Мәдина Омарова: Шығармамды Гер-ағаның рухына бағыштадым

Мәдина Омарова: Шығармамды Гер-ағаның рухына бағыштадым

Мәдина Омарова:  Шығармамды Гер-ағаның  рухына бағыштадым
ашық дереккөзі
Мәдина Омарова – М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының драматургы. Өткен жылы осы автордың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ақтастағы Ахико» атты драмасын көрдік. Қоғамда үлкен резонанс тудырған спектакль көрермен мен сала мамандарының жоғары бағасын алды. Қазір «Ақтастағы Ахико» театрда аншлагпен жүріп жатқан қойылымдардың бірі. Ертең театр сахнасында Мәдина Омарованың кезекті пьесасы – «Көмбе нанның дәмі» өнерсүйер қауымның назарына ұсынылмақ. Қоюшы режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева. Тұсаукесер алдында шығарма авторымен аз-кем тілдескен едік. –  «Көмбе нанның дәмі» соғыс уақытындағы тыл өмірі жайлы шығарма деп естіп жатырмыз. Пьеса театр тапсырмасы бойынша жазылды ма, әлде бұл тақырыпқа өз бастамаңызбен бардыңыз ба? –  «Көмбе нанның дәмі» – театр басшылығының тапсырысы. Елбасының қазіргі ұстанып отырған саясатына орай ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісімді нығайтуды мақсат ететін, қазақтың өзіне ғана тән ұлттық қасиеттері жайлы баяндайтын қойылым. Өзімнің өмірлік ұстанымыма сәйкес болған соң, идея жат болған жоқ. Барлық ынтам мен парасат-пайымымды сала отырып жазып шықтым. Тақырып ұнады, оң жамбасқа келді. «Көмбе нанның дәмі» соғыс уақытындағы тылда қалған қазақтың бір ауылының жай-күйін суреттейді. Шығармаға сталиндік заманның ерекше қатыгездігінің бір көрінісі – депортациялау тақырыбы өзек болды. Қазақтың ауылы, аштықтан, репрессиядан енді есін жия бергенде соғыс келіп киліккен,  арқасүйер ер-азаматтар майданға кетіп, қаңырап қалған ауылға әкеліп, өзге ұлт өкілдерін төгеді. Орыстың өзінен шошитын қазақ ауылы үшін шешен, кәріс, неміс, түрік дегеніңіз, әрине,  ел естіп, көз көрмеген қорқыныш. Біз сол кездегі өмірді әсерлемей, әдемілемей сол қалпында беруге тырыстық. Адам мен адамның, ұлт пен ұлттың бірін-бірі қабылдауы, бірте-бірте сіңісіп, бір ауылдың адамына айналу жайын әңгіме еттік. – Сол кездегі өмірді сол қал­пында бердік дейсіз. Қандай дерек­көзге сүйендіңіз? Елесі де қалмаған ескі заманды қалай тірілттіңіз? – Жазушы интуициясы деген болады, әлдебір дәуірдің тіршілігін тірілту кезінде сол түйсік іске қосылады. Әдетте. Содан кейін гендік жады (генная память) деген бар. Ол заманды сіз бен біздің ата-әжелеріміз бастан өткерді. Әрқайсымызда сол кісілердің қаны, қанымен бірге жады бар. Кішкене ішке үңіліп, назар салсаңыз, ақырындап сыр шерте бастайды. Тек тыңдай білу керек. Бұдан басқа, әрине, интернет. Сол заман жайлы көптеген деректі фильмдер көрдім, кітаптар оқыдым. Көп жағдайда, әсіресе, өзге халықтардың тағдырын суреттегенде сол ұлт өкілдерінің өздерінің естеліктері  көмектесті. Қазір Қазақстаннан қоныс аударып кетсе де, әлі де қазақ халқына деген алғысы зор, ризашылықтары өлшеусіз. Тіпті қазақ елінің қамқорлығы арқасында жандары қалып, өз отандарына оралған ата-әжелерінің әңгімесін естіп өскен немерелері қазақ халқына арнап өлеңдер жазған екен. Көп материал қарадым. Тағы да өз ұлтым үшін мақтандым. Толқыдым. Және, әрине, сол замандағы, сол жылдардағы қазақтың өз тағдырын айналып өту еш мүмкін болмады. Спектакльдің көп бөлігі қазақ деген феноменнің психологиясын ашуға, өмір салтын, философиясын беруге арналды. Енді не шықса да көресіздер. Өздеріңіз бағасын бересіздер. «Көмбе нанның дәміне» қатысты қадап айтқым келетін бір нәрсе – мен бұл пьесаны жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері Герольд Бельгердің рухына бағыштап жаздым. Пьесада Неміс шал деген кейіпкер бар, есімі – Гер аға, Герольд.  Герольд Бельгер маған Қазақстанға депортацияланып келген барлық ұлттардың жиынтық образы, символы сияқты көрінеді. Қазақтың төл ұлына айналған, Қазақстанға ақтық демі үзілгенше адал болып өткен немістің асыл азаматы Гер-ағаның әруағы риза болсын. –  Спектакльдің дайындығына жиі қатысасыз ба? Драматург ре­тінде режиссермен, актермен  жұмыс істеу барысында алдың­ыз­дан қандай қиындықтар шықты? – Маған спектакльдің дайын­дығына қатысу өте қиын. Театрдың ішкі асханасын білмейтін адам қойылым қою дегеннің қандай машақатты іс екенін бағамдай бермейді. Әрбір кішкентай ғана мизансценаны (мысалы, актердің сахнаға шыға келуін) қырық рет қайталағанда ішім пысқаннан кіретін тесік таппай қаламын. Қырық рет дегенім бер жағы, көрініс мінсіз шығуы үшін кейде жүз рет қайталауы мүмкін. Жарық қою деген машақаты және бар. Дүниедегі режиссер біткенге алтыннан ескерт­кіш қойса, артықтық етпес еді. Себебі олар жанын жалдап жұмыс істейтін мамандар. Дайындыққа қатысу қиын бол­са да, соңына дейін отыруға тура келеді. Мәтіннің дәлдігін қадағалаймын. Себебі кейде актер сөзді ұмытып қалып, өз сөзімен айтып жібереді. Ондайда «дұрыс жаза алмайды, тілі қарабайыр» деген қаңқу сөз автордың атына күйе болып жағылады. Соған жол бермес үшін, актердің мәтінді бірден дұрыс жаттап дағдылануына мән беремін. Пьесада басы артық сөз жоқ. Оқиға, сөз, қимыл – бәрі қабысып тұрады. Кейіпкердің аузына салатын әр сөзге мән беремін. Бір сөз түсіп қалса немесе ауысып кетсе, орны одыраяды да қалады. Сөз көп, сурет қою болса, гипноздалған халық мәтінге онша мән бермейді. Ондай жағдайлар жеңіл сияқты көрінеді. «Көмбе нанның дәмін» сахналап жатқан режиссер Алма Кәкішева – өзі ісінің нағыз маманы. Қазақтың маңдайына біткен әйел режиссерлер көп емес, олар да ұшқыштар тәрізді санаулы ғана. Солардың бірегейі Алма Кәкішева деп білемін. Оның дүниетанымы, терең парасаты мен түйсігі, өзінің ұлтына деген шексіз махаббаты – мен үшін үлкен мектеп. Осындай кісінің қасында жүріп, өз шығармамды сахналау процесіне куә болу – Алланың маған жіберген рақымшылықтарының бірі деп санаймын. –  Эксприментсіз өнер өспейді деп жатады. Сіздің пікіріңіз қан­дай? –  Әрине, эксперимент керек. Онсыз өрлеу, өзгеру болмайды ғой. Театрға ғана емес қоғам өмірінің барлық саласы – әдебиет, ғылым-білім, өндіріс, экономика, тіпті саясат та жаңа тәжірибе, тың ізденіссіз алға баспайды. Сондықтан эксперименттен қорықпау керек. Сынап көріп, електен өткізгеннен кейін керегін алып, кәдеге жарамайтынын пайдаланбай-ақ қоюға болады. –  Әдебиет порталына бер­ген сұхбатыңызда он шақты пьеса жаздым деп едіңіз. Қазақ  драма­тур­гиясына  жаңалық әкелдім деп есептейсіз бе? –  Өзіме-өзім қалай баға бере аламын? Драматургияға жаңалық әкелдім десем, болдым, толдым дегеннің белгісі болмай ма? Біреуден артық, біреуден кем, мүмкіндігім, қарым-қабілетім жеткенше еңбектеніп жатырмын. Бүгінгі жазғаным кешегіден мазмұндырақ, тұшымдырақ болса ғана қуанамын. – Байқауымша, бүгінгі сыншы­лар қауымына өкпеңіз бар секілді... – Ешкімге өкпем жоқ. Өкпелесем, өкпелеткен адамға дереу айтып тастаймын. Біреуге ұзақ уақыт ренжіп жүру, кек сақтау – табиғатымда жоқ әдет. – Драматург болу қанмен бері­летін дарын ба әлде ілім-білім арқылы даритын өнер ме? – Бұрын проза ғана жазып жүрдім. Драматургия жанрында қалам тербеу  туралы ой болған емес. Сол кезде сыншы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова «саған пьеса жазу керек», «сенің стилің драматургияға сұранып тұр», «сенен мықты драматург шығады» деп үнемі айтатын. Драматургия деген не өзі деп, Чеховтың драмаларын алып, бұрынғыдай емес, басқа көзбен, мен жазсам қалай жазар едім деген ракурста оқып шықтым. Содан кейін ең алғашқы пьесамды (бес беттен тұрады) жаздым.  Егер Әлия Бөпежанова прозадағы қолтаңбамнан драматургиялық нышандар байқаса, адам драматург болып туатын шығар деген ойдамын. Танымал прозаик болу мақсатын (Милорад Павич, Хемингуэй, Фазиль Искандер деңгейінде) әлі ойымнан шығарған жоқпын. Бірақ Әлия апай «сенен мықты прозаик шығады» деген жоқ қой... Неге екенін білмеймін. – Сіздің шығармашылы­ғы­ңызға ықпал еткен жазушылар бар ма? – Драматургияда – А.Чехов, Жан Ануй, Шекспир (экранизациялары). Прозада – М.Булгаков («Мастер және Маргарита»), Қалихан Ысқақов, Ильф пен Петров  сүйікті авторларым. – Сұхбатыңызға рахмет!  

Сұхбаттасқан

Қолғанат Мұрат