Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның Мажарстандағы елшісі болып тағайындалды
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Абзал Сапарбекұлы Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды», - делінген құжатта.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Жәнібек Жарасқан-ұлы Әбдрашов Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды.
Абзал Сапарбекұлы 1975 жылғы тамызда Жамбыл облысының Қайрат ауылында туған. 1999 жылы Орта-Шығыс техникалық университетін (Түркия) бітірді.
Еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласындағы «Окан-Интер-Континенталь» қонақ үйінің аудиторы ретінде бастаған.
Өзінің дипломатиялық қызметін 2000 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты ынтымақтастық департаментінің Таяу және Орта Шығыс, Мағриб және Африка бөлімінің референті лауазымда бастады.
2003-2008 жылдар аралығында Түркиядағы ҚР Елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшысы лауазымдарында қызмет етті.
2008 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Халықаралық ынтымақтастық және протокол департаментінің директоры болып тағайындалды.
2008-2011 жылдары Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі ретінде қызметін атқарды.
2011-2017 жылдары Ыстанбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының директоры, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Бас хатшысының орынбасары болған.
2017-2022 жылдары Қазақстанның Түркиядағы Елшісі және Албаниядағы Елшісі қызметін қоса атқарушысы болған.
2022-2024 жылдары «Отандастар» қорын басқарды.
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2024 жылғы мамыр айынан бастап ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болды.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Түрік және ағылшын тілін меңгерген.