Қызылордада 9 жастағы бала бассейнге құлап кеткен сәбиді құтқарып қалды

Қызылордада 4-сынып оқушысы бассейнге құлап кеткен сәбиді құтқарды.

Қызылордада 9 жастағы бала бассейнге құлап кеткен сәбиді құтқарып қалды
675

Қызылордада бассейнге құлап кеткен екі жастағы інісін құтқарып қалған 4-сынып оқушысы Айсұлтан Хұсайынға облыстық төтенше жағдайлар департаменті алғыс білдірді, деп хабарлады turkystan.kz порталы inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Айсұлтанның отбасы ағайындардың басын қосып, саяжайда ас берген. Сол жерде ересектерге арналған суға түсетін орында екі жастағы Хантөре байқаусызда суға түсіп кеткен.

Оқиғаның қалай болғанын Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев айтып берді.

"Ата-анасының бақылап отырғанына қарамастан екі жастағы Хантөре абайсызда ересектерге арналған бассейнге құлап кетті. Ол су түбіне кете бастаған кезде сол жерде тұрған 1-сынып оқушысы Жансұлтан айқайлап, үлкендерді көмекке шақырады. Сол сәтте Айсұлтан дереу суға секіріп, Хантөрені құтқарып қалды. Балаларға арналған үрлемелі баллонға салып жағаға алып шығып, сол жерге келген ата-анасының қолына табыстады. Уақытылы, дәл, сапалы көрсетілген көмектің арқасында кішкентай Хантөреге медициналық көмектің қажеті болмады", - дейді Хұсайын Қоразбаев.

Айсұлтан – тоғыз жаста, егіздің сыңары, Ерсұлтан есімді бауыры бар. Олар – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған "Мұрагер" мектебінің 4-сыныбында оқиды. Екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта "Еуразия" спорт кешенінің жүзу секциясына, шахмат клубына барады. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Айсұлтанның ерлігін жоғары бағалап, оған алғыс білдірді. 

Серіктес жаңалықтары