: «Егер сендердің біреуің теріс істі көрер болса, оны қолымен өзгертсін. Кімде-кім олай істей алмаса, тілімен өзгертсін. Ал кімнің оған да шамасы келмесе жүрегімен ол істі ұнатпасын», – деген.
– Әлеуметтік желіні ислам құндылықтарын тарату үшін қалай тиімді қолдануға болады?
– Ең әуелі адамның бойында үміт оятып, жүрегіне қуаныш сыйлайтын, сүйіншілейтін, рухани жігер беретін насихаттарды көбірек айтқан дұрыс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиындатпаңдар жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар сүйіншілеңдер», – деп насихат айтқан.
Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахыл» сүресі, 125-аятында: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде пікір алмас», – деп айтқан.
Бұл аятқа мән берсек, Алла Тағала біліммен шақыр деп емес, даналықпен шақыруды бұйырған. Шариғатта даналық деп әрбір істі өз орнына қоюды айтады. Яғни, әрбір адамға, әрбір ортаға қажетті насихат болады. Діни білімі таяз адам мен діни мағлұматы терең адамға бірдей насихат айтылмайды. Сол сияқты жас адамға өзінің тілінде, үлкен адамға мүлде басқаша түрде жеткізу керек жайттар болады. Уағыз-насихатты кімге, қалай, қандай мөлшерде, қалай дұрыс айтуды білетін адамды дана деп атайды. Білімді ақпарат дейтін болсақ, сол ақпаратты адамға дұрыс жеткізе білу даналықты қажет етеді. Аятта біліммен емес, даналықпен шақыруды бұйырылуының сыры да осында. Сондықтан да ислам құндылықтарын дұрыс жеткізу үшін дін қызметкерлеріне осындай үлкен даналық қажет.
– Ислам тұрғысынан әлеуметтік желіде белгілі бір мазмұнды жариялауға тыйым бар ма?
– Уағыз-насихатта «тәдәррудж» деген түсінік бар. Бұл дінді сатылап, адамның білімін, деңгейін, дәрежесін ескере отырып жеткізу дегенді білдіреді. Мысалы, арақ ішуге тыйым салу мәселесі алғашқы «Оқы» делінген аят түсе сала айтылмаған. Өйткені ол кезде араб халқы арақты өте көп ішетін болған. Ең әуелі арақтың пайдасынан зияны көп екені айтылды. Кейіннен намаз оқыған кезде арақ ішуге тыйым салынды. Ал үшінші әрі ең соңғы үкімде арақтың лас әрі оған иман еткен жандар жоламауы қажет екені баяндалып, арақ ішудің харам екені айтылды. Осылай сатылап жеткізілгеннен кейін адамдардың да қабылдауы өте оңай болды. Қазақта мұны: «Мұсылман болу әсте-әсте» дейді. Осы айтылатын тақырыпты қоғам көтере ала ма, жоқ па, міне осы мәселені де айтушы адам ескеруі қажет.
Әлеуметтік желі ашық алаң болғаннан кейін кез келген адам өз ойын, пікірін жариялап жатады. Әйтсе де, мұсылман адам өзіне де, өзгеге де пайдалы ақпаратты бөлісіп, зиян алып келетін, адамдар арасында келіспеушілік тудыратын мәселелерден алшақтаған дұрыс. Мысалы, тек ғалымдар арасында талқылануы керек болған, бір тақырып аясында бірнеше пікір қамтылған тақырыптарды көпшілік арасында бөлісу – көп жағдайда түсінбеушілікке әкеліп жатады. Әлеуметтік желіге қандай да бір ақпаратты жүктер алдында осы жайтты ескеру қажет.
Сол сияқты азғындықтың белең алуына алып келетін интимдік мәселелерді бөлісу дұрыс іс емес. Қазір адамның жеке өзіне айтылуы керек осындай мәселені көпке айтып, тіпті оны дінмен байланыстырып жататындар бар. Бұл да әрине дұрыс іс емес.
Сол сияқты мешіт жамағатына ғана арналып айтылған кейбір уағыз-насихаттар келген жамағаттар тарапынан телефон арқылы түсіріліп алынып, әлеуметтік желіге салып, ол көпшілікке тарап, басы не ортасы жоқ видеоны түсінбей қалып жатқан жайттар болады. Негізі, уағыз-насихат қандай тақырыпта, не турасында айтылып, қалай аяқталғанын білмей жатып, ой қорытуға болмайды. Мәселенің ақ-қарасын нақты анықтап, мүмкіндік болса уағыздың үзілмей, аяғына дейін айтылған нұсқасын тауып барып, ой қорыту қажет.
Бұдан өзге дінімізде жеке адамның және қоғамның пайдасы үшін өзгені ғайбаттамау, өсек айтпау, өзгенің сырын ашпау, мақтанбау, денсаулыққа зиян келтіретін заттар пайдаланбау деген сияқты тыйымдар бар. Бұл тыйымдарды мұсылман адам өмірде де, әлеуметтік желіде де сақтай білуі қажет.
– Бүгінгі қоғам әлеуметтік желіге тәуелді. Осы ретте онлайн және офлайн өмірдің тепе-теңдігін қалай сақтауға болады?
– Әлеуметтік желіге тәуелділік – қазір ең өзекті мәселенің бірі. Жастардың да, үлкен кісілердің де үйде, қоғамдық орындарда телефонға үңіліп отырғанын жиі көзіміз шалады. Дін қызметкері болғаннан кейін: «Әлеуметтік желіге тәуелдіктен қалай ажырауға болады?» деп бізден де көп адам сұрап жатады. Мен бұған қатысты мынадай төрт мәселені айтқым келеді:
Біріншіден, шынайы ниет. Әуелі адам баласы қолымдағы телефонды қажетімізге ғана пайдаланып, шамадан тыс қолдануды қоямын деп шынайы ниет ету керек. Хадисте: «Амалдар ниеттерге байланысты әрі әрбір адамға ниет еткені беріледі», – деп айтылған.
Екіншіден, телефонды басқа нәрсеге алмастыру қажет. Бір жерге жайғасып, отыра қалғанымызда маңызды хат-хабар өтіп кетпеді ме екен деп телефонға үңілеміз. Одан соң әлеуметтік желінің қызығына кіріп кетіп, шыға алмай қаламыз. Сондықтан бір жерде отырғанда телефонға емес, қолымызға кітап алып жүріп, кітапқа үңілуді әдетке айналдырған жөн. Дастарқан басында телефонға қарағымыз келгенде жақындарымызбен сөйлесу керек. Осылайша, телефонды өзге істермен алмастыруды әдетке айналдырған жөн.
Үшіншіден, телефонымыздан уақытымызды бос кетіретін бағдарламаларды, тек қызық үшін қарайтын әлеуметтік желілерді өшіру. Смартфонымызда әлеуметтік желінің бір емес, бірнешеуі бар. Олардың қажеттісін алып қалып, қажетсіз, уақытымызды зая кетіріп жатқандарын өшіріп тастаған дұрыс.
Төртіншіден, отбасыңызбен тамақтанғанда, кітап оқығанда немесе басқа да маңызды шаруалармен айналысқанда, телефонды алыс жерге қоюды әдетке айналдыру керек.
Бұл айтылғандарды бірден орындап кету адамға қиындық туғызатыны анық. Қиын болса да, нәпсімізбен күресу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың», – деп айтқан сөзінде осындай үлкен мән-мағына бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ