Темір тордың тасасында ақша тапқандар

Темір тордың тасасында ақша тапқандар

Темір тордың тасасында  ақша тапқандар
ашық дереккөзі
  Жуырда Қарағанды облыстық соты колонияда казино ашқан сотталушының ісін қарады. Темір тордың ар жағында 8 ай жұмыс істеген ойынханада жазасын өтеушілер карта, нард және өзге де құмар ойындарды ойнаған. Олардың арасында қолма-қол айналым болмаған. Ұтылғандардың туыстары мен достары жеңімпаздардың картасына ақша аударып отырған көрінеді. Түзеу мекемесінде ойын бизнесін дөңгелеткен сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айрылып, жаза үстіне жаза арқалады.  Салғырттығы үшін колония басшылығы да жауапкершілікке тартылды. Заң қаталданып, Қапшағай мен Шортанды жағалауынан басқа аймақтарда құмар ойын ошақтарын ашуға тыйым салынғанына 10 жылдың жүзі болса да, жасырын ойынханалар қатары азаяр емес.  Бүгінгі қоғамның айықпас дерттерінің бірі – ойынқұмарлық. Казино мен ойын автоматтарына жіпсіз байланғандар бар уақыты мен тапқан-таянғанын оспадар ойынның жолында сарп етуге дайын. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде әрбір бесінші адам құмар ойынға айына 2000 теңгесін тігуге әзір. Алғаш рет Еуропадан бастау алған бұл ойынды әлемде миллиондаған адам ойнайды. Қазақтың қанына да дендеп енген ойынқұмарлық сан мыңдаған жанұяны зар илетіп отыр. Бірінің баласы, енді бірінің жан жары осы кеселдің жетегінде жүр. Айрандай ұйып отырған талай отбасының шаңырағын шайқалтып, некесін бұзған да – құмар ойындар. Ойынқұмарлыққа салынғандардың бірі жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған ақшасынан, кейбіреу астындағы темір тұлпарынан, енді бірі баспанасынан айырылып, жұпыны күн кешуде. Қанша рет айтылып, жазылса да, күні бүгінге дейін шешімін таппаған ойынхана мәселесі – талайдың бас ауруы. Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2007 жылдың сәуір айында күшіне енген Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңы бұл мәселеге нүкте қоятындай көрінген еді. Құжат жүзінде шешімін тапса да, іс жүзінде «баяғы жартас сол жартас». Аталмыш заң жобасы қабылданғанда Алматы облысына қарасты Қапшағай су қоймасының және Ақмола облысындағы Шортанды көлінің жағалауынан басқа жерлерде казино мен ойын автоматтарының жұмысы тоқтатылған-ды. Сонымен қатар, заңда ойын мекемелерін тұрғын үй қорына жататын ғимараттарға орналастыруға тыйым салынды. Десе де, «қой терісін жамылған бөрілер» ебін тауып, көлеңкелі бизнестерін дөңгелетіп отыр. Құзырлы органдар ойын бизнесі туралы заңды белшесінен басқандардың әрекетін әшкерелегенін жиі естиміз. Мәселен, жуырда Астана қаласында 3 жыл бойы интернет-кафенің атын жамылып, ақшаға құмар ойындарды (электрондық казино) ұйымдастырып келген қылмыстық топтың жолы кесілді. Қылмыстық топтың басшысы Лабунец мүлкі тәркілене отырып, 7 жылға бас бостандығынан айрылса, топтың қалған төрт мүшесі мүліктері тәркіленіп, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Өткен жылдың соңында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ аумағында тағы бір жасырын казиноның жұмысы әшкереленді. Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы облыстық МКД экономикалық тергеулер қызметі ойын бизнесiн ұйымдастырушыларды ұстады. Жасырын казиноны тінту барысында 50 000 юань, 4 покер столы, 5 000 аса ойын картасы, әр номиналдағы 1000 дана фишка табылған. Ойын залындағы 18 ойыншының ҚХР азаматы екені анықталды. Оларға 20 адам қызмет көрсеткен. Алматы қаласында да жасырын құмар ойын ордалары жиі әшкере болып жатады. Мәселен, 2016 жылдың ақпан айында көлеңкелі жұмыс істеп келген 2 нысан анықталды. Бірі «Ақсай-2» ықшам ауданында, ал екіншісі Қ.Сәтпаев көшесінің бойында жұмыс істеп келген. Компьютер клубы атын бүркенген «Ақсай-2» ықшам ауданындағы ойынханадан тәртіп сақшылары 18 компьютер мен 323 мың теңге тәркілеген. Ойынхана иесі – 36 жастағы келіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал екінші құмар ойын ордасы бильярд клубының бірінде жұмысын дөңгелеткен. Астыртын жұмыс істеп келген орыннан тәртіп сақшылары «покер» ойынына арналған үстел, фишка, ойын карталары мен құмар ойындарының тұрақты келушілерін тіркейтін журнал тәркіледі. Құмар ойынның көрігін қыздырғандардан айла артылмайтынына көзімізді жеткізген тағы бір нысан – дәрінің емес, оспадар ойынның ордасы болып шыққан Қарағандыдағы дәріхана. Қылмыскерлер қала орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде орналасқан дәріханада көлеңкелі кәсіптерін дөңгелетіп келген. Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқарма мамандары казино операторын ақша алып жатқан жерінде қолға түсіреді. Кейін барлық қызметкерін құрықтаған. Тінту барысында есепшінің кіріс-шығысты жазған дәптері, электронды рулетка, 24 ойын автоматы, олардың кілті және 170 мың теңге мен 200 АҚШ доллары көлемінде ақша тәркіленген.

Әр елдің заңы басқа...

Жасырын ойынхана бизнесімен әлем елдері жабылып күрессе де, тамырына балта шаба алмай келе жатқаны қынжылтады. АҚШ-та ойынханаларды лицензиялау жүйесі қатаң бақылауға алынған. Ондағы мақсат – орынсыз бәсекелестікке жол бермеу. Ал Эстонияда лицензия бағасы 120 мыңнан 1 млн еуроға дейін өсірілді. Латвияда құмар ойын ошақтары орналасқан аумақтан тыс жерде оларды жарнамалауға рұқсат жоқ. Мексикада, Сауд Арабиясында, тағы басқа мұсылман елдерінде ойын бизнесіне мүлде тыйым салынған. 1997 жылы Түркия үкіметі казино индустриясын мүлдем жою туралы шешім қабылдады. Кейінірек кей жерде туристерге ғана арналған казино қызметі мақұлданды. Қытайда ойын бизнесін жүргізуге Макао ерекше аумағынан басқа жерде тыйым салынған. Бұл тәртіпті бұзғандарға үлкен көлемде айыппұл, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Литвада барлық лицензияны құмар ойындарын қадағалау жөніндегі комиссия береді. Алайда, ойын ордасын рәсімдеу тәртібі тек қана лицензия алумен бітпейді. Мысалы, тотализаторды немесе бәс тігуді ұйымдастыруға лицензиясы бар нысан қадағалау жөніндегі комиссия ойын регламентін бекіткеннен кейін ғана ойын қызметін жүзеге асыра алады. Құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыратын нысандар басқа шаруашылық-коммерциялық қызметпен айналысу құқығынан айырылады, ал олар жалға алған мекемелер тек қана құмар ойындарын ұйымдастыру үшін қолданыла алады. Литвада казиноларға, бинго салондарына және ойын автоматтары залдарына қойылатын басты талаптың бірі – жеке кірісі бар бөлек үй-жайдың болуы. Сонымен бірге, казиноларда, бинго салондарында орналасқан жабдықтар ойынның үздіксіз процесін жазып алады, тұрақты жарықтандырылады және ойын барысын үздіксіз жұмыс істейтін цифрлы бейнекамераға түсіріледі. Талап бойынша бейнетүсірілімнің цифрлы жүйесі әрбір үстелге орнатылуы керек. Венгрияның заңнамасы да ойын бизнесін дөңгелеткендерді бастан сипамайды. Мұнда шетелде ұйымдастырылатын құмар ойындарына делдалдық қатысу, оларды ұйымдастыру, жүзеге асыру және шетелдегі құмар ойындарын жарнамалау, насихаттауға тыйым салынған.

Лудомания дегеніміз не?

Құмар ойындармен күрес мәселесі ақхалаттылардың да бас ауруына айналған. Өйткені ойынға тәуелділік психологиялық дертке жатады. Медицинада аурудың бұл түрін «лудомания» деп атайды. Оның «гэмблинг» деген тағы бір атауы бар. Дәрігерлердің айтуынша, дерттің үш сатысы болады. Біріншісі әлеуметтік ұтыс сатысы деп аталады. Бұл кезде адам ойынға қатысып, үлкен қаржыға ие болады. Екіншісі, қарқынды ұтыс сатысында адамдар жеке ойнай бастайды. Тапқан табысын мақтаныш тұтады да, ойынды тоқтатуға қабілетсіздік танытады. Одан кейін қарызға бата бастайды да, оны төлей алмайды. Отбасында жанжалдар басталады. Ешкіммен араласпайды, тез шаршайды. Жалпы, бұл уақытта адамның тұлғасы өзгереді. Үшіншісі, түңілу сатысында отбасынан айырылады, достарынан алыстайды, үрейленеді, өкінеді, тіккен ақшасы бұрынғыдан да үлкен мөлшерде болады. Мұның барлығы жүйкеге әсер етеді. Науқас енді өз-өзін психологиялық жағынан тежей алмайды. Мамандардың айтуынша, мұның соңы көп жағдайда суицидке алып келеді. – Лудомания дертінің деңгейі маскүнемдік және наша­қорлықпен теңестіріледі. Аталған екі дерттен айырмашылы белгілері алғашқы уақытта байқалмайды. Оның алғашқы белгілері – құмар ойыншының көңіл-күйінің болмайтындығы. Ойын­нан ұтылғанда бәрінен түңіледі. Бұдан кейін, ойынға тәуелді адамның өмірінде ең ауыр кезең­дер басталады. Ол жас болса, ата-анасының қалтасынан, ересек адамдар отбасынан, жұмысынан ақша ұрлауды бастайды. Құмарлықтың соңы дертке ұласады. Қарыз бен өтірік оның серігіне айналады. Диспансерге «лудомания» дертімен өз еркімен емделуге келетіндер аз. Туған-туыстарының көмегімен алып келгенде нарколог, психотерапевт, психолог-дәрігердің бірлескен көмегімен емдейді. Науқас диспансерде стационарлық ем алады. Дәрігерлер олармен жеке сөйлеседі, тренингтер өткізеді, отбасылық, топтық терапия жүргізеді, – дейді нарколог-дәрігері Сәуле Айдарова.

Шариғат не дейді?

Адамды өзіне тәуелді ететін ойындарға әуестену шариғатта да құпталмайды. Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, қасиетті Құран кәрімде құмар ойындарының адамды мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, айналасына, қоғамға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған. Ойын автоматтарына барып ойнау біріншіден уақыттың қадірін жоғалту және ысырап болса, екіншіден, жүйкеге зиян. Ойынға араласқан әрбір ойыншының мақсаты – тек қана жеңу, ұту. Ал ұтыстың тек бір адамға ғана тиесілі болатыны белгілі. Жеңіліс тапқандар ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына мас болып, түрлі арам етілген ойларға ерік береді. Ал ұтқан адам болса, тапқан қаражатына қанағаттанбай, ақшам көбейген үстіне көбейе берсе деп ойлайды. Яғни, құмар ойындары адамның дүниеге құнығуына тікелей ықпал етеді. – Ислам діні құмар ойындарды тыйып, оған шектеу қоймайды. Бірақ адамды өзіне тәуелді ететін ойындарды лағынеттеп, харам етеді. Оған Алла Тағаланың мына сөзі дәлел: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен сақтаныңдар» (Мәида сүресі, 90-аят). Мұнда Жаратушы иеміз құмарды ең үлкен күнәлардың қатарына қосып отыр. Сол себепті де құмар ойындары ібілістің істерінен екені еш шүбәсіз. Негізінде, Ислам діні әр мұсылманды Алланың көрсеткен жолымен өз ризығын тауып, адал ас ішіп, иманның кәусардай таза бұлағынан сусындауды қалайды. Ал, құмар ойындар адамды еңбек етуден тыйып, оны бос армандарға жетелеп қояды. Алланың алдындағы, қоғам, өзі мен отбасы алдындағы жауапкершілікті ұмытады. Мәселен, қазіргі таңдағы лотерея ойындары. Көптеп тараған бұл ойындар адамды бос қиялға елітеді. Жұмыстан тыйып, айналаңды ұмыттырады. Ақшаңды далаға шашады. «Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып­, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» (Мәида сүресі, 91-аят) делінген қасиетті Құранда. Яғни, құмар ойындары дос демей, туыс демей араға дұшпандық ой салады, Алла Тағаланы еске алудан, намаздан тыяды, – дейді дін қызметкері Асқар Жұбанов. Түйін: Заңның өзі тосқауыл бола алмай тұрғанда біздің шимайымыз харам құмарлықты нәсібім деп жүргендердің санасына сілкініс бола алмас, сірә. Алдап-арбауға тез түсетін еліткіш жастарға оймақтай ой тастасақ, олжамыздың үлкені сол. Қапшағайда қона жатып, Шортандыны шулататын ойынқұмарлардың отбасында береке, тірлігінде тұрақтылық, сөзінде шүкірлік, көкейінде қанағат, жүрегінде сабыр болмайтынын қаперде ұстасақ екен. Уақыт пен денсаулық дейтін ең басты байлықты сарп етуге тұрмайтын кесел адамның бүкіл өмірін өксітетінін ұмытпайық.