Астана – жүрегім

Астананың 26 жылдығына орай қала әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған 100-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырды.

Астана – жүрегім
www.istockphoto.com
382

Астананың 26 жылдығына орай қала әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған 100-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, концерттік бағдарламалар, фестивальдар, спорттық турнирлер, түрлі конкурстар өткізілді. 

Сондай мерекелік шаралардың бірі – Астана күніне орай елорданың бес ауданында эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Астана – жүрегім» атты концерттік бағдарламасы. Есіл ауданы бойынша сағат 11.00-де «Пригородный» тұрғын алабында басталған концерт «Бәйтерек» монументінің аумағында жалғасты. Салтанатты думанда этно-ансамбльдер, Қазақстан эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Медет және Клара Салықовтар, Бауыржан Исаев, Гүлнұр Оразымбетова, Ақтоты Болышева, Мәди Қады­ров және өзге де әншілер өнер көрсетті. 
Елорданың басты символы «Бәйтеректің» жанында ұйымдастырылған концерт көптің көңілінен шықты. Жиналған жұрт сүйікті әнші­лерінің өнерін тамашалап, қосыла ән шырқап, әуенмен тербеліп билеп тұрды. Бас қалаға Алма­тыдан қыдырып келген Нұрсая Ра­хан Астана­ның көркіне көзі тоймай тұрға­нын жасырмады. 
– Өзім Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Отар стансасында туып өстім. Оқушы кезімде Алматыға ғашық болдым, жоғары оқу орнын сол қалада тәмамдадым. Кейін жұмысқа араласқан кезде Астанаға қоныс аудардым. Бір жарым жылдай осы жақта жұмыс істедім. Кейін Алматы, Қызылорда қалаларына ауысқаныммен, Астанаға аңсарым ауып тұратын. Бір айдан астам уақыт бұрын ұлым екеуміз Астанаға ем алуға келдік те, қаланың ұнағаны соншама осы жақтан жұмыс тауып, ұлымды мектепке орна­ластырып, көшіп келдік. Енді астаналық болып, жұмыс істеп, осы жақтан пәтер сатып алуды жос­парлап жүрмін. Астана қатты өзгерген. Бұрын мен көрген Астана басқаша болатын, ал қазір мүлдем ерекше, сұлу, паң, маңғаз, айбынды қалаға айналыпты. Осы қаланың бір бөлшегі болғаныма қуанамын. Қала күніне орай өткі­зіліп жатқан біршама іс-шараға қатыстық, қала­ның мәдениетімен, адамдарымен танысып жатырмын. Астана күнін жыл сайын осылай шат-шадыман көңіл күймен қарсы алайық деп тілек білдіргім келеді, – дейді Нұрсая Рахан.
Бас қаланың қалыптасуы мен дамуына қаланың байырғы тұрғындарымен қатар басқа қаладан қоныс аударған мамандардың алар орны ерекше. Әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар қаланың дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқаны анық. 1,5 млн-ға жуық тұрғыны бар Астана халқының одан ары көбеюі, қаланың көркеюі, инфрақұрылымының дамуы еліміздің гүлденуіне тікелей әсер етеді. 
Астана күніне орай арнайы келген қонақ­тардың бірі – қызылордалық Жадыра Тухли­баева. Елорданы дәл осы 6 шілдеге қарай тама­шалауға келгеніне қуанышты. 
– Астанаға 2-3 жыл бұрын күзде келген едік. Күн райы салқын болғандықтан, қаланы емін-еркін аралай алмадық. Биыл бас қаланы тамаша­лауға әдейі 6 шілдеге орай келдік. Қала тұрғындары мен қонақтарға арналған түрлі іс-шараларға қатысып жатырмыз. Бәрі ұнады. Әсіресе, кон­церттік бағдарламалар жақсы ұйымдас­тырылған. Теледидардан көретін сүйікті әнші­лерімізді бетпе-бет көрдік, әндерін қосыла шырқадық.
Өзім көпбалалы анамын. Бұйыртса, Аста­надан да үй алып, балаларымның болашағын бас қаламен байланыстырғым келеді. Арма­ным – Астанаға қоныс аудару. Өйткені Астана жастардың, білім мен ғылымның, табыс пен бизнестің қаласы. Суығына шыдап, ыстығына төзіп бас қаланың бақытты тұрғыны болатын күнді асыға күтіп жүрмін, – деді Жадыра. 
Расында, ширек ғасыр уақыт аралығында әлемге танылған Астана бүгінде әр қазақтың арманына айналғандай. Астана – әсемдігі мен қолайлылығы жағынан көптің көңілінен шығып, лайықты бағасын алған қала. Бүгінде шетелден келетін туристер саны да жыл сайын артып келеді. Бас қалаға қызығушылар саны мұнымен тоқтамақ емес. Жыл өткен сайын астана ажарланып, сұлулана түсері анық.

 А.Жолдасбекқызы

Серіктес жаңалықтары