Астанада танымал әзілкеш 10 тәулікке қамалды

А.Меркуль Instagram әлеуметтік желісінде және YouTube арнасында қоғамдық орында сөйлеген сөзінің бейнежазбасын жариялап, сол арқылы айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Астанада танымал әзілкеш 10 тәулікке қамалды
harpersbazaar.kz
629

Танымал стендапер Александр Меркуль 10 тәулікке қамалды, деп хабарлады Астана соттарының баспасөз қызметі.

Аталған ақпарат астаналық стендапер Әділ Айшуақов пен Sun Project стендап-клубының Instagram желісіндегі парақшасында жарияланды.

«Достар, көпшілікке танымал әзілкеш, стендапер және біздің Sun Project жобамыздың негізін қалаушылардың бірі Александр Меркуль уақытша ұстау изоляторына 10 тәулікке қамалды. Тиісінше ол байланысқа шықпайды. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін күтеміз. Бекем бол», - деп жазды Айшуақов Instagram парақшасында.

Стендаперге қатысты мәліметті Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты растады.

«Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін А. Меркульге қатысты істі қарады (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі). Істің мән-жайларынан А.Меркуль Instagram әлеуметтік желісінде және YouTube арнасында қоғамдық орында сөйлеген сөзінің бейнежазбасын жариялап, сол арқылы айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сотта құқық бұзушы кінәсін мойындап, айыппұл қолдану туралы өтініш білдірді. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайы құқық бұзушының айғақтары, бейнежазба, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және істің басқа да материалдары арқылы расталды.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Сот жазалау шарасын құқық бұзушылық жасалғанға дейін және одан кейінгі әрекеттің, мінез-құлықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады.

Осылайша, сот қаулысымен құқық бұзушы А.Меркуль ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды», - деп жазылған сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары